Таразыдағы тамыр немесе мәңгілік сұрақтың жауабын іздеу

Қазақта "Қазаннан қақпақ кетсе иттен ұят кетеді" деген сөз бар.
Біздің рухани "қазанымыздың" қақпағы ашық тұрғандықтан,
 әркім келіп өзінің тамағын пісіргісі келеді.
 Біз өз тамағымызды пісіріп, өз қақпағымызды жаппасақ
өзгенің тамағынан уланып қалуымыз әбден мүмкін.
(Мұхамеджан Тазабеков).
        
ТамырКөкіректегі  көк бөріміз  тірі ме?  Тамырымызды, түбіміз түбегейлі түрде культ деп қабылдауы үшін қайтпек керек? Арда елдің  бар болғанынан  бұрын оның болашағын баянды етудің жолын таптық па? 
Тірлікті танығалы бері бүтіннен білім, өнер, бірлік сынды парықтардың биіктігі арқылы озуға, хәм үстем болуға болатынын білеміз. Әлеуметтің әлеуетін көтеретін әрі көрер күніңді көркейтетін тозбас кен – білім. Ендеше оқуда озатпыз ба? Қазақты қандай деп таныды өзге жұрт? Жіктеп көрелік.
2008 жылы төрт жыл сайын жүргізілетін жаһандық TIMSS (математика мен жаратылыстану пәндерін зерттеудегі халықаралық тенденция), яғни білім сапасының деңгейін мониторингтік зерттеулер арқылы анықтайтын жоба шеңберін-де өткен әлем елдері мектеп оқушыларының  жоғарыда   аталған пәндер бойынша рейтингі жарияланған еді. 4-ші және 8-ші сынып оқушылары қатысатын бұл зерттеудің негізгі тәсілі – тестілер алу және сауалнама жүргізу. Жерлестеріміз емтиханнан 5-ші және 11-ші орындарға ие болып, сенімді түрде көшбасшылардың қатарына іліккен.
Бұл жәйт батыс басылымдарының жүйкелеріне жақпай, оны жарыса жазды. Әлемге бізді әмбенің әңгүдік елі есе-бінде танытқан Бораттың халқын бұндай нәтижеге лайық емес, тіпті біздің олардан да артта қалуымыз масқара деп, жетістігімізге иланғылары келмеген екен-мыс. Бәрінен бұрын біз бағалайтын батыстың, Бораттың мазағына сенетіндігі бір түрлі. Бөрінің аузы неге жесе де, жемесе де қан екен осы?
TIMSS-тің 2011 жылғы қорытындысында 4-ші сынып оқушылары математикадан 24-орын, ал жаратылыстанудан 32-орын алды. Сол 4-ші сынып оқушылары 2011 ж. 8-ші сынып оқығанда бұл пәндерден 17-ші және 20-шы орындарды иеленген. Нәтижеміздің осылайша төмендегенін Еуропаның мұқатуынан соң масылдыққа жол бергендік деуге болмас. Бәлкім, елдегі білім реформаларының түсініксіз бағытта  күрделеніп кеткендігінен балалардың бастары әбден қатқан болар. Ендігі осы жылы өткізілген зерттеудің нәтижесі TIMSS-2015-те қандай боларын уақыт анықтар. Білім додаларында алдыңғы қатарда тұратын, Азия мемлекеттері әсіресе Сингапур,Тайвань,Жапония т.б.
 Сарапшылардың айтуынша, олардың артықшылығы – бала оқытуда ұлттық құндылықтарды әспеттеп, шығыстың рухани күшін әлсіретпеу. Яки шетелдің тозығын қойып, озығын оқып, өз дәстүр-мәдение-тіңді ұлықтау. "Артқа шегін, бірақ ұстаздың көлеңкесін баспа" дейтін жапондықтардың тарихи тәрбиесі тал бесіктен берілгесін көш бастары күмәнсіз. Ал біздің осы атлас картасындағыларға көрсетер керемет күзіріміз бар ма?  Бәлкім, ол тарихтың бір қалтарысында тұрған шығар деген ой да келеді. Тарихтың емендей тамыры  терең болса ғана дауылдарға шыдасы анық қой. Мәнісі, таразыға тартылар шағымызда тайызға тайраңдамай, тұңғиықтың тереңіне бойлау. Өйткені, мүддеміз бірегей,  ал  жігер жоқ болса жолдың тұйық екенін білуіміз керек.
Осы орайда қаламыздың ЖОО-на іссапармен келген Германияның Берлин қаласындағы Гумбольдт университетінің профессоры Раддатц Фолькермен сұхбаттасқанымыз бар.  Раддатц мырза шет тілдері мен педагогиканы арнайы әдістемемен оқытатын ұстаз және Германияның алдыңғы қатардағы қоғамдық ұйымы боп табылатын неміс экономикасының халықаралық серіктестік бойынша қоры-SES-тің аға сарапшысы.
– Раддатц мырза, қазақ драматургы Асқар Сүлейменов "Достық дегеніміз – ең алдымен бостандық"  дейді. Сіз өзіңізді еркін әрі мейірбан доспын деп санайсыз ба?
– Мен өз кәсібімді жақсы көремін, сол себепті де өзімді жеке тұрғыда да досшыл әрі еркін адаммын деп есептеймін.
–  Сіз Қазақстанның білім жүйесімен таныссыз ба? Таныс болсаңыз, оның қандай осал тұстарын байқадыңыз және  оның сіздердің жүйелеріңізден қандай айырмашылығын атар едіңіз?
– Өкінішке орай, оқу жүйелеріңізді білмеймін. Әйтсе де, ең басты байқаған ерекшелігім – білім беру әдістемелеріңізде бюрократия басым. Сонымен қатар мектеп элементтері, әсіресе күн сайын студенттерге қатаң бақылау жүргізу де байқалады. Елдеріңізде мұғалімдер күн сайын қағазға студенттің үлгерімін, сабақ белсенділігін толтырып әлек. Біздің елдің жүйесінде, Берлинде бұл жағдайда студенттерге көп еркіндік берілген. Әрине бұның өз артықшылығы мен кемшіл тұстары барын жасыруға болмас. Тиімді жағы – білім алушы семестр бойы өзіне қажет деп санаған, көңілі қалаған пәндерді таңдай алады.
 Ал кемшілігі – студенттердің бұл еркіндікті асыра сілтеп,  дәрістерге келмей,  қыдырып не болмаса бұзақылық жасайтындығы (күліп). Айтқым келгендігі осы тұста оларға қатаң тәртіп жетіспейді.  
–  Сіз айтқан біздің жүйедегі кемшіліктен құтылу үшін қандай жол ұсынар едіңіз?
–  Бұған екі мысал келтіруге болады. Біріншісі, менің әріптестеріме, доцент, оқытушыларға қатысты. Олардың қағаз жұмыстарының көптігі соншалықты, тіпті семинарлар мен дәрістерге дайындалуға уақыттары жетпей жатады. Екінші мәселе, байқағаным Қазақстандық студенттерде мынадай дәстүр бар, яғни мұғалім қатаң үстемдік етсе, білім алушы репродуктивті рөл атқарады. Әрине, бұл жаман емес. Осы сөзіме балама келтіре отырайын. Дәрістер барысында студенттермен бақыт, достық сынды жалпы адамзаттық тақырыптар бойынша әңгімелестік. Олардың ағылшынша ойлап, тамаша сөйлегендері өз алдына, менімен ашыла сөйлесіп, өз пікірлерін еркін әрі белсенді білдіргені мені қатты қуантты. Яғни олармен көп диалог жүргізіп, ойларымен санасып отырған жөн деп санаймын.
– Адам игілігі үшін жұмыс істейтін, саясаттағы, білім немесе экономикадағы өзіңіз қатты бағалайтын реформа жайлы, өз мәдениетіңіз туралы айтып беріңізші?
– Әрине бұл туралы сағаттап айтуға болады. Бір мысал келтірейін. Германияда мынадай тенденция бар, физикалық, ой-сана тұрғысында кемшіліктері бар мүгедек оқушы, студент балаларға, сыныпта 15 жыл бұрынғы жағдайға қарағанда көп көңіл бөлініп, олармен басқаша жұмыс істеле бастады. Яғни, түрлі деңгейдегі топтар пайда болды. Бұнда мықты оқушы өзінен әлдеқайда әлсіз оқушыға көмектесе алады.
 Ал қазақ пен неміс мәдениеті турасында сөйлесек, бұнда көп айырмашылық жоқ. Сіздердің қазақ, орыс театрларында, филармонияларыңызда болғандығыма қуанамын.
– Сіз SES-тің аға сарапшысысыз, осы ұйымдағы көп жылдық тәжірибеңізден  ой бөліссеңіз?
–  Неміс үкіметі қаржыландыратын бұл ұйым 30 жылдан бері қызмет етіп келеді.  Олар қолдауды қажет ететін елдерге білікті сарапшыларын жібереді. Мәселен ауыл шаруашылығы, медицина, көпірлер салу т.б. жұмыстарында. Өз басымды бірнеше рет Бирма еліне іссапармен жіберді. Ол кез өте жақсы, бір жағынан қарбаласқан уақыт еді. Өйткені ауа райы аптап ыстық және үш апта бойы әр кеште күн сайын көкөніс қосылған күріш жедім. Бирма халқының қонақжайлығы қуантты. Мен Қазақстан-ға екінші рет келіп отырмын. Әрине бұл жерде мүлдем бас-қа жағдай, өмір сүру деңгейі әлдеқайда жоғары.
– Мәселен мен Германияны философиясымен Гете, Хайдеггерімен, Жапонияны үздік технологиясымен байланыстырам. Ал сіз Қазақстанды немен байланыстырасыз?
– Қазақстан байтақ мемлекет, аумағы жартылай Аустралия сияқты. Мен бес жыл Аустралияда тұрдым. Осы екі елдің ұқсастығын табар болсам, Қазақстанның көп бөлігін далалы жер алып жатыр. Аустралияда да адамдар мұхиттың жан-жағында өмір сүреді, орталығында далалы жер. Бір жолы Қостанайдан Астанаға ұшақпен жетіп, кері қарай отарбамен қайтқан едім, жол бойы ұйықтамай, терезеге қараумен болдым.Сондағы көрініс кең дала, қайыңдар және қар (жымиып).Маған өте ұнады, жалпы мен осында өзімді тамаша сезінемін.
–  Қазақстандық білім жүйесіне тілегіңіз…
– Егер бір елге барар болсам, мен жүйесін зерттеуге тырысам, бірақ оны өзгерту жайлы ойланған емеспін. Үш апта ішінде бақылағаныма байланысты айтарым, студенттермен көп араласса, қарым-қатынас жүргізсе, олардың білім алуға деген құлшынысы артар еді. 
P.S. Бір әттеген-айым қонағымның елім туралы естелігі тек сайын даламыздың кеңдігі мен теңдігі екен. Отанына ұшатын уақыты таямағанда, Қазақстан оның жадында  Құрманғазының  "Сары-арқасы", Абайдың пәлсапасымен сақталып қалар ма еді.
Сымбат Смағұл,
"Қостанай таңы" социологиялық  орталығының маманы.
 
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓