Алаңдауға еш негіз жоқ
Пластик шөлмектерге құйылған сыраны сатуға салынған тыйым дайын өнімre және оны құюмен айналысатын сауда нүктелеріне еш қатысы жоқ. Бұл туралы Қостанай облысының Кәсіпкерлер палатасында өткен брифингте мәлім болды.
Бұған дейін салық органдары тарапынан алкоголь өнімдерін бөлшек саудаға шығарып келген кәсіпкерлерге хат жолданған болатын. Онда пластиктен жасалған құтыларға сыра құйып сатуға болмайтындығы ескертіліпті. Мұндай уәжбен келіспеген кәсіпкерлер Өңірлік палатаға жүгініп, жағдайды түсіндіріп беруді өтінді.
"Біздің фирма шамамен облыстағы 800 дүкенге сыра тасымалдайды. Егер сыра кегаларда, пластик шөлмектер арқылы сатуға тыйым салынса, онда бұл Қостанай сыра зауытының жабылуына және сәйкесінше, дүкендердің шығындануына әкеп соғады, – дейді "Арасан" фирмасы" ЖШС директоры Алексей Ефремов.
Дегенмен, кәсіпкерлердің алаңдауына аса бір себеп жоқ. Облыстық кәсіпкер палатасының сарапшылары салық қызметінің хаттары тек түсіндірмелі сипатта екенін және ешқандай процессуалды іс-әрекеттерді көздемейтінін мәлімдеді.
– Негізі, акциздік марка мен штрих-коды бар пластик шөлмектерге құйылған сыраны ғана тыйым салынады. Ал егер тұтынушыға шөлмекті бір бөлімде сатып, сыраны екінші бөлімде құйса, оған еш кедергі жоқ, – деді облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Самат Сәдуақасов.
Әлібек
ЫБЫРАЙ