Ән додасы мәресіне жетті
Өңірімізде "Арқада Наушабайдың Нұржаны өткен…" атаумен екі күн бойы өткен І республикалық дәстүрлі ән орындаушылары байқауы жоғары деңгейде ұйымдастырылды десек, қателеспеспіз. Өнер додасына облысымыздың аудан-қалаларынан бөлек, еліміздің Семей, Алматы, Нұр-Сұлтан, Жезқазған, Көкшетау өңірлерінен 15 үміткер қатысып, бағын сынап отыр. Байқау шарты бойынша қатысушылар міндетті түрде Нұржан бабамыздың 1 әнін және халық әндері мен халық композиторларының 1 шығармасын орындау керек.

Ән сайысының алғашқы күні Нұржан Наушабайұлының ел арасында кең тарала қоймаған «Көңілашар», «Бәтимаға», «Көкенай», «Асыл-ай», «Ара-ай», «Жан сәулем» және «Назым» қатарлы шығармалары мен «Қарғам-ау», «Қорлан», «Екі жирен», «Қазақстан аймағы», «Гүлдариға», «Ғайни», «Ағашаяқ», «Алқаракөк», «Сарыбидай», «Інжу-маржан», «Шіркін-ай», «Қалқаш-Қамқаш», «Ардақ», «Аққұм», «Қанатталды» қатарлы әр өңірдің ән мектебі өкілдерінің жауһарлары орындалды.

Бірден айта кетейік, Нұржан сал елі атынан қатысқан үміткерлерден гөрі, еліміздің өзге аймақтарынан қатысқан қыз-жігіттердің дайындығы мен орындауы көптің көңілінен шығып жатыр. Әсіресе, Нұржанның «Бәтимағасы» мен «Ара-айын» орындаған семейлік Таңат Мұқашев пен Айдан Бауыржанов, нұрсұлтандық Ақылтай Зекенов пен Фархад Жәкіштерге бәрекелдіден басқа айтарымыз жоқ. Жезқазғандық қоңыр дауысты Сағымбай Мәлібековтен зор үміт күтіп едік, сөзінен жаңылды да қалды. Ал өзіміздің облысымыздың қыз-жігіттері арасынан қара дүрсін болса да, Жанат Мінайдар «Ара-ай» әнін пошымын бұзбай айтып шықты.





Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ