Маңызды бастамалар жүзеге асырылады
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асқанына екі жылдан астам уақыт өтті. Осы уақыт ішінде облысымызда қоғамдық сананы жаңғырту бағытында түрлі жобалар қолға алынып, ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Осы мақсатта жыл сайын іс-шаралар жоспары әзірленеді. Әр тоқсан сайын облыс әкімдігінің жанындағы консультативті кеңесші орган қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасының сараптамалық кеңесінің мәжілісі өтіп тұрады. Бұл жолы да облыс әкімінің орынбасары М.Жүндібаев бастаған кеңес мүшелері бас қосып, бағдарлама аясында атқарылған істерді талқылап, келешекте қолға алынатын бастамаларды қарастырды.
Қостанай облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын дәріптеу мақсатында «Туған жер» арнайы жобасы жұмыс істейді. «Атамекен» бағдарламасы аясында 4 жоба қалға алынған. «Көркейе бер, Қостанай!», «Жомарт жүрек», «Рахмет саған, туған ел!» және облыстық ресурстық орталық.
–Биылғы жылы өңірді дамыту мақсатында «Көркейе бер, Қостанай!» жобасы аясында меценаттарды тарта отырып 5 млрд 693 млн теңгеге 182 жоба жүзеге асырылады деп жоспарлануда. Соның ішінде 137 жоба аяқталып үлгерген. Бұл бастамалардың дені халықтың әл ауқатын жақсартуды көздейді. Осы жылы облыстың 14 өңірінде 29 балалар алаңқайы салынған. Оның сыртында саябақтар қалпына келтіріліп, қаншама мектеп жөндеуден өтіп, робототехника кабинеттері ашылды. Соңғы үш жыл ішінде облыста 471 жоба жүзеге асып, 10 млрд теңгеден астам қаржы игерілген. Әлеуметтік жобаларды игеруге үлес қосқан меценаттардың да қатары артып келеді. Ал «Атамекен» бағдарламасы бойынша «Рахмет саған, туған ел!» жобасы былтырғы жылдан қолға алынған. Өлкеміздің танымал тұлғаларымен кездесу кештері өтті. Енді алдағы желтоқсан айына дейін әр өңір осы бағдарламаға сай өз ұсыныстарын ұсынулары қажет, – деді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы З.Бәйменова.
Жастар арасында да, ҮЕҰ бойынша да «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан істер аз емес. Соның бірқатарын А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ проректоры Ә.Бекмағанбетов баяндай кетті.
–Атқарылған жұмыстар көңіл көншітерлік. Мецентаттардың қатарының да артып келе жатқаны қуантады. Әр ауданда ауыз толтырып айтарлықтай істер де баршылық. Қолға алған іске қанша қаражат бөлінсе де бастысы бастамалардың маңызды болғаны дұрыс. Келер жылы еріктілер жылы деп отырмыз. Мұны да тиімді пайдалан білгеніміз жөн. Әр салада көрнекті істерді жүзеге асыруды ойлауымыз керек. Бұл орайда мемлекеттік тапсырыспен де жұмыс істеуге болады. Мысалы, Науырзым ауданы киіз үй лагерін қолға алуды ұсынған еді. Меніңше бұл тамаша бастама. Балалар үшін қызықты болады деп ойлаймын. Ендігі жерде келер жылға деген нақты ұсыныстар желтоқсан айына дейін әзір болуы тиісті. – деді М.Жүндібаев.
Отырыста орынды ұсыныстар айтып, түрлі жобалар ұсынғандар да болды. Оның қай-қайсысы болмасын қызық әрі қолдауға тұрарлық. Ендігі жерде мұндай бастамалар сараланып, әлі де пысықталады.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ