Құсмұрын газбен қамтылады
Әулиекөл ауданының Құсмұрын елді мекеніне газ құбырын тартуға 4 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы Әулиекөл ауданы әкімдігінің "Фейсбук" желісіндегі парақшасында хабарланды.
Құрылыс-монтаждық жұмыс сомасын азаматтарды қабылдау кезінде аудан әкімі Ерлан Теменов мәлім етті. Ауқымды жоба 3 жылға есептелген. Оны республикалық және облыстық бюджет қаржыландырады. Көгілдір отын игілігін құсмұрындықтар ғана емес, Чернигов ауылының тұрғындары да көрмек. Жобада көрсетілген үш жыл аясында мердігер компаниялар газ жеткізуші және таратушы желілерді салумен айналысады.
Осылайша, Әулиекөл, Құсмұрын және Чернигов ауылдарын газдандыру арқылы ауданның 70% тұрғыны табиғи отынмен қамтылмақ.
Айта кетейік, аудан орталығындағы 1,5 млрд теңгеге есептелген жалпы ұзындығы 123 шақырымдық газ тарату желісінің құрылысы аяқталуға жақын қалды.