Мұғалім оқушы қызға қол көтерді
Қостанайда мұғалім оқушы қызға сабақ үстінде қол көтерген, – деп хабарлайды "Тенгри ньюс". Мамандандырылған әкімшілік сотта Қостанай мектептерінің бірінде мұғалімнің оқушыны ұрып-соғу ісі қаралды. Мұғалім кәмелетке толмаған оқушы қызды қасақана ұрып, денесін ауыртқан.
"Мұғалім өз кінәсін мойындамаған, алайда сот отырысы барысында, оқиғаға куә болған кәмелетке толмаған оқушылар жәбірленуші қыздың жағына шығып, сыныптастарының сөзін сөйледі", – деді сот баспасөз қызметінің өкілдері.
Қостанай қалалық әкімшілік мамандандырылған сотының үкімімен мұғалім ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-бабы 1-бөлігі ("Ұрып-соғу") бойынша жауапкершілікке тартылды. Оған 10 АЕК (25250 теңге) айыппұл салынды.