Нұралы САДУАҚАСОВ: “Бұйығып жатуды қою керек…”

Өткен аптада өңір басшысы Нұралы Садуақасов Таран, Жітіқара, Денисов, Қамысты аудандарына жұмыс сапарымен барып қайтты. Алдымен таңсәріде Таран ауданының егістік алқаптарын аралап көрді. Таңғы салқын ауа. Айналаны жұқа тұман басып тұр. Шық басқан бидай сабақтары әлі де жасыл түсті қалпы. Мұны көрген Нұралы Садуақасов егістік алқап тиесілі "Әділет" ЖШС директоры Әлия Жүсіповадан мән-жайды сұрай жөнелді.
алау– Шамасы, Сіздер тұқым себуді кеш бастағансыздар. Көріп тұрғандай егін толық піспеген тәрізді. Бірақ егін оруды бастап кеткен шығарсыздар? Әйтпесе, тағы да күтіп қалсаңыздар кеш қаласыздар, – деп Әлия Қасымқызына қарады.
– Иә, ол рас. Тұқым себуді сәл кешірек бастадық. Ауа райының қолайсыздығынан ғой. Қазір егін орудың 29% орындадық. Гектарынан жобалап айтсақ, 8-8,5 центнерден өнім алудамыз, – деді Әлия Жүсіпова.
Мұнан соң облыс әкімі "Аят Агро", "Сұлу", Майлин атындағы ЖШС-нің егістік алқаптарындағы жағдаймен де танысты. Кей жерлерде егін бітік, кей жерлерде мардымсыз өсіпті. Мұны алқап басындағы диқандармен болған кездесуде атап өтті Нұралы Садуақасов. Былтырғы жылмен салыстырғанда Таран ауданындағы егін түсімі көңіл толарлықтай. Енді тек егінмен ғана емес, мал шаруашылығымен де айналысу ләзім екенін өңір басшысы қадап айтты.
– Сол үшін де мемлекет бірнеше бағдарламалар арқылы қаражат құюда, – деді Нұралы Садуақасов. Соны дер кезінде пайдалану, әрине, диқандардың міндеті. Бұйығып жатуды қою керек. Сәтін салса, егін орағын ойдағыдай тәмамдаған соң алған қарыздарыңыздан тезірек құтылуды да ойлап қойыңыздар. Қарыздарыңызды қайтара алмасаңыздар, келер жылы мемлекет қамқорлықты жасай қоюы екіталай.
Міне, осындай жәйттерді алға тартқан Нұралы Садуақасов аудан әкімі Бақберген Өтеулиннің қысқаша есебін тыңдап, оған осы  науқанды  көңіл  толатындай орындауына сәттілік тілеп, Денисов ауданына бағыт алды. Мұнда да біраз мәселенің мәнісіне қанықты. Аудан әкімі Ерлан Жаманов биылғы егіннің түсімі мен ауыл шаруашылығы бойынша атқарылған бірқатар жұмыстарын әңгімелеп, есеп берді.
Жол  бойы облыс әкімі алқапта сабан дестелеп жатқан шаруашылыққа кеп тоқтады. Қазіргі заманға сай технологиямен сабан дестелейтін құрылғыны еуропалықтар тиімді пайдаланатын көрінеді. Қазір мұны біздің фермерлер де жақсы-ақ меңгеріп кетті. Себебі, бұл құрылғымен біз уақытты, жанар-жағар майды тағы басқаларын үнемдейтін көрінеміз.
Келесі Жітіқара, Қамысты аудандарында болған сапары да осы төңіректегі әңгімеге ұласты.
Жітіқарада жылу жүйелерінің жаңартылуы мен жылу маусымына дайындық барысын назарға алды. Қандай кемшіліктердің орын алып жатқандығын да сөз етті.
– "Шағын қалаларды" дамыту бағдарламасын әлі де мықтап қолға  алу  керек.   Әлгі  "Индустриалды аймақ" жобасы қалай? – деді Нұралы Садуақасов аудан әкімі Мейрам Өтешовке.
– Иә, "шағын қалаларды дамыту"  бағдарламасының  келер   жылғы жоспарлары да жасалып қойды. "Индустриалды аймақ" жобасы әне-міне бітіп қалады, –  деді   аудан  әкімі қысқа-нұсқа қайырып.
Содан кейін облыс басшысы Жеңіс паркіндегі жаңартылып жатқан жұмыстарды байқап, "Шандыкөл", "Приречное Агро" ЖШС-нің егістік алқаптарын аралап, диқандармен дидарласып, Қамысты ауданына ат басын бұрды. Мұнда Қамысты ауылына жүргізіп жатқан ауыз су құбырларының қаржы жобасымен танысты.  Бұл  істің  тез арада бітетіндігіне көңілі толды. Одан әрі "Бестөбе-2", "ПКФ "Қайрат", "Алтынсарин" ЖШС-нің егін алқаптарына табан тіреп, егін үстінде қызып жатқан жұмыстарды шолып қайтты. Бұл жерде де диқандарға егін орағын ойдағыдай аяқтауына сәттілік тіледі.
Нұрболат
          МЕШІТБАЕВ
Сурет Алау сайтынан алынды
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓