Қазақтың “Ақ шағаласы”
Туған еліне "қазақтың ақ шағаласына" баланған белгілі сазгер Жанат Темірова келіп, Балалар шығармашылық үйінде концертін берді.
Біз, біз-ау деймін, жалпы туған елі Жанат Темірованы "Үкілі үміт" байқауына қатысып, жеңімпаз болғанынан бері танимыз. Сол байқауда шырқалған "Ақ шағалам" әні күллі қазақ даласына кеңінен таралып, тіпті "хитқа" айналып кетті. Есімі елге танымал әнші Ақбота Керімбекова орындағаннан кейін бұл ән қайта тіріліп, әнсүйер қауыммен қайта қауышты. Бейбіт Оспановтың сөзіне жазылған осы тамаша ән әлі де жастардың сүйікті әніне айналып, ойын-кештерде, сахналарда жиі-жиі шырқалып жүр.
Бұл кеште Жанат Темірова Астана қаласында өзі баптап жүрген бірнеше шәкірттерін ертіп келіпті. Барлығы да халықаралық, республикалық байқаулардың жеңімпаздары мен лауреаттары екен. Атап айтсақ, Мәскеу қаласында өткен "Минута славы" байқауының жеңімпазы Әйгерім Саматова, Фариза Едіресова, Алма Адаханова және Ақтоты Садуақас.
Міне, осы талантты өнерпаздар кешке жиналған жұрттың көңілінен шығып, Жанат апайынан алған тәлім-тәрбиесін көрсетті.
Кеште жергілікті ақындар: Жолбарыс қажы Баязид, Хамитбек Мұсабаев, Бейбіт Оспановтардың сөзіне жазылған әндер шырқалды. Өзінің шәкірті Жанат Теміроваға ұстазы Қалибек Деріпсалдин, ақындар:Серікбай Оспанов, Тарғын Әбенов, Жолбарыс қажы Баязид ағаларымыз лебізін айтып, "Ақ шағаладай" өнер аспанында қалықтай беруін тіледі.
Нұрболат
МЕШІТБАЕВ
Суретте: Жанат Темірова.