Ел бірлігін жырға қосқан
Осымен бесінші рет ұйымдастырылып отырған додаға қолына қалам ұстаған талапты ақындар қатысты. Ересектер мен жастар арасында да үміткерлер аз болмады. Бәрінің жырға арқау еткені бір тақырып. Ол – Отан, ел бірлігі, ұлттар арасындағы достық. Ал ұйымдастырушылар жыл сайын жаңа есімдердің танылуына жол ашып келеді.
Бұл жолы да тілек білдірген, қауырсын қанат ақындардың көптігі байқалды. Облыстың әр түкпірінен байқауға қатысқысы келгендер жүректен шыққан жырларын жолдаған. Қазылар алқасының сынына алынып, сынақтан өткендер ғана жеңімпаз деп танылды.
Сонымен ересектер арасында бірінші орынды Арқалық қаласынан Мұрат Жүнісұлы алды. Арқалық қаласындағы меншікті тілшімізді шын жүректен құттықтаймыз. Екінші және үшінші орыннан жітіқаралық Ғалами Ғазизұлы мен сарыкөлдік Руслан Әлкеев көрінді. Руслан да газеттің Сарыкөл ауданындағы меншікті тілшісі екенін мақтанышпен айта кеткеніміз жөн болар.
Ал жастар арасында бірінші орынға Ы.Алтынсарин мектебінің оқушысы Іңкәр Қасымова лайық деп табылды. Екінші, үшінші орындарды қаламыздың жастары Рахат Сейілхан мен Ману Мансарина алды. Сонымен қатар Назерке Жұмақанның жырлары ерекшелігімен еленіп, "Жыл жаңалығы" номинациясында бағаланды. Ал Кәрібай Ерсұлтанның асқақ еліміз туралы жазған өлеңдері "Ел мақтаны" номинациясында мадақталды.
Айтолқын
АЙҚАДАМОВА