Мәдениет саласының мәуелі ісі
Былтыр облыс көлемінде "Рухани қазына", "Қазақстанның сакралды географиясы" және "Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет" жобалары жемісті жүзеге асты. Жобалар аясында ұйымдастырылған мәдени шаралардың тізімі көп. Ал биыл қостанайлықтарды қандай ауқымды жобалар күтіп тұр?
Өткен жылы өңірде 53 кіші жоба мен шарғы-шаралар іске асқан. Оның 8-і облыстық маңызға ие, ал қалған 45-і аймақтық деңгейде ұйымдастырылды. Бұған жұмсалған қаржы көлемі – 178 млн теңге.
– Қоғамның ерекше назарын аудартқан оқиғалар – "Рухани қазына" ұйымдардың, мәдениет және өнер қызметкерлерінің форумы, "Көктем-қыздар" республикалық вокалдық байқау, "Жас толқын" облыстық декоративті өнер байқауы және "Облыстың анағұрлым живопистік орындарындағы қостанайлық суретшілердің пленерлері" жобасы, – деп мәлімет берген еді облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов. – Аймақтық деңгейде де ауыз толтырарлық шаралар өтті. Қостанай ауданында "Қымызмұрындық", Сарыкөлде "Ұлы дала" фестивальдері, Амангелдіде және Лисаов қаласында республикалық айтыс, Жангелдинде "Торғай әуендері", "Бабалар сазы" республикалық ән байқаулары, Қамысты ауданында "Әнім саған, туған жер" фольклорлық әндер фестивалі сәтті жүзеге асты.
Басқарма басшысының сөзінше, зиялы қауым, ҮЕҰ өкілдерінің атсалысуымен өткен шараларға 80 мыңнан астам адам қатысқан. "Достық көпірі" облыстық кіші жобасы аясында халықаралық фестиваль, байқау, гастрольдер де ұйымдастырылыпты. Нақтылай айтқанда, облыстың 18 шығармашылық ұжымы және 60 дарынды өнерпаз Қазақстанда және алыс-жақын шетелдерде өткен халықаралық сайыстарға қатысып, 77 жүлделі орынға ие болған.
Осы жылға құрылып отырған жоспарлар да ауқымды. "Рухани жаңғыру" және "Ұлы даланың жеті қыры" мақалалары негізге алынып, "Айналдым сенен, Атамекенім!" қазақ халық шығармашылығы фестивалі өтпек. Мұның сыртында Нұржан Наушабаев атындағы қазақтың дәстүрлі әндерін орындаушылардың республикалық байқауы, "Өнеріміз саған, Қазақстан!" облыстық фестивалі, "Тобыл жағалауында" халықаралық театр фестивалі салтанат құрмақ.
Облыстың қасиетті жерлерін насихаттау жұмысы да жоспардағыша атқарылды. Барлық 29 нысанның GPS-координаты анықталған. Қазіргі таңда 2018-2020 жылдарға арналған сакралды нысандардың қолжетімділігін қамсыздандыру және инфрақұрылым жасаудың жол картасы пысықталып жатыр. Яғни жалпыұлттық маңызға ие орындарға апараттын жолдар жөнделіп, QR кодтар, ақпараттық тақталар орнатылып, визит-орталықтар ұйымдастырылмақ. Туған өлкенің киелі нысандарын насихаттау мақсатында осы жылы қазақстандықтарға виртуалды саяхат ұсыну ойластырылып жатыр.