Трактор зауыты ашылды
Үкімет басшысы Асқар Мамин Қостанай облысына жұмыс сапары барысында трактор зауытының ашылуына қатысты. Былтыр қаңтар айында Асқар Мамин «Петербург трактор зауыты» АҚ директоры Сергей Серебряковпен кездесу өткізген болатын. Кездесу барысында ҚР мен РФ ауыл шаруашылығы машинасын жасау саласындағы бірлескен жобалар талқыланды. Сол кезде қос елдің Үкімет басшылары бірлескен жобаларды жүзеге асыру жөнінде бірқатар келісімге қол қойды. Соның ішінде Қостанайдағы «Кировец» тракторларын шығару да бар.





– Петербург трактор зауыты Қостанайда энергия үнемдейтін «Кировец» тракторларының өндірісін ретке келтіруді мақсат етеді. Бұған дейін Қостанайдағы Индустриялық аймақтың өндіріс алаңдарының әлеуетімен танысқанбыз. Қазақстанда «ПТЗ» АҚ өнімдері көпшілікке танымал. Мәселен, 2014 жылдан бастап 2017 жылға дейінгі кезеңде Қазақстанда 500-ге жуық «Кировец» сатылды, – дейді Сергей Серебряков.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне сәйкес, жыл сайынғы сұраныс шамамен 1600 бірлік тракторды құрайды. Петербург трактор зауыты – 1801 жылы негізі қаланған Ресейдің бұрыннан келе жатқан машина жасау кәсіпорындарының бірі «Киров зауытының» еншілес кәсіпорны. 2014 жылы К-744Р сериясының «Кировец» ауыр ауыл шаруашылығы тракторларының жаңартылған түрі өндіріске шығарылды. Бүгінде зауыт қуаттылығы 300-тен 450 л.с. дейін К-744Р сериялы «Кировец» ауыл шаруашылығы тракторларының 8 түрін, «Кировец» өндірістік тракторлары негізінде жасалған жол-құрылыс және арнайы машиналардың 17 түрін шығарады.
Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ
Сурет интернеттен алынды