Абоненттерге арналған айрықша шара
"Қазақтелеком" АҚ-ның 20 жылдығы аясында Қостанай облыстық телекоммуникация дирекциясының басшылығы қатардағы қызметкерлер рөліне еніп, абоненттерге қызмет көрсетіп, өздерінің жұмыс күнін ерекше өткізді. Мұндай игі шараның мақсаты тұтынушыларға көрсетілетін қызмет сапасын жақсарту.
Қостанай облыстық телекоммуникация дирекциясындағы дублер күні тым ерекше басталды. Себебі, компанияның басшылары қарапайым қызметкерлердің рөліне еніп, бір сағат бойы қала тұрғындарына қызмет көрсетті. Мәселен, Қостанай ОТД-ның бас директоры Қажымұрат Темірханов Байланыс орталығындағы "160" қызметінің операторы ретінде абоненттердің қоңырауын қабылдап, сұрақтарына жауап берді. Көмек сұрай хабарласқан абоненттерге Megaline, iD Phone, iD TV, iD Net жайлы ақпарат беріп, қосымша қызметтер туралы да кеңінен түсіндірді.
Қостанай ОТД-да Байланыс орталығының орны ерекше. Себебі, абоненттер үйден шықпай-ақ "160" нөміріне тегін қоңырау соғу арқылы "Қазақтелеком" АҚ-ның қызметтері туралы кеңес алады. Сондай-ақ аталған қызмет нөміріне хабарласу арқылы интернет, Megaline, iD TV орнатуға өтінім беруге болады. Өзге де сұрақтарға орталықтың операторлары жауап беруге сақадай сай дайын. Бұл абоненттер үшін тиімді әрі ыңғайлы. Аталмыш орталыққа күн сайын шамамен мыңнан астам қоңырау келіп түседі екен. Осының өзі "160" қызметінің көптің сенімін ақтап отырғанын білдірсе керек.
– Әр ұжымның басшысы жұмыс орнының ерекшелігін білу керек. Сондықтан, мен бір сағат бойы Байланыс орталығының қызметкері ретінде абонент-термен тілдесуді жөн көрдім. Іс шара барысында оператор қызметінің ерекшелігін, маңыздылығын сезіндім. Байланыс орталығының операторы жауапкершілігі мол, сауатты, білімді болуы керек. Абоненттермен тіл табысып, ақпаратты толық жеткізуі тиіс. Осы мақсатта біз операторларымызды оқытып үйрету арқылы сауатты маман дайындаймыз. Олар емтихан тапсырып, алған білімдерін іс жүзінде дәлелдейді, – деді Қостанай ОТД-ның бас директоры Қажымұрат Темірханов.
Технологияның қарыштап дамыған заманында интернетті пайдаланбайтын адам кем де кем. Интернеттің артықшылығы сол, айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызады. Компьютер тетікшесін басып қалып әлемнің о шеті мен бұ шетіндегі жаңалықты біліп отырасыз. Бұл ретте "Қазақтелеком" АҚ-ның FTTH (fiber to the home) технологиясы бойынша "iD Net" тауарлық белгісімен ұсынылатын секундына 100 Мбитке дейінгі жоғары жылдамдықты Интернет қостанайлықтардың арасында үлкен сұранысқа ие болып отыр.
Оптикалық интернеттің өзге де артықшылықтары туралы Қостанай ОТД бас директорының орынбасары-коммерциялық директор Ольга Падий де тұтынушыларға айтып берді. Білікті маман жұмыс күнін қызмет көрсету желісі операторы ретінде өткізіп, абоненттерге кеңес берді. Қостанай облысы бойынша сервис-бюроларда шамамен 100-ге тарта оператор айына 50 мыңдай абонентке қызмет көрсетеді.
– Үйдегі компьютерімді интернетке қостыру үшін келдім. Қуанышқа орай, дирекцияда дублер күні екен. Маған бас директордың орынбасары-коммерциялық директордың өзі қызмет көрсетті. Осындай игі шараға тап келгеніме қуаныштымын. Білікті маманның сауатты түсіндіруінің арқасында маңызды ақпаратқа қанық болдым, – деді Қостанай қаласының тұрғыны Талғат Сағитов.
Іс шара барысында Қостанай ОТД бас директордың орынбасары-техникалық директор Михаил Полетаев абоненттердің өтініштері бойынша олардың үйлеріне барып, техникалық ақаулықтарды жөндеді. Қостанай ОТД-да бұл бағытта 579 монтер мен кәбілші қызмет етеді.
– Үйдегі интернет дұрыс жұмыс істемеген соң Қостанай ОТД-на хабарласып, көмек сұраған едім. Бүгін ойламаған жерден дирекцияның техникалық директоры өзі келіп, интернетімді дұрыстап берді. Бұл жақсы шара екен. Енді интернетім жақсы жұмыс істеп тұр. "Қазақтелеком" АҚ-ның ұжымына алғыс айтамын және 20 жылдық мерейтойымен құттықтаймын, – деді қала тұрғыны Әсел Жұмағұлова.
Биыл телекоммуникация нарығындағы жетекші оператор "Қазақтелеком" АҚ-ның құрылғанына 20 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында хабар жеткізудің ең қарапайым әдістерінен басталған жұмыс тәсілі бүгінде барынша жетілген коммуникация желілеріне келіп жетті. Қостанай облыстық телекоммуникация дирекциясы қазіргі таңда заманауи өндірістік-техникалық базасы мен кәсіби мамандары бар мықты да мерейі үстем ұйым болып табылады. Қостанай ОТД-ның бүгінгі ұстанған бағыты-өз тұтынушыларына жоғары деңгейде қызмет көрсету. Еңбексүйгіштік қуат, сауатты менеджмент және ұжымның жоғары біліктілігі "Қазақтелеком" АҚ-ның телекоммуникация саласындағы көшбасшылық рөлі мен қарым-қайратын одан әрі нығайтып, айқындай түспек.
Қымбат
ДОСЖАНОВА
Суретте: Қостанай ОТД-дағы іс шарадан көріністер.
Суретті түсірген Юлия Калинина.