Үй алудың тиімді жолдары

Кейіпкеріміз Қанат Әлімбаев қолжетімді баспана мемлекеттік бағдарламасы арқылы үй алып, өз шаңырағын көтерген замандастарымыздың бірі. Жарасымды жұп Қанат пен Ақерке Әлімбаевтар бұл күндері Айжан және Інжу есімді қыздарын тәрбиелеп отыр. Ерлі-зайыптылар бөтеннің босағасын жағаламау үшін алдымен баспана мәселесін шешіп, содан кейін үйленіп отбасын құрған. Оқырмандарға ой салар болсын деген ниетпен отағасы Қанат Әлімбаевпен сұхбаттасып, үй алудың негізгі жолдарын сұрап білдік. Оның үстіне кейіпкеріміз "Отбасы банкі" АҚ Қостанай облыстық филиалының ресми кеңесшісі.
– Қанат қазіргі тұрып жат-қан баспанаңыз көңіліңізден шыға ма? Жаңа үйді қалай алдыңыз?
– Мен студент кезімде қалада үйім болғанын қатты армандайтынмын. Басқа біреуге жалтақтамай, өз шаңырағыңда тұрған жақсы. Кейін бұл менің негізгі мақсатыма айналды. Сөйтіп, 2013 жылы сол кездегі атауы бойынша "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен" депозит аштым. Жыл сайын қажетті сомманы депозитке салу арқылы, бірталай ақша қоры жиналды. Шын ниетпен қолға алған іс өз жемісін береді, 2017 жылы "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы бойынша Қостанай қаласының орталығынан өз үйімді алдым. Жаңадан салынған көпқабатты тұрғын үй жан-жағына сән беріп тұр. Жаңаның аты жаңа. Іші кең, тап-таза. Қысы-жазы жып-жылы. Баспана бір көргеннен көңілден шықты. Үй алған соң шаңырақ көтеріп, үйлендім.
Мен баспаналы болған соң туған туыс, таныстарым хабарласып, олар да қызығушылық таныта бастады. Баспаналы болудың тиімді жолдарын сұрап, кеңес беруімді қалады. Білгеніммен бөлісуден мен де қашпадым. Өйткені, бір нәрсені ынтамен түсіндіру менің бойыма біткен жақсы қасиеттердің бірі. Бәлкім, мамандығым мұғалім болғандықтан да шығар. Сөйтіп жүріп мен банк кеңесшісі қызметіне тағайындалмай тұрып-ақ көптеген таныстарыма баспана алудың қыр-сырын үйреткен болатынмын.
Уақыт өте келе балаларымыз дүниеге келді. Екі бөлмелі пәтер бізге тар бола бастады. Кеңірек пәтерге қолжеткізу үшін тағы да "Отбасы банкіне" жүгінуге тура келді. Осы мәселе бойынша маған Әсия Едрес есімді банк кеңесшісі қызмет көрсетіп, "Отбасылық пакет" ашуды ұсынды. Ол кісі менің көп жайттардан хабардар екенімді байқаса керек, маған банк кеңесшісі болыңыз деп ой тастады. Осылайша мен де 2019 жылдың желтоқсан айынан бастап ресми түрде банк кеңесшісі атандым.
– Соңғы жылдары Аманкелді, Жанкелдин және Арқалық қалаларына барып, қолжетімді баспана тақырыбында тұрғындарға кеңес беріп жүрсіз. Аудандарға сапарыңыз туралы бірер сөз.
– Қостанай және Арқалық қалаларында тұрақты кеңселерім бар. Сол жерде тұрғындармен жүзбе жүз кездесіп, кеңес беремін. Негізі Қостанай облысы бойынша жұмыс істеймін. Соның ішінде Қостанай қаласы, Арқалық қаласы, Аманкелді, Жанкелдин аудандарын қамтимын. Одан қалды Ақмола облысының Жарқайың ауданына барып, сол жердің тұрғындарына да бағыт-бағдар беремін. Мемлекеттік бағдарламалармен қалай үй алуға болады, банктің тиімді шарттары қандай соның бәрін түсіндіремін. Осы уақытқа дейін 400-ге жуық адамға счет ашып, кеңес бердім.
"Отбасы банкі" АҚ ең алдымен "Нұрлы жер" деп аталатын ауқымды мемлекеттік бағдарлама арқылы баспаналы болуға көмектеседі. "Нұрлы жердің" бірнеше тармағы бар. "Бақытты отбасы", "Шаңырақ" деген сияқты. Осы бағдарламалардың бәрі "Отбасы банкі" арқылы жүзеге асады. Мәселен, "Шаңырақ" жобасы жергілікті әкімдіктің кезегінде тұрған, тұрғын үйге мұқтаж азаматтарға арналған. Аталған мемлекеттік бағдарламада үй кезегінде тұрған арнайы санаттарға басымдық беріледі. Яғни, баспанаға мұқтаж мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік қызметкерлер, көпбалалы, толық емес отбасылар, I,II-топтағы мүгедектер сияқты түрлі санатқа кіретін адамдар. Аудандарға сапарымызда осындай бағдарламалардың артықшылықтарын айтып, негізгі талаптарын таныстырамын.
– Үй алудың нақты қадамдарын ашып айтсаңыз? "Нұрлы жер" бағдарламасы туралы ақпарат берсеңіз артық етпейді.
– Қазақстан Республикасының кез келген азаматы үйге мұқтаж болса ең алдымен әкімдіктің кезегіне тұру керек. Осылайша мемлекеттік бағдарламаға қатысуға мүмкіндік алады. Бізде көбісі үй кезегіне тұруды ұмытып кетеді. Ал, кезекке тұру үшін нақты санаттарға кіру керек. Олар: аз қамтылған, толық емес отбасылар, бюджет және мемлекеттік қызметкерлер т.б. Содан кейін "Отбасы банкінен" арнайы депозит ашыңыз. Үш жыл көлемінде ай сайын депозитіңізге қаржы салып, ақша жинайсыз. Ең тиімді пайызбен үй алу үшін үш жыл бойы ақша салып, баспана бағасының жартысын жинаған дұрыс. Бағалау көрсеткіші ке-мінде он алты болу керек. "Отбасы банкінде" негізгі үш талап бар. Сол үш талапты орындасаңыз ең тиімді шартпен үй алуға болады. Олар: депозит ашып, үш жыл бойы ақша салу, үй бағасының елу пайызын жинау және бағалау көрсеткішін он алтыға жеткізу. Осы талаптарды орындасаңыз сіз кіріс көзін растамай-ақ ең төмен-гі пайызбен үй аласыз. Егер, үй бағасының елу пайызын жинау мүмкін болмаса онда он немесе жиырма пайызын жинап, мемлекеттік бағдарламалар байқауына қатысуға болады. Депозиттің уақыты ұзақ және жиналған қаражаттың көлемі көп болған сайын сіздің мүмкіндігіңіз артады. Сіздің үйіңіз болса да қазірден бастап депозит ашып, ақша жинай беріңіз. Болашақта керек болады.
Депозит ашып қойдым, енді мен үй аламын деп арқаны кеңге салуға болмайды. Baspana.kz сайты арқылы салынып жатқан тұрғын үйлер туралы мәлімет алып, байқауларға қатысыңыз. Кімнің көрсеткіші жоғары болса сол байқаудан өтіп, үй алады. Байқаудан өту үшін жоғарыда айтылған үш талапты уақытымен орындау керек. Басқа ешқандай қиян ереже жоқ. Бәрі өзіңізге байланысты. Баспаналы боламын деген ниетіңіз болса әрекет етіңіз. Әрекет түбі берекет.
"Нұрлы жер" бағдарламасында депозиттің мерзіміне, жиналған қаражаттың көлеміне, бағалау көрсеткішіне көңіл бөлінеді. Ал "Шаңырақ" бағдарламасында үй кезегіне тұрған мерзіміңіз еске-ріледі. Яғни, сіз ұзақ жылдар бойы кезекте тұрған болсаңыз сіздің байқаудан өтіп, баспана алуға мүмкіндігіңіз зор. Екі бағдарламаның айырмашылықтары осындай. Одан кейін "Бақытты отбасы" бағдарламасы бар. Бұл Қазақстандағы ең үздік ипотекалық бағдарлама болып есептеледі. Алғашқы төлем он пайыз, несие екі пайызбен беріледі. Бірақ бұл бағдарламаға үш санат бойынша көпбалалы, толық емес және кәмелеттік жасқа толмаған мүмкіндігі шектеулі баланы тәрбиелеп отырған отбасылар ғана қатыса алады.
– Қазір Қостанай қаласында қанша үй пайдалануға беріліп жатыр?
– Қостанай қаласында "Қонай" деп аталатын ең үлкен шағын аудан салынып жатыр. Ол жерде отыз көпқабатты тұрғын үй салу жоспарланған. Әрқайсысы бес қабаттан тұрады. Қазір алғашқы он үш үйге байқау өтіп жатыр. Олар бұрынғы бағамен сатылуда. Әрбір шаршы метрі 140 мыңнан. Бұл өте жақсы мүмкіндік.
Біз нарық заманында өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан мемлекетке алақан жайып, қамсыз отыруға болмайды. Үй аламын деген адамға мемлекеттік деңгейде көптеген қолдаулар, көмектер бар. Соны тиімді пайдаланған жөн. Мысал ретінде айтқан бағдарламалардың дені азаматтарға көп жеңілдік жасап отыр.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓