Әскери даңқ кітабы –Арқалықта
Келесі жылы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 70 жыл толады. Мерекелік датаның қарсаңында облысымызда "Қостанай облысының Әскери даңқ кітабы" эстафетасы бастау алған еді. Осынау өнегелі іске Арқалық халқы да атсалысты.
Қостанай облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ж.Мақанов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы К.Укин, облыстық мұрағат және құжаттама басқармасының басшысы Г.Мендекинова бастаған делегация Арқалық халқына ерлік эстафетасының мән-мазмұнын түсіндірді. Салтанатты шара барысында көпшілік Жеңіс саябағына жиналып, жауынгерлер рухына тағзым етіп, гүл шоғын қойды. Одан әрі "Жас Ұлан" балалар мен жасөспірімдер орталығының алдында жастардың қатысуымен флеш-моб ұйымдастырылды. Орталықтағы "ҰОС-дағы қазақстандықтар" деген тақырыпта ұйымдастырылған көрме тұрғындарға мол ақпарат бергені сөзсіз. Салтанатты кештің соңында Арқалық қаласының әкімі Ғ.Бекмұхамедов және қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы К.Ақан сөз сөйлеп, "Қостанай облысының Әскери даңқ кітабы" эстафетасын әулиекөлдіктерге табыстады.
Қымбат
ДОСЖАНОВА