Әріптестікке келісті
Қостанайда «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы қызметкерлері облыс әкімдігімен бірлесіп, өңірдің оқу орны жетекшілерімен және туроператорлармен кездесу өткізді. Іс-шара аясында «Астана ЭКСПО-2017» ҰК, Қостанай облысы әкімдігі және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арасында үшжақты ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды. Аталған құжат оқушылар мен түлектер үшін «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесі нысандарына мәдени-білім беру турларын ұйымдастыруды көздейді.





«Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ Қоғаммен байланыс департаментінің мәліметінше, «ЭКСПО-2017» көрмесі нысандарының жұмысы қайта жанданған сәттен бастап, «Нұр Әлем» сферасына 13 мың оқушы және 2,7 студент келіп көрген. Бүгінде балалар туризмі қарқынды дамып келеді және ол үшін республикада барлық жағдай жасалған.

Еске салсақ, 2017 жылғы 11 қарашада ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесі нысандары өз жұмысын қайта бастаған. Келем деушілерге өз есіктерін көрме кешенінің туристік аймағының «Нұр Әлем» сферасы – «Болашақ энергиясы» мұражайы, Үздік тәжірибелер аймағы, Энергия холы мен Конгресс-орталығы ашты. Сондай-ақ, тәулік бойы 1000 автоорындық жерасты тұрағы жұмыс істеп тұр.
Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ
Суретті түсірген Бағдат Ахметбеков