Аружан емделуге аттанады
Сирек кездесетін дертке шалдыққан қостанайлық 3 жасар сәбидің емделуіне қаржы жиналды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Дәрігерлер Федоров ауданының 3 жасар тұрғыны Аружан Нұржановаға саркома обыры (ағза жасушаларында өсетін қатерлі ісік) диагнозын қойды. Баланы аман алып қалу үшін Германияда ота жасау керек. Емдеу құны – 95 000 евро. Анасы Руслана Нұржанованың айтуынша, Аружан қазір Астанада химия терапиясынан өтіп жатыр.
«Бір айдың ішінде 70 000 евро жиналды. Кеше Германияның Неrz for Kinder атты қайырымдылық қоры біздің есепшотымызға 18 000 евро аударды. Енді барлық қаржы жеткілікті. Бүгін Мюнхенге ұшамыз. Қызымыз үшін қайырымдылық шараларын өткізген жандарға, тілшілер қауымына алғысымыз шексіз», – деп хабарлады Руслана Батырбекқызы «ҚазАқпарат» тілшісіне.
Еске салсақ, Аружанды құтқару үшін қостанайлық «Тобыл» футбол клубының ойыншылары жейделерін сатты. Сондай-ақ, облыстық Марал ишан мешітіндегі қайырымдылық жәрмеңкесінен 1 милион теңгеден астам қаражат жиналды.