Сапалы білім – нәтижелі ғылымның өзегі
Рудный индустриялық институтының 60 жылдығына арналған «Ғылым, технологиялар және білім интеграциясы саласындағы заманауи инновациялар» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға жиналған қауымның ортақ пікірі осыған саяды.Мерейтойлық іс-шараның пленарлық мәжілісіне Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, ҚР Білім және ғылым Министрлігінің персоналды басқару қызметінің басшысы Лаура Мылтықбаева мен Чехия, Болгария, Германия, Украина, Беларус, Ресей мен еліміздің техникалық білім саласының майталман ғалымдары қатысты.
Конференцияның шымылдығын ашқан аймақ басшысы Архимед Бегежанұлы:
– Солтүстік Қазақстандағы жалғыз техникалық жоғары оқу орнының түлектері еңбек нарығында зор сұранысқа ие. Бұған сапалы, әрі бәсекеге қабілетті білім негіз болғаны сөзсіз. Мәселен, білім ордасы ЖОО институционалдық рейтингісінде «Техникалық ғылымдар мен технологиялар» бағыты бойынша үздік ондықтың, ал Ұлттық рейтингте ТОР-20 қатарына қатарына кіреді, – дей келе институт ұжымын мерейтойымен құттықтап, ерекше естелік күміс тиындарының жиынтығын сыйға тартты.
Сондай-ақ облысы әкімінің құрмет грамотасымен ректор, профессор Әбдірахман Найзабеков, ғалым-қызметкерлер Зәуреш Хабдуллина, Алтын Ыбыраева, Ирина Штыкова, Лилия Лескова, Сергей Кузьмин, Талас Қалдыбиев марапатталды.
Рудный индустриялық институтымен инновациялық білім мен технологиялар саласында қоян-қолтық байланыс орнатқан Германияның Фрайберг тау-кен академиясының проректоры, профессор Рудольф Кавалла, Ченстоховск политехникалық институтының деканы, профессор Марчин Кнапиньский де сөз сөйлеп, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Айта кетейік, екі күнге созылған конференцияда 100-ге тарта ғалым «Төртінші өнеркәсіптік революция», «Заманауи тау-кен металлургиялық кешен» және «Неоиндустриялық және инновациялық даму контекстіндегі экономикалық, әлеуметтік және рухани жаңарту» секциялары бойынша өз баяндамаларын оқып, технологиялар және білім интеграциясы төңірегіндегі өзекті мәселелерді талқыламақ.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев