Рейд. Карантин талаптарын бұзушылар бар (ФОТО)

Қостанай қаласы әкімдігі жанынан құрылған мониторинг тобы кезекті рейдінде карантин талабын бұзушыларды әшкереледі. Топ құрамында облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау департаменті мамандары мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері, БАҚ өкілдері болды.
IMG_4084
Карантин талаптарын бұзушылардың бірі – «Hola Cinema» ойын-сауық орыны. Мониторинг тобының өкілдерін көре салысымен есік алдында темекі шегіп тұрған жастар (шамамен 5-6 адам) бірден бой тасалап үлгерді. Ғимарат ішінен олардың осында демалуға келушілер екенін айғақтайтын заттар табылды.
IMG_4089Мысалы, мына суреттерден сөнбей қалған қорқор шоғы мен ішіліп бітпеген сыра ыдыстарын, қосулы үлкен экранды көруге болады.
IMG_4095    IMG_4103
Нысанға бас-көз болып отырған Александр деген жас жігіт «біз достармен өзіміз ғана жиналған едік» деп ақталған. Алайда, жауапкершіліктен қаша алмады.
IMG_4100
Қостанай қалалық ПБ Оңтүстік бөлімшесінің учаскелік полиция қызметкері Рамазан Алишев ойын-сауық орындарының жұмысына уақытша тыйым салынғанын түсіндірді.
IMG_4119Заң талаптарын орындамаған аталған кәсіпкерлік нысан иесі енді не айыппұл төлейді, не лицензиясынан айрылады. Оны материалды зерттейтін құқық қорғау органдары шешеді.
IMG_4093
Қазір карантин талаптары күшейтілген кезеңде сауна, моншалардың да жұмысына шектеу қойылған. Бірақ, Қостанайда ол шектеуді елемейтіндер бар. «Эдем» саунасында алғашында мониторинг тобы өкілдерінің кім екенін білмей, есік алдында «құшақ жая» қарсы алған қызметші қыз кейін «мен жай күзетуші сияқты адаммын» деп жауапкершіліктен ат-тонын ала қашты. Тіпті, есікті ішінен жауып алып, біразға дейін ашпай қойды.
IMG_4127
Қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Илона Тимошенко 112 нөміріне қоңырау соғып жатқанын естігенде барып, сауна қызметкері ол әрекетінен түк шықпасын түсінді. Есік ашылды.
IMG_4129
Біз қызметкердің «әңгімесіне» құлақ түре бергенімізде ішінен екі адам шығып, кетіп қалды. Ал арғы кіші залынан бір бала жетектеген екі келіншек шықты.
IMG_4135
Түсіндірме жұмыстарынан соң, «күзетуші» қыздан жауап алынды. Ол түсініктемеге есімін Зульфия деп жаздырды. Бұл кәсіпкерлік нысанның да мәселесі заң жүзінде қаралады.
IMG_4138
Заң талаптарын белден басқан келесі нысан «Nero» деп аталады. Қорқор шегушілерге арналған. Мұндағы оқиға бірден күрделі өрбіді.
IMG_4144
Мониторинг тобы мүшелері лаунж-кафенің жұмыс істеп тұрғанын телефон арқылы білді. «Келіңіздер» дейді ар жақтағы дауыс. Полиция қызметкері мен фотоаппарат, камера арқалағандарға есік ашпай қоюы мүмкін деген «қауіппен» жорыққа алдымен екі әріптесімізді жібердік. Олар кіріп жайғасты-ау дегенде, мониторинг тобы жетіп барды. Сырттағы камераны бақылап отырған нысан жұмысшылары тексеріс, рейдтерден құтылып кетуге әбден әккіленіп алғанға ұқсайды. Есікті жауып, жарықты өшіріп тастаған, музыка түгіл қыбырлаған дыбыс естілмейді. Екі журналисті де сыртқа шығармады.
IMG_4152
Топ мүшелері келген мақсаттарын түсіндіргенде ғана іштегі дауыстар естіле бастады. Учаскелік полиция қызметкері қосымша көмек шақырды. Есік сәл ғана ашылғанда ішінен телефон камерасын қосып, түсіріп тұрған біреу көрінді.
IMG_4155
Кафе екінші қабатта еді. Нысанның ауасы тығыз әрі иін тіресіп тұра бермейік деп төменге түсе бергенімізде есік ашылғаны естілді. Қайта көтерілдік. Ішінде біраз адам отыр. Кафе жұмысшыларының қолдарында бір-бір телефон.
IMG_4158
IMG_4157
IMG_4161
IMG_4162
IMG_4159
Полиция қызметкерлері ешкімнің шықпауын өтініп, бәрінен түсініктеме алатынын хабарлады. Бұл талапқа бағынғысы келмегендер де бар. Осы кезде кафенің қожайыны (жас шамасы 40-45-те) келіп, «жеке меншікке кіруге болмайды» деп дауыс көтеріп, бүкіл жарықты сөндіртіп, бәрін далаға шығарды. Оның бір уәжі «сіздердің әрекеттеріңіз заңсыз, кафе есігін бұзып кірдіңіздер» дегенге саяды. 
IMG_4148
Біз келгенде сәл қисайып тұрған қақпа есігін жұмысшыларына түсіртіп, оған да мониторинг тобы мүшелерін кінәлап жатты. Департамент мамандары мен заң қызметкерлерінің түсіндіруін тыңдағысы келмеді. Өзінің аты-жөнін де айтқан жоқ. «Қорғаушы талап етем», «Әнуар, мыналардың бәрін камераға түсір», «сіздерді сотқа берем» деп жауап алушы полиция өкілдеріне шүйлікті. Осы кезде оқиғадан хабардар Полиция департаменті жіберген жедел арнайы жасақ та келіп жеткен еді. Олар жағдайды маңайдан бақылап тұрды.
IMG_4166
Мәселенің сол жерде оңай шешілмесін білген заң қызметкерлері оқиға куәгерлерінің аты-жөндерін жазып, хаттама толтырды. Бұл ымырт жабылған кез еді. Жиналған топ тарқай бастаған. Біз де үйге жиналдық. Рейдті ұйымдастырушылар көлігімізге қайта отыруымызды өтінді. Өйткені, мәселенің соңғы шешімі бүгін айтылмайтыны белгілі болды. Бастысы, заң талаптарын орындамау фактісі анықталып тұр. Рейдтің негізгі мақсаты да осы болатын. Сонымен, төрт сағаттан астам рейдте жүріп, түн жарымында үйге оралдық. Бірақ, біз соңғы жағдайды осылай аяқтап, ұмыт қалдырмасымыз анық. Мәселе алдағы уақытта назарымызда болады.
Аслан ҚАНҒОЖИН
Суреттерді түсірген автор.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓