Түғыры биік тақтақ ақын

Қазақ әдебиетінде өшпестей із қалдырған бірегей тұлға – Нұржан Наушабаев. Поэзия әлемінде қазақы нақышты әйгілеп, әрлендірген тақтақ ақынның биыл 160 жылдығы. Осыған орай «Арқада Наушабайдың Нұржаны өткен..» атты І республикалық дәстүрлі ән орындаушыларының байқауы өтеді.nurzhan-naushabayulyi
Ел ауызында "тақтақ" атанып кеткен Нұрмұхамбеттің мұрасы мол, әр тармағынан даланың дара стилі аңқып тұрады. Алаш әдебиетінің көрнекті өкілінің жазған дүниелері солақай саясаттың тұмшалауына тап болды. Бірақ, ақынның дүниелері халқымен бірге жасап, бүгінге жетті, ұрпақ санасында жаңғырды.
Бір бойында ақындық, композиторлық, серілік, балуандық секілді керемет қасиеттер ұштасқан тұлға қай заманда болсын ұрпаққа ғибрат етуге әбден лайықты. Наушабаев мұрасын жаңғыту мақсатында қазанның 16-17 аралығында «Арқада Наушабайдың Нұржаны өткен» атты І республикалық дәстүрлі ән орындаушыларының байқауы өтеді.
"Қазақ фольклорлық өнеріне классикалық үлкен үлес қосқан, әрі ақын, әрі балуан, әрі әнші, жыршы-термеші Нұржан атамыздың шоқытығы қашанда биік, – деп бастады ҚР Мәдениет саласының үздігі Манапбек Кәдіров. – Нұржан Наушабаев мұраларының осы күнге жетуіне, кітап болып басылуына, ғұмырының зерттелуіне Сыздық Әбілғазин ақсақал өлшеусіз үлес қосқан еді. Осы кісінің жетегіне еріп, тақтақ ақынның біраз әндерін, термелерін нотаға түсірдік. Онымен шектеліп қоймай, Сыздық ақсақалдан Нұржанша ән айтудың қыр-сырын үйрендік. Жалпы, Нұржан Наушабаев әндерінің халық әндерімен ұқсас, үндес келуінің өзінде мән бар. Солақай саясаттың тарапынан тиым салынғандықтан, Иса Байзақов Наушабаевтың мұраларын "халық әні" деп жазып жіберген. Сыздық Әбілғазиннің атсалысуымен ақынның мұралары еліміздің Алтын қорына енді. Қайраткердің өзге де әдеби туындыларын Татарстанға барып, арнайы зерттеп, қазақ тіліне тәржімалап, жаңғыртқан Ақылбек Қожаұлының да еңбегі орасан".
Республикалық дәстүрлі ән байқауы Затобол кентіндегі «Алтын дән» мәдениет үйінде өтеді. Байқау алдында жыраулық өнердің көзі тірі классигі, фольклор зерттеушісі Алмас Алматов дәстүрлі ән орындаудың жас буын легімен тәжірибе бөліседі. Сондай-ақ, 16 қазан күні ақындардың «Тақтақ ақын – Нұржан Наушабаев» атты өңірлік айтысы өтеді.WhatsApp Image 2019-10-09 at 16.10.30
 
Нұрқанат Нүсіпхан,
Облыстық көркемөнерпаздардың халық шығармашылығы
мен кинобейнеқор орталығының ақпараттық редакторы

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓