Бақ қонған, ырыс дарыған Қарабатыр

Аты аңызға айналған Қарабатыр десе, осы серіктестіктің негізін қалаған Жәзит Құдайқұлдың есімі қатар жүреді. Елге ең алдымен өз саласының білікті маманы, ұйымдастыру қабілеті жоғары басшы ретінде белгілі еді. Өйткені, ойын алыстан орайтын жетекшінің бастаған ісін жерге қалдырмай, аяғына дейін жеткізе білетін қабілеті көпті таң қалдыратын. Әйтпесе, сонау тоқсаныншы жылдардың қиын-қыстау күндерінде Қарабатыр елі секілді диірмен тартып, наубайхана, сұйық май шығаратын, шұжық өндіретін цехтар ашып, түйеқұс өсірген, қысы-жазы қымыз бен шұбат сапырған, жыл бойы жылыжайдан көкөніс жинаған қай ауыл бар? Немесе сол уақытта облыс орталығынан анағұрлым шалғайдағы ауыл орталық қазандық жүйесімен жылытылып отырды дегенге кім сенеді? Мұның бәрі ертегідей көрінсе де, сөздің шыны – осы. Заман түзелді десек те, қазір көп ауылдар тіршілік нәріне зар болып отыр. Ал Қарабатырда жердің астынан құбыр жүйесі арқылы келетін тұщы су, тіпті, кеңес заманынан бері үзіліп көрген емес.IMG_20191031_113049
 
Моңғолиядан Қарабатырға немесе Қызылордадан Қарабатырға
Жәзит Кәрімұлы – ұлт жанашыры, заманымыздың нағыз патриоты еді. 1991 жылы сол кездегі Ворошилов кеңшарының директоры Моңғолияға өзі барып, ол жақтан алғашқы қазақ көшін Қостанай облысына бастап алып келді. Ауыл жанашыры сол жылдың күзінде ауылда қазақ мектебінің ашылуына тікелей мұрындық болды. Сөйтіп, келген ағайынның балалары ана тілімізде білім алу үшін қалалардағы интернаттарды жағаламай-ақ, үйде жүріп оқуға мүмкіндік алды. Ал ересектер де жұмыссыз қалған жоқ, олардың көбісі күні бүгінге дейін Қарабатыр орта мектебінде ұстаздық етіп келеді. Жәзит Кәрімұлы өмірінің соңғы жылдарында ауылды басқару жұмысын Мараттың қолына сеніп тапсырып, өзі ақылшы болып отырды әрі алыс-жақыннан қандастарды көшіріп әкелуді тоқтатқан жоқ.
– Бір күні әкем Қызылорда жеріне аласа машинамен кетіп барады екен. Ол уақытта тізесі ауырып, жүріп-тұруы қиындаған кез болатын. Сондағысы, ауылға Сыр елінің жұртшылығын көшіріп әкелу. «Ұшақпен неге бармайсыз?» дегенімізге қараған жоқ. Әкемнің көрегендігін енді түсіндім. Ол кісі ауылымызға алдымен алыс жерден болса да еңбек ететін азаматтарды көшіріп әкеліп, екінші жағы қазақыландырсам деген ойы болған екен. Ертеңгі күнін ойлағаны ғой, – деп Марат Жәзитұлы өткенді еске алды.
 
Тазалық пен тәртіп
Биыл егін және мал шаруашылығын қатар ұстап келе жатқан Қарабатыр диқандары ауа райының қолайсыздығына қарамастан, күзгі жиын-терімді жылдағыдай уақытылы аяқтады. Астықты жауын-шашынның астына қалдырмай, үсік шалдырмай қырманға тасып алу – басты міндет. Биыл 26 мың гектар алқаптың бидайы бір жарым центнерден айналып келді. Биыл ауа райының қолайсыздығына байланысты, егін жоқ деп айтсақ та болады. Оған қарап отырған жоқпыз, қазір мал басын көбейтуді қолға алдық. Оны асылдандыру соңғы бірнеше жылда тәуір қарқын алып келеді. Мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасына қатысып, қазақтың ақбас тұқымды ірі қара төлдерімен қан жаңарту жүргізілді. Қазір серіктестіктегі мал саны 800 бастан асып отыр. Алдағы уақытта да тұрқы ірі, тұрпатты, етті Зеңгі баба тұқымын көбейту жоспарда бар.DSCN5597
Малды өсіру бар, оның жем-шөбін жеткізу де қысы-жаз күн тәртібінде тұратын мәселе. Көктемдегі егістік науқаны аяқтала салысымен, диқандар мал азығын әзірлеу жұмыстарына кірісіп кетеді. Азық бір қысқа ғана емес, келер жылдарға жететіндей етіліп қор жиналады. Күзгі орақтан кейін келесі көктемге дайындық жұмыстары бар.
Қазір жас басшы Қарабатырды бір орнында ұстап отырмай, оны әлі де көркейтуге күш салып келеді. Соның бір көрінісі – ауыл шаруашылық техникаларын жаңарту жұмыстарын қолға алды. Мал қоралары жөнделіп, шатырлары қайта жабылып жатыр. Қарабатырда машина-трактор паркі, диірмен, қырман ауыл іргесі қаланғаннан бері жұмысын тоқтатқан емес. Биыл шетелдік жаңа 4 комбайн алынды. Төрт түлікті бағумен қатар, қысы-жазы қымызы мен шұбаты үзілмеген, республикада алғаш болып түйеқұс өсірген өңір. Серіктестік мектепке, қарттарға, аз қамтылған отбасыларға материалдық көмектерді үзбей көрсетумен келеді. Қоғамдық монша, фельдшерлік-дәрігерлік амбулатория, қонақ үйі, дүкен, балалар алаңы, балабақша, қауіпсіздік қызметі, мәдениет үйі, мешіт, шіркеу халық игілігі үшін жұмыс атқаруда. Тазалық пен тәртіпке бағынған.DSCN5586
Айтпақшы, тоқсаныншы жылдар басында Қарабатырдың республикадағы елді мекендер арасында алғашқылардың бірі болып Алланың үйін салғанын ел біледі. Имандылыққа бет бұруды ауыл жетекшісі өзі бастап, басқаларға үлгі етуде. Марат Құдайқұлов ақсақалдармен жиі бас қосып, елдік, діни мерекелер, дәстүріміздегі шараларды өткізуді ұмыт қалдырған емес.
 
Шалғайдағы ерекше мұражай
Қарабатырдың өлкетану мұражайы мен кітапханасы бір ғимаратта орналасқан. Дәлізден оңға бұрылсаң – мұражай, солға бұрылсаң – кітапхана.DSCN5480
            Мұражай меңгерушісі Бақыт Азбекова бізді осындай экспонаттармен таныстыра бастады. Кіреберістегі ені шағын оң қабырғаға Жәзит Құдайқұловтың жақын туыстарының портреттері ілініпті. Бұлардың қазір біреуі де жоқ. Осында сақталған құнды деректер мен жәдігерлер арқылы халық жадында мәңгі сақталады. Үлкен кресло тұр. Бұл еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2002 жылы Қамысты ауданына келгенде отырған креслосы екен. Одан әрі бұрынғы одақтас 15 республиканың туы, Құдайқұловтың өзі жазған кітабы, өзінің бюсті, алғашқы тың игерушілердің портреттері, солардың құжаттары, орден-медальдары, соғыс ардагерлерінің суреттері. Бұлардың ішінде қарабатырлық Ахметбек Құсдәулетов ақсақал да тұр. Бүгінде өмірден өткен. Соғысқа қатысқан қарабатырлықтардың майданда жазысқан хаттары да қойылған. Қарабатыр адамдарының осында сыйлаған сыйлықтары, Алтынсарин-Хромтау темір жолын салушылардың Жәзит Кәрімұлына сыйлаған каскасы, 40 литрлік самаурын, 130 жыл болған тары түйетін келі. 210 жыл бұрынғы насыбай істейтін тостаған, төңкеріске дейінгі жіп иіретін орыс станогы және басқа да түрлі заттар қойылған.           
DSCN5477
DSCN5474
DSCN5476Қарап отырсаңыз осының бәрі – тарих. Еріккеннің ермегі емес. Уақыт ауысады, ұрпақ алмасады. Келер ұрпақты осы ауылдың негізін кімдер қалағаны, алғашқы тың игерушілердің кімдер болғаны, ауылды кімдер басқарғаны, шаруашылықты дамытуға кімдердің еңбегі сіңгендігі және басқа да сауалдар толғандыратын болса, оған жауапты алыстан іздеп жатпайды.IMG_20191031_105848
 
            Балалардың қуанышында шек жоқ
Жақында Қарабатыр ауылында балаларға арналған ойын алаңы салынды. Бүлдіршіндерге мұндай сыйлықты тағы да «Қарабатыр» Агрофирмасы» ЖШС директоры Марат Құдайқұлов тарту етіпті.IMG_20191031_110133
 -Серіктестігіміздің негізін қалаған әкем Жәзит Кәрімұлы ауылдің еңсесін тіктеп, шаруашылықты көтерумен қатар, елді мекен ішін абаттандыруға көп күш салды. Жастардың спортпен шұғылдануы, өнер-мәдениет салаларына бет бұруына жағдай жасаумен бірге балаларға да көп назар аударатын. Біз де сол әкемнің салған жолын жалғастырып, бүгін кішкентай балғындарымызға сый ретінде осындай ойын алаңын салып бердік, – дейді Марат Жәзитұлы.
Ойын алаңы кеңестік кезде салынған даладағы бассейннің орнында бой көтеріп отыр. Бертін жабық бассейн салынған соң серіктестік басшылығы бұл жерге бүлдіршіндер көңіл көтеретін алаң салуды ұйғарыпты. Ұзындығы 35, ені 18 метрлік аумақ ішінде сырғанақтар, тор арқанмен жүру, өрмелеуіш, әткеншек, басқа да сергуге арналған ойын нысандары бар. Алаң сырты қоршалып, астына жасанды көгал төселген. Жалпы құны 7,5 миллион теңгенің құрылыс жұмыстарын елордалық «МАФ» компаниясы орындапты.
 
Мәдениет үйі менмұндалап тұр
Осыдан екі жыл бұрын шалғайдағы Қарабатыр ауылында мәдениет ошағы қайта салынды. Бұл таза жергілікті серіктестіктің өз қаражатымен қайта жөнделген ғимарат. Мәдениет сарайы келбеті жағынан көз тартарлық әдемі, ал 3D форматты кинозалы облысымыздың ешбір елдімекенінде жоқIMG_20191031_110605Қарабатыр ауылдық мәдениет үйінің директоры Әйгерім Пірмахан қазіргі уақытта 7 адам штатқа жұмысқа қабылданғанын айтты.
Әйгерім Пірмахан Қызылордадан көші-қон бағдарламасымен көшіп келген маманның бірі. Қазір жергілікті халықпен сіңісіп кеткенін айтады. Жас мамандарға барлық жағдай жасалған. Келген бетте үкіметтен қажетті көмекте алып үлгерді. Қасындағы Мадина Абаева мәдени шараларды ұйымдастырушы. Олар да отбасымен Қызылордадан бірге көшіп келіпті. Мәдени ошақта тұрақты жеті адам істейді. Мұнда би, вокал, домбыра, театр үйірмелері бар. Белгіленген кестеге сай, ауыл жастары сәрсенбі, сенбі күндері көңіл көтереді. Жұма, сенбі күндері бильярд ойнайды. Сәрсенбі, жұма күндері кино көреді.IMG_20191031_111506
-Лисаков қаласынан кино алдырып, көреміз. Алдағы уақытта штат саны көбейіп жатса, ұлт аспаптар үйірмесін ашсақ деген ойымыз бар. Бізге ұлттық аспаптар жетіспейді. Осы жағына агрофирма директоры демеуші болып жатса, жақсы құба-құп. Сахналық костюмдер бар. Тағы да қажетті киімдерді алғызып беруге серіктестік басшысы уәде беріп отыр. Арнайы хореограф Ирина Болтыч Қамысты ауданынан келіп, осындағы оқушыларды биге дайындайды, – дейді Әйгерім Пірмахан.486981fc-d05d-4a8e-9fa1-2048abd25a16
Ал бұл сахнада аудандық, облыстық түрлі мәдени-бұқаралық шаралар өткізуге болады. Қарабатыр елінде бұған дейін мәдениет ошағы болмады емес, болды. Көпшілік орында тоқсаныншы жылдардың ортасына дейін кинозал жұмыс істеп келгенін біреу білсе, біреу білмес. Сонау кеңестік дәуірде салынған нысан әбден ескіргендіктен, жергілікті басшылық оның қабырғаларын ғана қалдырып, қайтадан күрделі жөндеп шығуды жөн көрген екен. Енді, міне, кірсең шыққысыз сәні мен салтанаты жарасқан орын айналасы осыдан екі жыл бұрын халық игілігіне беріліп отыр. Аумағы 600 шаршы метрлік сарайда 180 орындық зал, 3D форматындағы киноэкран, би алаңы, бильярд бөлмесі орналасқан. Нысанды жаңартуға «Қарабатыр» Агрофирмасы ЖШС 85 миллион теңгеден астам өз қаражатын жұмсаған.
 
«Ақботадан» бүлдіршіндер үзілген емес
Бұған дейін Қарабатырда ауыл жұртшылығының игілігіне «Ақбота» балабақшасы пайдалауға берілген болатын. қазір «Ақбота» балабақшасының меңгерушісі Айман Жұмағалиева. Осыдан тоғыз жыл бұрын ескі наубайханаға күрделі жөндеу жүргізіліп, балабақша болып ашылған екен. Қазір мұнда 1 жастан 5 жасқа дейін 45 бүлдіршін тәрбиеленуде.IMG_20191031_114335
-Агрофирма барлық жағынан көмектеседі. Мәселен, қара малдың етінің бір келісін 600 теңгеге береді. Мұндай баға еш ауылда жоқ. Оның сыртында бізді көлікпен қамтамасыз етеді. Ауданнан қажетті азық-түлікті сатып, алып келеміз. Жыл сайын жазда серіктестік осы ғимаратты ақтап-сырлап, күрделі жөндеу жүргізуді тоқтатқан емес, – дейді Айман Жұмағалиева.  
 Кеңес дәуірінен келе жатқан екі қабатты ескі ғимарат та толық жөндеуден өткізіліп, көппәтерлі үй ретінде мамандарға берілді. Онда қазір бухгалтер, агроном, слесарь сынды өзге де мамандар тұрып жатыр. Барлық жағдай қаладағыдай.  
Жақын жылдары серіктестік басшылығы Қарабатыр орта мектебінің күрделі жөндеуін мойнына алып, заманауи құрал-жабдықтар сатып әкелген еді.

Жол тақтайдай
Биылдың ауылдың жағымды жаңалығы Арқа мен Қарабатырды байланыстыратын тас жолдың жөнделгені. Бұған дейін шұрық-тесік жолдар жөндеу көрмей, жаңбырлы күндері ауылға қатынас болмай қалатын. Арқа ауылынан Қарабұтақ-Қостанай республикалық магистраліне дейінгі аралықта бұрын-соңды тас жол төселмеген. Арқа-Қарабатыр тас жо­лының 30 шақырымына қазынадан 1 млрд теңгеге жуық қаражат бөлініп, жөнделіпті. Енді жол тақтайдай.
-Биыл аймақ басшысы Қарабатыр ауылына арнайы іссапарымен келіп, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жаңадан салынған мәдениет үйін көрді. Облыс әкімі сонда ауылда қандай мәселе бар деп сұрады. Бірінші, екі ауылдың ортасының жолын жөндеуді, екінші ауылға газ тарту мәселесін алға тарттым. Кейін облыс әкімі дереу тапсырма беріп, сөйтіп жолымыз жаз айында жөнделіп қалды, – дейді Марат Құдайқұлов. 
 
Бәрі цифрланды
-Биыл көктемде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы бойынша №1 бөлімшенің 4 жеріне айналма бейне бақылау камерасы қойылды. Бұл жақсы болды. Кімнің не істеп жүргенін көріп отырамыз. Ең бастысы, мал ұрлығының алдын алады. Мұнда 800 бас қара мал, 200 жылқы, 100 бас шошқа, 200 бас қой. Қосымша 5 павлин бар. Ерекше құстар санын көбейтпекпіз. Тауық фирмасы тағы бар. Мұнда малшы, бақташысы бар 40 шақты адам мал бағады. Биыл қысқа мың жарым тонна шөп тасып алдық. Биыл жағдай нашар. Жөнді ештеңе шықпады. Не егін, не жүгері де жоқ. Өте ауыр жыл болды, – дейді 32 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан №1 бөлімшенің бас зоотехнигі Ағдарбек Жантұғылов бізбен әңгімесінде.
Осы бөлімшеге тиесілі екі МТЗ 80 тракторы бар. Біреу жем-шөп тасиды, біреу тиейді. Техника сақадай-сай.
-Қара малды асылдандырып жатырмыз, Денисов ауданының «Ольшанское» ЖШС, Қарасу ауданынан аукцион арқылы бұқа сатып аламыз. Төрт жылдан бері ірі қара малдың қазақтың ақбас тұқымын көбейтіп жатырмыз. Жақында ғана асыл тұқымды 4 бұқа сатып алынды. Қазір шаруашылықта небары 28 бұқа. Шопан, күзетші, бақташы бар. Жем-шөп, отын барлығын шаруашылық есебінен аламыз. Менің ай сайынғы жалақым 200 мың. Ауылда мал бағатын адам жетіспейді. Қазір жастар мал бағудан қашады. Бұрыннан келе жатқан малшылар қартайды. Кез келген шаруашылыққа адам күші керек ғой, – дейді Ағдарбек Жантұғылов. 
Оның сыртында бидай сақтайтын қойма, жанар-жағармай базасына бейне бақылау камералары қойылды.
 
Сан саланың мамандары
Бағдат ӨМІРБЕКОВ, механизатор:
– 2006 жылы ауыл басшысының шақыруымен Қызылорда облысы Жалағаш ауданының Ақарық ауылынан әке-шешемізбен бірге көшіп келдік. Қазір мұнда әбден орнығып, үйреніп қалдық. Жергілікті халықпен тез тіл табысып, аралас-құралас болып кеттік. Жағдайымыз жақсы. Үй берді. Айлығым 120 мың теңге. Осында келіп екі ұлды болдым. Ең алдымен Қарабатырдың суы тұщы, ауасы таза, адамдары тамаша.
 
Руслан ГЕЛУНГ, токарь:
-2008 жылдан бері токарь болып жұмыс істеймін. Өзім байырғыдан жергілікті тұрғынмын. Токарьлыққа дейін карьерде жұмыс істедім. Қостанай политехникалық колледжінде арнайы курстан өтіп келдім. Жұмысым өзіме ұнайды. Күзгі орақтан кейінгі және жұмыс барысында ақау шыққан техникаларды жөндеп жатырмыз. Жалақы ай сайын төленіп тұрады, қосымша кәсіподақтың қаржысын алып тұрамыз.
 
Қайыржан ЖАНҒАБЫЛОВ, аға медицина қызметкері:
Биылғы қыркүйек айынан бастап жұмыс істеп келемін. 2017 жылы Қостанай медициналық колледжін бітірдім. Маман тапшылығына сәйкес ауданның бас дәрігері мені осында өзімнің туған ауылыма жұмысқа жіберді. Қазір біздің фельдшерлік-акушерлік пунктте маман тапшылығы жоқ. Акушер, көлік жүргізушісі, санитар бар. Барлық жағдай жасалған. Шаруашылық серіктестігі бізге жыл сайын біз отырған ғимаратқа жөндеу жүргізіп береді. Жұмыс істеуге болады. Тек мектеп пен балабақшаға мейірбике қажет. Күтіп отырмыз. Ауылда жеті жүзден астам адам бар. Оның 247-сі балалар, 39-ы жасөспірім, қалғандары ересектер.
Жұмысқа тұрған кезде көтермеақы қаржы алдым. Әке-шешем осында тұрады. Жұмысым өзіме ұнайды. Тек бізде қағазбастылық көп уақытты алады. Ескі мәліметтерді жаңартып жатырмыз.  
 
Тоқаев еккен ағаш
Қарабатыр – мүсіндер мен көркем суреттер елі. Қазақ халқының ел басқарған хандары, билері мен ұлықтары, кеңестік дәуірдің тұлғалары, аң-құстардың бейнелері ауылдың есіктен төрге дейін ажарын енгізіп тұр. Шағын шаһарға кіре берістегі тұғырға қонған арғымақтың өзі ауыл атын әйгілеп тұр емес пе! Ауылға келетін ел басқарған небір азаматтар, ақын-жазушылар, шетелдік қонақтар ақшаңқан киіз үйде қонақ болып кетеді. Сол ақ орданың дастарханында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та отырып, ақ батасын бергені елдің есінде.20-54-27-czKlW0fYJO0
Тағы бір қызық жайт, 2001 жылы бұл елде жұмыс сапарымен болған сол кездегі ҚР Премьер-Министрі, қазіргі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тал егіп кеткен еді. Сол отырғызған өрім тал бүгінгі күні зәулім ағашқа айналған. Бұдан бөлек, талай ел басқарған азаматтардың осы ауылда еккен ағаштары жайқалып өсіп тұр.
 
Материалды дайындағандар:
Шұға Қоңқабаева,
Айтолқын Айқадамова,
Қарлығаш Оспанова

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓