Қанатқа мың алғыс
Осы жақында ауырып Қостанай облыстық ауруханаға емделуге келдім. Жан-жақты тексерулерден соң отаны хирургия бөлімінің басшысы, облысымыздың белгілі хирургі Қанат Мырзалымұлы Әбілдин жасайтын болды. Палаталардың іші тап-таза, жап-жарық, палатада екі адамнан жатады екен. Таңертен ерте сағат сегізге дейін Қанат Мырзалымұлы науқастарды қарап, әр аурудың жағдайын өзі біліп тұрады. Содан кейін медбикелерге нұсқау береді. Екінші күні маған және басқаларға Қанат Мырзалымұлы ота жасады. Ота ойдағыдай жақсы өтті, бірақ дәрігерге оңай болған жоқ, өттен жиырма бір тас алынды. Осы отадан кейін көзім ашылып, ары қарай өмір сүруге мүмкіншілік алдым. Қақаңмен бірге оның шәкірттері хирургтар Құралбай Асанов және Сырлыбек Мещанов та жұмыс атқарып жүр. Қазір екеуі де жақсы тәжірибе алып, өздері еркін, қандай ота болсын жасап, халықтың алғысын алып жүр. Сол сияқты хирургтар Вадим Валерьевич Хан, Бекболат Дүкенбайұлы Уалиев күні-түні ота жасай береді, адамның өмірін сақтап қалады.
Осы хирургтармен бірге орташа медициналық қызметкерлер де тыңғылықты жұмыс атқарады. Ұжым үлкен, бірақ ұйымшыл. Бәрі де Қақаңның еңбегі. Қақаң ұжымды қатал ұстайды әрі қамқорлық көрсете біледі. Қақаң басшы ретінде ұжымға жақсы үлгі көрсетеді, таңертең жұмысқа өте ерте келеді, үйге кеш кетеді. Қақаң отбасына көп көңіл бөледі. Бір сөзбен айтқанда, ауруларға жақсы жағдай жасалған, оларға тек жылы сөз айтады.
Қақаң тәжірибелі, облысымызға белгілі және сыйлы азамат, еңбекті адал қызмет атқарады. Қанат Мырзалымұлы штаттан тыс облысымыздың Бас хирургы. Қақаңа тілейтінім зор денсаулық, отбасына амандық, ұзақ өмір, бақыт, қызметі жоғарылай берсін. Барша емделушілер атынан мың да бір рахметімді айтамын.
Сатыбалды Насыров,
Ішкі істер органдардың зейнеткері, милиция полковнигі.
Сағынтайға рахмет!
Құрметті редакция! Сүйікті газетіміз "Қостанай таңы" арқылы Қостанай қаласының сегізінші шағын ауданындағы "Андрофарм" емханасы туралы айтқымыз келеді.
Ауруханада бірден көзге түсетіні – науқастарды жылы қабақпен қарсы алады. Барлық тексерістен мұқият өткізгеннен кейін 1-2 сатысы бойынша ота жасайды. Қай сатысы болса да 10-15 күннен кейін тәуірленеді. Әр сатының да мерзімді уақыты бар. Науқасқа ота жасағанда тәртіп өте қатаң сақталған. Білікті де білгір маман уролог-андролог Сағынтай Серікбайұлы Торғаев отаны өзі жасайды. Оған дәрігерлер, мейірбикелер, санитарлар көмектесіп тұрады. Ота жасалып болғаннан кейін науқасты жан сақтау блокқа жатқызады. Кезекші дәрігер тәулік бойы қасында болады, барлық керекті жағдайларды жасайды. Сағынтай Серікбайұлының зайыбы Эльмира Сәбитқызы да кардиолог-дәрігер. Ал, баласы Олжас Санкт-Петербургтегі №1 А.Павлов атындағы мемлекеттік медициналық университетінің 6-курс студенті. "Ат тұяғын тай басар" дегендей, әкесінің жолын қумақ. Ұжымда 11 дәрігер, 11 мейірбике, 4 санитар, 2 аспазшы, 1 кассир, шаруашылық жұмысшы, күзетші барлығы 31 адам еңбек етеді. Алдағы уақытта 3 қабатты құрылыс салынбақ, оның 1-қабаты дәріхана, ал екі қабатындағы бөлмелерге дәрігерлер, мейірбикелер қоныстанады. Одан басқа бөлек тұрған үш құрылысты да бір-бірімен қоспақ ойлары бар. Емханада Щвециядан әкелінген ультрадыбысты аппарат іске қосылған. Мұнда пайдаланатын дәрі-дәрмектер шетелдік препараттар, олар өте қымбат, әрі сапасы анағұрлым жақсы, әсері де өте күшті. Міне, осындай жағдайлардың арқасында емделуге келіп, тәуір болып шыққан науқастардың "Андрофарм" емханасының бас дәрігері Сағынтай Торғаевқа ырзашылықпен айтқан алғыстары шексіз. Бәрі де деніне саулық, отбасына амандық, баянды бақыт, ұзақ ғұмыр тілейді.
Тілеген Жұматов,
Бір топ емделушілер атынан.
Үлгі тұтар жан
Мен осы газеттің тұрақты жазылушысы және оқырманымын. Жұмыс бабымен қанша жерден қолым босамай жатса да осы газеттің әрбір санын асыға күтемін, мұқият оқып шығуға тырысамын. Ара тұра менің де мақалаларым жарық көреді.
Меңдіқара ауданының Ғаббас Жұмабаев мектебінде тәр-бие жүйесінде қызмет істеймін. Осы білім ордасындағы өрісін тапқан игі істер көп.
Ал, енді, менің қолыма қалам ұстап, оқырманның сүйіспеншілігіне бөленген осы газетке мақала беруімнің өзіндік бір сыры бар. Мен сөз еткелі отырған кейіпкерім: ардақты жан, адал жар, сыйлы ана, жас ұрпақты тәрбиелеуде өзіндік сара жолы бар, аудандық білім беру бөлі-мінің тәрбие ісі жөніндегі әдіс-кері Гүлбарам Каленова.
Бірде түс демей, кеш демей жұмыс бабымен мазалағанда, "осы сізде уақытымен түстену, де, малу деген болмай ма", – деп әзілдедім. Сонда ол кісі ұрпақ тәрбиесі үлкен жауапкершілікті жүктейді, тәрбиеде демалыс болмайды, мен қызмет ететін жер үлкен жауапкершілікті талап етеді, маған сенген сенімді абыроймен атқарсам деймін деген сөзді өзіме жауап ретінде қайтарды. Кейде маған хабарласып, баласын алып кетуге қолы тимей жатқанын айтып, сынып жетекшісіне ескертуімді өтінгенде, шынында да қызметіне жанын сарп етер жан екендігіне қайран қаламын. Осының нәтижесі болар ауданның барлық мектептері баланың өзіндік санасы мен сезімін, адамгершілік қасиеттерін, тұлғаның дамуына бағытталған рухани құндылықтарын жетілдіріп, бала жанын ізгілен-діріп келеді. Осы негізде жүргізіл-ген жұмыстар аудан, облыс, республика, халықаралық деңгейде өтетін сайыстарда жоғарғы жетістіктерге қол жеткізуде.
Атап айтар болсақ: баланың шығармашылығын шыңдап, сахна өнеріне қалыптастырып, оны танытып, облыстан 1 орынға ие болсақ, ата-баба қазынасын, біз-ге жеткен мұрасын көз қарашығындай сақтап, "Ең үздік мұражай" байқауынан 3 орын, "Қозғалыстың жас инспекторларынан" 1орын алып, республикаға жолдама берілсе, сынып жетекшілерге арналған "Толеранттылыққа тәрбиелеу жолдары" халықаралық сайыстан 3 орын, спорттық сайыстардан 1,2,3 орын, тоғызқұмалақтан республикалық "алтын", "күміс", "қола" жүлделерді жеңіп алған. Бұл бала мен ұстаз еңбегі болғанмен тәрбие тізгінін ұстап, оң жол бағыт-бағдар беріп отырған Гүлбарам Сартайқызының қосқан үлесі өте мол. Бәлкім, бізді басқарып отырған әдіскеріміз осындай жан болғандықтан шығар, мен де тәрбиеге деген құрметті тынымсыз еңбегіммен көрсетуге тырысып келемін.
Отбасында ана бақытын мәр-тебелі мамандықпен ұштастырған, биыл осы қызметіне 20 жыл болатын сіздің мерейіңіз әр-дайым үстем болсын. Аналық парызбен қызметтік парызды қа-тар ұстаған Сізге, ауданның барлық тәрбие ісінің орынбасарлары алдағы уақытта еңбегі-ңіздің шығармашылық тұрғыдан кеңінен өрістеуін тілейміз!
Эльмира Дүйсенбаева,
Ғаббас Жұмабаев атындағы мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.
Меңдіқара ауданы.
Әр нәрсенің реті бар
Мен шал кісімін, 78-ге аяқ бастым. Қазіргі көріп жүрген киноға да, концерттерге таң қаламын. Себебі, қайсысының да даңғұр-дұңғыр музыкасы көбейіп барады.
Біздерге, үлкен кісілерге киноның да, концерттің де сөздерін естіп, маңызына ден қоямыз ғой. Үлкен кісілердің көбісінің құлағы шамалы естиді музыка ойнағанда тіпті есту қиындау. "Қазақстан" ұлттық арнасынан "Сырғалым" деген жап-жақсы кино көрдік, сонда да музыкасы қосарланып сөздерін шала естідік.
Енді, бір қайран қалатыным – әнші-әртіс-тердің қылығы. Қазіргі сахнаға шығатындар өздері-өздеріне қол соғыңдар деп сұрап тұрғаны. Мысалы, Нұрғали Нүсіпжанов, біздің құрдасымыз, өлең айтқанда анау күзетте тұрған солдаттарға ұқсап тұрып айтатын еді, сонда да жұрт ду қол шапалақтап риза болатын.
Бүгінде ретсіз ерсі дүние көріп жүрміз. Бір жағдайды айта кетейін. Мен курорт-санаторийлерде көп болған кісімін. Әлі есімде, өзіміздің "Колос" санаторийіне бір орыс өнерпазы Челябіден келіпті. Сахнаға шығып келеді, мойнында гармоны, екі қолымен шапалақ ұрып келеді. Оған қосыла бүкіл зал шапалақ ұрып жатыр. Гармонын тартып, өлеңін де айтқан жоқ, қол соғып несіне орынсыз қошамет жасайды? Бұ-рын өлеңін айтып болған соң, қалай қол соғылады, соған қарап ол әншінің бағасы берілетін еді. Осы ойымды сол сәтте қасымдағыларға айтып көріп едім, ешкім құлақ асқысы келмеді..
Ана бір жылы Қостанайдан Денис ауданына Мәуліт күнін өткізуге марқұм Ертай қажы келді. Ертай қажыны бірінші рет көруім, дін жөнінен жан-жақты білімді кісі екен. Ас желініп болған соң, Мұхамбет пайғамбарымыздың өмір баянын айтып, тартымды сөз сөйледі. Ол сөз сөйлеп болған соң, жиналған кісілердің көбісі қол соғып жатыр. Мен қол соққан жоқпын, себебі, әкем ретсіз көпшік қойып қол соғуға болмайды деп айтатын. Ертай қажы да сол дәстүрді айтып жұртқа түсіндірді. Мен марқұмның сабырлы, парасаттылығына тәнті болдым.
Ұзын сөздің қысқасы, әр нәрсенің де жөні мен жобасы, реті болуы керек.
А.ЖӘкенов.
Денисов ауданы,
Свердлов ауылы.
Тілші еңбегі ерен
Ұлттың ұлт болып қалыптасып дамуына бірден-бір зор ықпалын тигізер, бұқаралық ақпараттың биліктің төртінші сапында дейтіні бекер емес. Бұл орайда елдің ертеңгісі мен бүгінгісін саралап, мұңын-мұңдап, жоғын жоқтайтын тілшілердің еңбегі ерен-ақ.
Бұл ретте Уистон Черчильдің мына бір қанатты сөздері ойыма орала кетті. "Ешкім де жазушылардың қабілет-қарымын өзінің еркіне қарама-қарсы келетін күреске айдап сала алмайды. Оларды өз таңдауы бойынша бастаған күрестен тоқтата алар реңде жоқ. Олардың қаламы – адамдар мен ұлттарды азаттыққа шақырушы ұлы күш. Олардың санасынан ұшқан еркін сәулелерді қандай сыйқыр шынжыр да матар. Ешбір кедейшілік тұсар ешқандай бір кеден бөгеті тоқтата алмайды" – деген екен.
Шідерлеулі тұрған шындық шынжырын үзу әркімнің қолынан келе бермесі хақ. Ұлтын ұлықтар жас ұрпаққа артылып отырған жүк, сенім мен серт ерекше болса керек-ті. Асыл құндылықтарымызбен қайта қауыштырып, ұлттың ұлжандылық өресімен өзіндік үн қосу һәм дара пайымын қалыптасуына септігін тигізетін де осы қалам иелері.
Тарихынан тылсым сыр шертетін қасиетті дархан өлке – дана абыз сықылды. Небір керім күндердің куәсі тұңғиық сыр көмкерген тылсым ғаламшар. Сол ғаламшар сырын білсем деп үңілген қай жан болмасын бұл абызға соқпай кетпейтіндей.
Елім, тілім, дінім деген өр рухты өрендер өресін өрге өрлетіп, қиялына қанат бітіретін осы тылсымға толы дүние емес пе? Біздің кей аңғара бермейтін тұстарымызды Шерхан Мұртазаның "Бір кем дүние" – деп тол-ғауы да заңдылық шығар ендеше. Бізге дейін қыбыры мұң – дүбірі мың тарих парағы сан мәрте жаңарса да бұқара халық жадында сақталғаны рас.
Шерменде болған шежірелі өлке тынысымен таныстырып, еміс-еміс ұмыт бола бастаған есімдермен табыстырар ұлт үнжариясы, ақпарат саласы қым-қуытты. Алаш арысы, сом тұлға Ахмет Байтұрсынов "Газет халықтың көзі, құлағы һәм тілі" – деп бағалағаны осыдан болар. Қаржы бөліп тастауға қауқары болмаса да, қаламын қару еткен ұлтжанды жандар. Қалай десек те, жорналшы болу – менің арманым!
Ерхан Молдағалиев.
Арқалық қаласы.