LATYN – NAǴYZ HATYŃ
Елордадағы Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл – Қазына» ғылыми-практикалық ұлттық орталығын ұлт руханиятына ерекше серпіліс әкелген әліпби реформасының бас штабы десек артық болмайды. Өйткені жаңа әліпбиге қатысты ғылыми-әдістемелік, ұйымдастыру шараларының барлығын осы орталық ұйымдастырады. Қазір мұнда 70-ке жуық адам жұмыс істейді. «Тіл – Қазынаның» қазіргі кездегі негізгі жұмысы – Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты дайындаған латын әліпбиінің емле ережелерін сараптау, талқылау, талдау, халыққа жеткізу, насихаттау. Біз Нұр-Сұлтан қаласына арнайы барып, ұлттық орталықтың атқарушы директоры Ербол Ерденбекұлы Тілешовпен сұхбаттасқан едік. Әңгіме жаңа әліпби төңірегінде өрбіді.– Ербол Ерденбекұлы, әу бастан осы істің басы-қасында жүрсіз. Жаңа әліпбиді халық көрді. Енді оны игеру қалай жүріп жатыр?
– Маңызды деген екі нәрсені бөліп айтуға болады. Біріншісі, былтыр 6 желтоқсанда Ұлттық комиссияда емле ережелерінің мақұлдануы болса, екіншісі, үстіміздегі жылы оқыту курстарының басталуы және жалпы насихаттық жұмыстардың қарқын алуы. 2018 жылы 19 ақпанда Елбасы Жарлығы шыққаннан кейін, біз сол насихаттық және әдістемелік жұмыспен Қазақстанның барлық 17 өңірін аралап, кейбір аудандар мен қалаларға дейін барып, 20 мыңға жуық адаммен бетпе-бет кездестік. Оның сыртында БАҚ арқылы 3 млн адамға емле ережелерін таныстырдық. Осының нәтижесінде бізге мың жарым ұсыныс келіп түсті. Біз осы ұсыныстарға мониторинг жасап, Президент әкімшілігіне бердік. Ол насихат жылы болды. 2019 жылдың ерекшелігі – бұл әдістемелік жыл. Биыл екі жүйемен оқытып жатырмыз. 14 наурызда Талдықорған, Тараз қалаларынан бастап, 23 маусымда Ақтау қаласына дейін тағы да 17 өңірді қамтып, 12 сағаттық оқу бағдарламасымен мың жарым адамды оқыттық. Бұл бағытта облыстардағы оқыту орталықтары, олардың аудандардағы филиалдары, жергілікті жоғарғы, арнайы және орта білім беретін оқу ошақтарының оқытушылары мен мұғалімдері дерлік қамтылды. Сонымен бірге қазір Нұр-Сұлтан қаласында қазір 72 сағаттық жүйемен оқып жатырмыз. Қазір жаңа әліпби емлесінің бекітілуі қарсаңында тұрмыз. Ол бойынша Ұлттық комиссия жанындағы Орфографиялық жұмыс тобы да, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты да қарқынды жұмыс атқаруда.
– Жаңа әліпбиді оқытатын мамандар жеткілікті ме?
– Біздің әдіскер-ғалымдарымыз қазақ тілін екінші тіл ретінде оқытуға маманданған. Емле ережені оқытуға маманданбаған. Сондықтан біраз уақыт жұмсап маман даярлауға, ғалымдарды бейімдеуге тура келді. Қазір өзіміздің ғалымдар бар, Қарағанды мен Алматының ғалымдары бар, барлығын жұмылдырып, халықты тікелей оқытатын 24 сағаттық оқу құралын аяқтадық. Амандық болса, ол қазанның аяғында «Жаңа жазу» деген атпен кітап болып шығады. Біздің «Тіл әлемі» сайтына орналастырылып, жалпы көпшіліктің қолданылуына мүмкіндік жасалады.
– Латын таңбасын үйретудің әдістемесі қалай болады?
– Қазақ тілін екінші тіл ретінде оқытудың әдістемесі, міне, 30 жылдан бері ақырындап қалыптасып келеді. Латынды оқытудың әдістемесі оған қарағанда мейлінше, тезірек қалыптасады деп ойлаймын. Себебі тілді үйретуге қарағанда таңбаларды игерту оңайырақ болады. Мұнда, әсіресе, ілгерінді, озық тәжірибелі бастауыш мектеп мұғалімдерінің тәжірибесі пайдалы. Өйткені бастауыш мектепте оқу жылының басы – қыркүйектен бастап, желтоқсанға дейін әліппе оқытады ғой. Бұл да әліппе оқытудың бір түрі сияқты ғой.
– Латын әліпбиін үйретудің жаңа технологиясын қалыптастыру жағы қалай?
– Бұл – былтырдан бері істеліп жатқан үлкен бір жұмыс. «QAZLATYN» порталы ашылып, оның ішіне конвертер орналастырылды. Конвертер латын, төте жазу және кирилл әліпбилері жүйесінде жұмыс істейді. Бұл конвертерге қазір күніне 250 мыңға дейін адам кіреді. Бұл жаңағы үш әліпби жүйесінде таңбаларға мәтіндік аударма жасайды. Мысалға, 50 беттік мәтін 3 секундта аударылады. Ал «Абай жолы» роман-эпопеясын кирилден латынға немесе кирилден төтеге бірнеше минутта аударуға болады. Бұл конвертердің мүмкіндігі арқылы әлемнің әр түкпірінде жүрген қазақтар ортақ әліпбиді пайдалануға жол ашылады.
– Латын әліпбиіне халық тез үйреніп кете ала ма?
– Оңай үйреніп кетеді. Әсіресе жастар тез алып кетеді. Өйткені мектепте Менделеевтің периодтық жүйесінде 26 латын таңбасы тұр. Физикадағы SI жүйесі бар: «А» деген үдеу, «Ғ» дейтін – күш, «М» деген масса деген сияқты. Латын таңбалары органикалық, бейорганикалық химияда, геометрия мен алгебрада, өсімдіктану мен жануартануда тағы тұр. Яғни 11 жыл орташа оқыған баланың өзі латын таңбаларымен таныс, бұл бір. Екінші, латын біздің тұрмысымызға кірді. Tefal шәйнектен бастап, күнделікті үйде пайдаланатын тұрмыстық заттарымыз, спорттық киімдеріміз, аяқ киімдеріміз, қолымыздағы телефонымыз, қалтамыздағы төлқұжатымыз – бәрі де латынмен таңбаланған. Сондықтан латын соншама бір қытай иероглифі сияқты қиын әліпби деп айта алмасақ керек. Халықтың латын таңбаларына көз дағдысы қалыптасқан, енді қолдағды керек. Ахмет Байтұрсынұлы: «Бала тілдік таңбаны жазып үйренгенде, бірінші жеке таңбаның суретін көреді. Одан кейін буынның суретін көреді. Одан кейін барып тұтас сөздің тұрқын көреді» – дейді. Біз қазір буынға бөліп оқып отырмыз. Тұтас сөздің тұрқын меңгеріп кететін боламыз.
– Қазақ әліпбиін латынға көшірудің кезеңдері жөнінде айта кетсеңіз…
– Латынға өтудің үш кезеңі бар. 2018-2020 жылдар аралығы бұл – ұйымдастыру, әдістемелік-дайындық кезең. Біз қазір осы кезеңдеміз. 2021-2023 жылдары латынға білім жүйесі, жеке төлқұжаттар көшеді. 2024 жылы жергілікті атқарушы органдар, яғни облыстар, аудандар, ауылдық округтар көшеді. Ал 2025 жылы республикалық органдар көшеді.
– Үлгереміз бе?
– Сонау 1991 жылдары да халық қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде қай уақытқа дейін толыққанды меңгере алады деген мәселе көтерілген болатын. Бірақ, міне, 30 жыл өтті, сонау 1988 жылы басталған тіл оқыту әлі күнге дейін жүріп жатыр. Әлі күнге дейін 300 мың қазақтың баласы орыс мектебінде оқиды. Билік негізінен орыс тілінде жұмыс істейді, бизнес – орыс тілінде, ақпаратымыз – орыс тілінде. Яғни қоғамның қозғаушы үш саласы да мемлекеттік тілде емес. Ал енді латынға келсек, латынға бәленінші жылы көшіп бітеміз деп кесіп-пішіп айту өте қиын. Латынға қазақ қашан көшіп болады? Латынға қазақ өз тілінде сөйлегенде, өз тілінде жазғанда ғана көшіп болады. 2025 жылы қазақ өз тілінде толық оқып, жазса, 2025-те көшеді. 2030-да толық оқып, жазса, 2030-да көшеді, 2035 жылы толық оқып, жаза ма, онда 35-те көшеді. Өйткені әліпби мемлекетке жасалмайды, тілге жасалады. Қазақстан Республикасының әліпбиі емес бұл. Бұл – қазақ тілінің әліпбиі. Бұл қазақтардың да әліпбиі емес. Бұл – қазақ тілділердің әліпбиі.
– Сіз бен біздің немесе бізден кейінгі буын латынға дағдыланып кете ала ма?
– Бәлкім, бұл біздің әліпби емес шығар. Бірақ бұл болашақ ұрпақтың әліпбиі. Мысалға, Әуезов молдадан хат таныды. Семейдің мұғалімдер семинариясына барғанда кирилше орысша оқыды. Санкт-Петербургтің университетінде тағы орысша оқыды. Бірақ Әуезов шығармаларының барлығын араб таңбасымен жазды. Мүсірепов те солай істеді. Араб графикасы 1929 жылы қалды ғой. Бірақ Мүсірепов өмірінің соңына дейін, 1985 жылға дейін араб таңбасымен жазып келді. Бауыржан Момышұлы да араб графикасымен жазып келген. Сондықтан біздің ұрпақ, мүмкін, кирилше жазып кете беретін шығар. Бірақ тағы да қайталаймын, латын соншалық бір қиын әліпби емес.
Латын әліпбиінің үлкен бір жетістігі бұл – қазақтың басын қосуында. Қазақ өзінің сан мың жылдық тарихында тұңғыш ортақ әліпбиге ие болды. Дүниежүзінің 45 елінде 4 миллион қазақ тұрады. Сол қазаққа ортақ әліпби пайда болды. Қазір Түркияның қазағы да, Қытайдың қазағы да, еуропаның қазағы да бір әліпбиден оқиды. Бұның, әрине, жұмысы көп. Бұл енді ынта-жігерге байланысты.
– Жаңа әліпбиде жазылған оқулықтар қашан шыға бастайды?
– 2020 жылдан бастап бірінші сынып оқулықтары латын қарпінде басылып шығады. Сол жылы 5 сынып оқушыларына қазақ тілі мен әдебиет латын таңбасымен оқытыла бастайды. 6 сыныпта оған Қазақстан тарихы мен география қосылады. Бала 11 сыныпқа барғанша, бірте-бірте латын қарпіне басымдық беріле бастайды. Сөйтіп оқыту жүйесін латынға көшіру 2032-2033 жылдың ішінде аяқталады. Білім және ғылым минситрлігінің қазіргі жобасы бойынша, орыс тілді мектептерге 6 сыныптан бастап факультатив сабақ кіреді. Бұл орыс тілді сыныптар мектеп бітіріп, қызметке барған кезде, біз қазақ тілін білмейміз деп қазақ тілін қайтадан басынан бастап оқымас үшін керек.
– Латын әліпбиіне деген сеніміңіз мол екен…
– Сенімім мол болатын себебі, 1991-1992 оқу жылы қазақ мектебінде оқығандар 28% пайыз болды. Қазір 81%. Оның сыртында, 2016 жылдан бастап бірінші сыныпқа барғандар 89%-ке жетіп отыр. Бұл – бір фактор. Екінші фактор, біреу мән берді, біреу мән бермеді, 2018 жылдың шілде айында орыс халқы Қазақстанда тұңғыш рет 20%-тен төмен түсті. 1926 жылы, Ахаңдардың кезінде орыс халқы 22% болған. 2019 жылдың 1 шілдесіндегі санақ бойынша, орыс халқы 19,3%, қазақ халқы 68% болды. Бұл – екі. Үшіншіден, Еліміздегі екінші болып тұрған халықтың орта жасы – 56 жас, қазақтың орта жасы – 25 жас. Көшіп келіп жатқан кім, көшіп кетіп жатқан кім? Міне, осы демографиялық сальдо, демографиялық процестер біздің пайдамызға жүріп жатыр. Бәріміз білетін «Аяз би» ертегісінде: «Көп қорқытады, терең батырады» – деген бар емес пе?! Сол Аяз би атамның айтқаны болады. «Көп қорқытады, терең батырады». Тілге байланысты менің түйгенім осы. Өйткені бірте-бірте көбейіп келеміз. Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласында 110 мектеп бар. 110 мектептің 10-ы ғана орыс тілді мектеп, болды. 50 шақтысы – аралас мектеп. 50 мектеп – қазақ тілді. Біз осыны көрдік пе? Нұр-Сұлтанның 79,2%-і қазақ. Алматыда – 60%, Таразда – 66%, Шымкент – 68%, Талдықорған – 74%, Ақтөбе – 79%. Бұл біздің өміріміздегі оң өзгерістер.
Латын әліпбиі ешкімнің басбайлы әліпбиі емес. Латын тілі – өлген тіл. Кирил әліпбиінің иесі бар ғой. Иесі – саясат. Президент Тоқаевтың кешегі Жолдауында қазақтың жоғарғы билігінің тарапынан тұңғыш рет біз күткен бір сөз айтылды. Президент: «Тіл үлкен саясаттың құралы екенін де ұмытпаған жөн» – деді. Бұл бұған дейін ешқашан айтылмаған. Тіл деген саясат емес деп келдік қой. Латынға әліпиді көшірудің ең бірінші себебі – саяси-қоғамдық себеп. Неге? Әлемде 36 әліпби бар, кеңінен қолданылатын. Латын соның біреуі. Әлем халқының 36%-і латынды пайдаланады. Әлемнің 3-ақ %-і кирилмен жазады. Яғни латынның өрісі 12 есе кең. 200 миллион түркі халқы бар. Соның 55,6%-і латында, 25%-і араб графикасында, 17,7 %-і ғана кирилде. Ғылым,білім, инновацияның 77%-і латын негізді әліпбиде пайда болады екен. 0,2-ақ пайызы кирил негізді әліпбиде пайда болады. Бұл не деген сөз? Бұл латын әліпбиіне қарағанда кирил әліпбиі 250 есе бәсекеге қабілетсіз, немесе латын әліпбиі орыс әліпбиіне қарағанда 250 есе бәсекеге қабілетті деген сөз. Сонда біз, бірінші, әлемнің ішінде азшылықтың ішіндеміз, екіншіден, түркі ағайынның ішінде азшылықтың ішіндеміз, үшіншіден, ғылым-білім мен жаңа инновацияның ішінде де азшылықтың ортасындамыз. Біз осы күйімізде қалуымыз керек пе? 2006 жылы Ассамблеяның жиналысында Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақ әліпбиі орыс әліпбиінің перифериясы болмауы керек» – деді, бұл біз орыс алфавитінің филиалы болудан кетуіміз керек дегенді білдіреді. Периферия деген филиал ғой. Біз қазір филиалмыз. Егер латын әліпбиі енбесе, қазақ тілі өз орнына қонбаса, рухани жаңғыру болмайды. Рухани жаңғырудың негізі – тіл. Тек қана тіл! Қазақтың тілі! Күнде шапан кимейсің, күнде бауырсақ жемейсің, күнде қымыз ішіп, көкпар тартпайсың. Күнде қазақтың тілінде сөйлеп, жазып қана қазақ боласың. Біреуміздің түріміз корей сияқты, біреуіміз кавказға, біреуіміз орысқа ұқсаймыз. Біздің антропологиямыз да шартты. Ата-бабамыздың кім екенін құдай біледі. Күнделікті жеген тамағымыздың біразы шетелдікі, көлігіміз немістікі, телефонымыз корейдікі, үтігіміз қытайдікі, киномыз Американікі, интернетіміз тағы бір елдікі. Сонда қазақ қалай қазақ болады? Қазақ туған тілінде сөйлеп қана қазақ болады. Бүкіл әлем сондай. ХХІ ғасырда халықтардың ұлттық атрибуты болып тек қана тіл қалды. Әлем соншалықты араласты, жақындасты. Қазір жастар басқа елді, басқа мәдениетті жатсынбайды. Шетелде оқу бітіргендердің біразы сонда қалып қойып жатыр. Оларға Қазақстаның да, Америкаң да бір. Өйткені әлем бізге айқара ашылды. Әлем бір жағынан кеңейді, екінші жағынан тарылды. Осы тарының қауызындай тарылған әлемнің негізгі таңбасы – латын. Дамыған 20 мемлекеттің 18-і латын әліпбиінде. Бүкіл әлемдік кодтар, халықаралық пошта, авиа, темір жол – барлығы да латында. Ресейдің өзі 2000-шы жылдары латын әліпбиінің жұмысшы нұсқасын бекітіп алды. Қытайлар «пиньинь» деген атаумен, жапондар «ромадзи» деген атаумен өз тілдерінің латын әліпбиін бекітіп алған және оны белсенді түрде қолданады. Латын әліпбиі қазіргі әлемнің өзара түсінісуінің шын мәніндегі халықаралық таңбалар жүйесіне айналды. Өйткені әлем әйтеуір бір шартты белгілер арқылы тіл табысуы керек. Таңба деген шартты белгі ғой. Сондықтан бұл әлемнің рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық жақындасуының негізгі шартты белгісі.
– Қазір кейбір азаматтар латын әліпбиіне көшсек, кітап оқылмай қалады, балалар мен жастар әдебиетімізді оқымайды деп жазуда, осыған қалай қарайсыз?
– Бұл аса негізді әңгіме емес, қазір бәрі электронды тасымалдағыштарға көшкен. Мәселен, 100 IT маманына, бағдарламашыға: «Көне дәуірден бастап, бүгінге дейінгі кирилл әліпбиіндегі қазақ тіліндегі еңбектерді латын таңбасына аударып беріңдер» – деп тапсырма берсек, осы шаруаға бірер апта ғана жеткілікті. Олар осы уақыт ішінде қазақ тілінде жарық көрген көркем, ғылыми, публицистикалық және тағы басқа жанрлардағы еңбектерді латын әліпбиіне оңай аударып береді. Сондықтан "жаңа әліпбиге көшсек, сауатсыз болып қаламыз" деген үрей мен даурықпаның реті жоқ.
– Жаңа әліпбидегі 4-5 таңба төңірегінде әр түрлі пікірлер айтылып жүр…
– Бұл таңбалар әлі орнығады деп ойлаймын. Ол мына екі «и»-дың қосарланып берілуі, «х» мен «ш»-ның бірдей берілуі, екі диграф, сосын «і»-нің үсті түртілмеген, «ы»-ның орнына келуі. Сонымен 6 таңба. Біз осы 6 таңба жөніндегі ұсынысымызды бердік. Бұл ұсыныста, біріншіден, акуттың екпінді білдіретіндігі, оның орнына умлаут, седиль, бревис сияқты таңбаларды ерекшелейтін диакритикалар қажеттігі жөнінде айтылды. Екіншіден, бекітілген әліпбиде таңба үстіне қойылатын диакритикалық белгі болғандықтан, диграфты кіргізудің керегі жоқ. Сосын «ч»-ны алып тастау керек. Енді мұны Ұлттық комиссия қарайтын шығар. Қасым-Жомарт Тоқаевтың тағы бір мамандығы лингвист екендігін ұмытпауымыз керек. Бұл кісі Пекин Лингвистикалық университетінде оқыған. Қасым-Жомарт Кемелұлы білетін 5 тілдің үшеуі латында. Сондықтан Президент бұл мәселеге оралады деп ойлаймын. «В» мен «ф»-ға байланысты да әр алуан пікірлер бар. Қазіргі әлемнің тілдік келбеті қалыптасқан кезеңде «в»-ны алып тастау оңайға соқпайды. Неге десеңіз, 30 томдық сөздікте «в»-дан келетін 11 мың сөз бар екен, «ф»-тан келетін 7 мың сөз бар екен. Бұл екі ұдай нәрсе. Мен «в»-ны алып тастау керек пе, жоқ па, ол жағын әлі білмеймін. Бұл мәселеге келгенде Ахаңның тағы бір сөзін ескеру керек. 1924 жылы Орынборда өткен Білімпаздар сиезінде баяндама жасаған Елдес Омаров арабтан келген таңбаларды алып тастауды ұсынады. Сонда Ахаңның һ таңбасы қазақтың аһілеу, үһілеу сияқты одағай сөздерінде бар, сондықтан бұл таңбаның қазақ тілінде болуына ақысы бар дегені бар. Ахаң бірнеше ондаған сөздер үшін сырттан енген араб таңбасын қимай тұрғанда, біз 11 мың, 7 мың сөзді қалай қиямыз, осыны ойлайық. Бүгінгі ұрпақ «вагонды» «багон» деп айта ма? Футболды «путбол» деуді қабылдай ма, меніңше, қабылдай алмайды. Жастар: «Сіздер латын әліпбиін кіргіземін деп тілді қиындаттыңыздар» – деуі бек мүмкін ғой. Сондықтан бұл мәселені ойластыруымыз қажет. Біз жаңа әліпби жөнінде бүгінгі күннің мінберінен айтып тұрмыз. Латын тереңдеп қалыптасқаннан кейін, негізі бұл таңбалардың болмағаны дұрыстыққа шығар. Бұл арада принцип біреу болу керек: қазақта 28 дыбыс бар ма, сол 28 дыбысқа 28 таңба болуы қажет. Бұл идеалды нұсқа. Мына бүгінгі емле де, әліпби де осы идеалды нұсқаға апаратын аралық кезең деп ойлаймын. Біз кетуіміз керек, ұрпақ келуі керек.
– Сонда бұл әліпби әлі пісіп-жетілмеді. Оның кемел әліпбиге айналуы алдағы уақыттың еншісінде деп отырсыз ба?
– Иә. Мысалы, Әзірбайжан Республикасын алайық. 92% әзірбайжан. Әзірбайжанда өз тілін білмейтін әзірбайжан жоқ. Олар 3 әліпби, 4 емле қабылдады. Өзінің жері 86-ақ мың шаршы километр. Салыстыру үшін айтайын, Қостанай облысының жері – 196 мың шаршы километр. Әзірбайжан Қостанай облысының жартысына да жетпейді екен. 9 миллион әзірбайжан тығыз орналасқан. Біз сияқты жайылып жатқан жоқ. Сол сияқты моноұлтты Өзбекстанның өзі 4 емле, 4 әліпби қабылдады. Сондықтан мен 2025 жылдардан кейін үлкен бір реформа болады деп ойлаймын. Неге десеңіз, бастауыш сыныптар мектеп бітірген кезде біздің қазіргі теориямыздың кейбір қағидаттары жарамай қалуы мүмкін. Енді бұл теория тәжірибеден өте ала ма, жоқ па, уақыт көрсетеді. Болашақта әліпбиге, емле ережелеріне әлі ораламыз деп ойлаймын.
– Әліпби реформасы о баста қарқынды басталып еді. Қазір толастап қалған сияқты…
– Иә. Сыртқа солай көрінеді екен. Қазір латын әліпбиінің жұмыстары ғылыми-әдістемелік шараларға көшіп кетті ғой. Басында бұл саяси құбылыс, рухани жаңалық болды да, түрлі жиындар көп болды ғой. Ал қазір барлығы өз арнасына түсті. Кітап жазылып жатыр, курстар оқытылуда, ғылыми-әдістемелік семинарлар өткізілуде. Осылардың бәрін атқарып жатырмыз деп күнде алақайлай бермейсің ғой.
– Насихат жеткілікті ме?
– Насихат жеткіліксіз. Жуырда Алматыға барып, қаламгерлер мен баспагерлерге латын бойынша арнайы семинар ұйымдастырдық. 25 журналист, 18 баспагер қатысты. Солардың өзі әліпби реформасының айналасында болып жатқан жайттардан бейхабар. Олар бүгінгі руханиятымыздың ең алдыңғы қатарлы адамдары ғой. Алматының төрінде отырған баспагер, газет шығарып отырған редактор хабарсыз болса, қалған жұрттан не сұрайсың?! Сондықтан насихатты күшейтуге арнайы тұжырымдама қабылдап, мақсатты жұмыстарды бастап кеттік. Соның бір үлкен мысалы – 24 қазанда Нұр-Сұлтан қаласында барлық өңірлердің және орталық атқарушы органдардың, Парламенттің, жоғары оқу орындарының қатысуымен өткізілетін «Жаһандану және ұлттану үдерісіндегі қазақ тілінің өміршеңдігі» атты форум. Бұл форумда латын әліпбиі, тіліміздің мемлекеттік мәртебесі, әр салада қолдану ерекшеліктері, жалпы бүгіні мен болашағы кеңінен сөз етіледі.
Сұқбаттасқан Нұрқанат Құлабаев