Үнемделген қаражат – әлеуметтік салаға
Қостанай облысының 2017-2019 жылдарға арналған бюджетінде өзгерістер мен толықтырулар орын алды. Бұл туралы бүгін облыс әкімі А.Мұхамбетовтың төрағалығымен өткен облыстық мәслихаттың 6-шы шақырылымының кезектен тыс сессиясында айтылды.Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ерлан Спановтың сөзінше, 2 млрд. 23 млн. теңге үнемделген. Ал, бұл қаражат түрлі қажеттіліктерге жұмсалмақ. Мәселен, Арқалық қаласын қыс бойы мазутпен қамтамасыз етуге 704 млн. теңге, Қостанайдағы “Юбилейный” шағын ауданын электрмен қамтамасыз етуге 383,3 млн теңге және Заречный ауылындағы “Северный” ықшам ауданда салынып жатқан арендалық екі тұрғын үйдің құрылысын аяқтау үшін 86 млн теңге бөлінбек. Мұның сыртында, 100 млн теңге Ұзынкөл ауданындағы Мәдениет үйінің күрделі жөндеу жұмыстарын аяқтауға, ал 8,8 млн теңге облыстағы интернат үйлерінің коммуналдық төлемдеріне берілмек. Сонымен қатар, 70 млн теңге Меңдіқара ауданына қарасты Первомайское ауылы мен Боровской селосының және Денисов ауданының Некрасов ауылдарын сумен жабдықтау жұмыстарына жұмсалады. Ал, Затобол кентіндегі Ленин, Молодежная, Темирязев және Новая көшелерінің бойында төмен қысымды газ тарату желілерінің құрылысын қаржыландыруға 48,9 млн теңге қарастырылып отыр.
– Қосымша қаржыландыруды көздеген барлық жобалар үшін мердігер анықталып, құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде, барлық көлемдер орындалады және бюджеттік қаражат 2017 жылы игеріледі, – дейді Ерлан Спанов.
Қарлығаш ОСПАНОВА