Даму индексі: жастарға жарқын бағдар

     Жастардың даму индексінің енгізілуі олардың қоғамдық-саяси процестерге белсене қатысуын арттыруға ықпал етеді.
    Кез келген мемлекеттің дамуының негізін бүгінгі жастардың әлеуеті айқындайтыны сөзсіз. Дамыған елдердің тәжірибесіне, халықаралық әдістемеге сүйеніп, Қазақстанда жастардың даму индексінің енгізілуі әлемде қалыптасқан үрдіс және ел жастары үшін де, мемлекет үшін де маңызы үлкен болмақ.
     Бұл мемлекеттік жастар саясатын іске асыруда елдегі халық санының ауқымды үштен бір бөлігіне жуық үлесті құрайтын 14-35 жастағы азаматтардың білім беру, денсаулық сақтау жұмыспен қамту, саяси-азаматтық қатысу сияқты бағыттар бойынша мемлекеттік қолдау жүйелерінің тиімділігін, олардың дамуы мен әл-ауқатының деңгейін кешенді зерттеуге көңіл бөлуге әкеледі.
    Біріншіден, әсіресе, аймақтар мен өңірлерде, ауылдық елді мекендерде көптеген жылдар бойы осы санатқа жатпағандықтан мемлекеттік бағдарламалардан мен қолдаудан тыс қалып келген жастар мен жас отбасыларына биліктің жіті назар аударуына әкелмек. Елдегі және өңірлік деңгейдегі тиісті жастардың жағдайын талдауға, жастар саясаты саласындағы нақты проблемалық бағыттарды анықтау және тиімді шешімдерді қабылдауға, тиісті ұсыныстар енгізуге ықпал етуі тиіс. Нақ осы топтың проблемаларының қордалануы Қаңтар оқиғасы кезінде жастарды көшеге шығарғаны белгілі.
     Екіншіден, өңірлердегі жастар саясатын бір жүйеге келтіруге және оған жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін арттыруға ықпал етуі тиіс. Сондай-ақ жергілікті органдардың жастар саясатын жүзеге асырудағы жұмысын жастардың даму индексімен бағалайтын болады.
    Үшіншіден, жастардың даму индексінің енгізілуі қоғамдық-саяси процесстерге жастардың саяси-азаматтық белсенділік деңгейін арттыруға және Қазақстанның жастар саясаты саласындағы халықаралық рейтингін көтеруге қызмет етпек.
    Төртіншіден, Қазақстаннның жақын және алыс болашақта еңбек нарығын, бәсекеге қабілеттілігін зерттеуге, болжам жасауға, мемлекеттік маңызды шешімдердің қабылдануына, түзетулер енгізуіне ықпалын тигізетін стратегиялық маңызға ие.
Сайып келгенде елімізде жастардың даму индексінің енгізілуі жастардың әл-ауқатын және мемлекеттік жастар саясатын іске асыру тиімділігін өлшеудің маңызды құралына айналатыны анық.
Төлеу ПАНИЯЗ,
саясаттанушы, әлеуметтік ғылымдар магистрі.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓