Парашютпен елу мәрте секірген

Майдангер Телғара Әбенұлының өмірі кейінгі  жастарға өнеге

IMG_6576Ұрпағының ұйытқысына айналып, үлкен-кішіге өнеге болған жасы келген адамды қария десе керек. Қария немесе ақсақал деген құрметті атау қостанайлық Телғара Әбенұлына сұранып тұрғандай. Неге десеңіз, ол кісі сексен тоғыз жасқа келсе де өңін бермеген, қайраты қайтпаған жан. Соғыс ардагерінің жүріс-тұрысы тың, әңгімесі түзу.   Жуырда соғыс ардагерінің үйіне іздеп барып, әңгіме-дүкен құрған едік.

Атайдың айтуына қарағанда, 1943 жылғы ақпанда Меңдіқара ауданы,  Жарқайың ауылынан   әскерге шақырылған. Он сегіз жасқа қараған шағында жаяу әскер училищесінің курсанты атанады. Бір жылдан соң комиссияның іріктеуімен әуе десантының бригадасына қабылданған.

– Бізді Иванов облысы, Киржач қаласынан бес шақырым жердегі орманға алып барды. Ол жерде казарма болмаған. Сондықтан, қалың орман ішінен ағаш кесіп, жер қазып, өзімізге баспана жасадық. Соғыс уақытында қару-жарақ пен құрал-сайманның тапшы кезі. Бір күректі алма кезек пайдаландық. Сол жерде әскери оқу-жаттығуы болды. Парашютпен секіруді де үйрендік, – деді Телғара Әбенұлы.

Әскери дайындықтан өткен бригаданы 1943 жылдың күзінде   соғысқа аттандырмақ болады. Алайда, әуежайдан кейін қайтарып, Қарулы күштердің  резервіне жібереді. Бұл бригада 1944 жылдың жазында 345-ші гвардиялық полк болып қайта құрылып, Белоруссияға, Лапичи бекетіне жөнелтіледі. Одан әрі Венгрия, Австрия түбіндегі шайқастарға қатысқан.

– Біздің 105-ші әуе десантшылары дивизиясы бір аптаның ішінде Австрияның 103 елді мекенін, жеті қаласын азат етті. Ұрыс даласында екі мыңға жуық жауынгерден айырылдық. Жолдастарымның дені көз алдымда оққа ұшып, қаза тапты. Мен сол жақ жамбасымнан жараланып, Чехословакия майданына қатыса алмадым. Госпитальда емделіп, кейін майдан даласына қайта аттандым,– деді кейіпкеріміз.

Телғара Әбенов әскери борышын жеті жыл өтеп, елге жиырма бес жасында оралған. Соғыстан кейін бір жыл ауыл кітапханасында меңгеруші болып, жиырма бес жыл  байланыс саласында жұмыс істеді.

Ержүрек атай бүгінде Затобол кентінде тұрып жатыр. Алпыс жыл бойы отасқан зайыбы Күлзарамен бірге алты баланы өсіріп, бақты. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған қария он үш немере сүйіп отыр.

Қымбат

       ДОСЖАНОВА

Суретті түсірген

Бағдат АХМЕТБЕКОВ.

Телғара Әбенов зайыбы Күлзарамен бірге

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓