Даму тетіктері айқындалды
Өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішінде ілгерілеу басым. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Роза Кемалова жарты жылдықтың қорытындысына арналған кеңейтілген мәжілісте баяндады. Мәселен, өндірілген өңірлік ішкі жалпы өнімнің көлемі ұлғайыпты. Атап айтқанда, өнеркәсіпте -24%, ауылшаруашылығында – 13%, көлік және транспорт – 13% және сауда-саттық – 12%-ке тең.
Ал алғашқы тоқсанда өндірілген ӨІӨ 329,4 млрд теңгеге ұлғайған. Бірінші жартыжылдықтағы өнеркәсіп өнімдерінің өсімі 3,9%-ке жетті. Әсіресе, тау-кен өндірісінің аяқ алысы көңілге медеу. Мұнда өнім көлемі 4,1%-ке артып, алты ай ішінде 149,7 млрд теңгенің өнімі шығарылған.
-Жекелей алып қарағанда, машина құрылыс саласында өсім 67,0%-ке теңелген. Яғни, «СарыарқаАвтоПром» ЖШС автобус өндірісін 12,4 есеге ұлғайтса, жеңіл көліктер өндірісін 1,9 есеге арттырған. Жыл басынан бері 215 «Ивеко» маркалы автобус құрастырылып, Астанада өтіп жатқан «ЭСКПО-2017» халықаралық көрмесіне келушілерді тасымалдауға жөнелтілді. Сондай-ақ, 2126 жеңіл көлік көнвейерден шыққан. Оның ішінде 1149 – Хюндай, 290 – Равон, 283 – Джак, 173 – Шевроле Нива, 119 – Пежо, 87 – Ивеко және 19 – Ссан Йонг көлігі сатылымға шығарылды.Барлығы 41,6 млрд теңгенің өнімдері өндірілген. Ондағы отандық үлес салмағы 23,1%-ке тең, – деді облыс әкімінің орынбасары өз баяндамасында.
Дегенмен, комбайн өндірісі кеміген. Мәселен, «АгромашХолдинг» АҚ шығарған өнімнің көрсеткіші 16,7%-ті маңайлайды.
Үстіміздегі жылы металлургия өндірісінде де 16,3% өсім байқалды. Яғни, барлығы 29,2 млрд теңгенің өнімдері тұтынушыларға жол тартты.
Жалпы, бұндай оң өзгеріс экономиканың барлық саласында басым көрсеткішке ие.
Қостанайда индустриялық аймақ құру жұмыстары қарқынды жүргізіп жатқаны белгілі. Биыл барлығы 2,3 млрд теңгені игеру көзделген. Бүгінгі таңда соның 622,2 млн теңгесі немесе 32,1% игерілген. Әзірге инженерлік жүйе, газ, су құбыры мен байланыс желісі тартылды. Жыл соңына дейін электр желісі мен кәріз жүйесі ретке келтіріледі.
Енді аудандар мен қалалардағы ахуал қандай? Соған тоқталайық. Өнеркәсіп өнімдерін өндірудің басым бөлігі (95%) облыстағы алты өңірге тән: Рудныйда – 41%, Қостанайда -32,4%, Лисаковта -5,3% және Таран – 6,8%, Жітіқара – 5,4%, Қостанай ауданы- 3,7%. Қалған 14 ауданның үлес салмағы 5% шамасында. Жартыжылдық қорытындысы көрсеткендей, көптеген аудандарда жаңа өндіріс орындарын ашу тұрмақ, өнім өндіру көлемі төмендеп кеткен. Мәселен, Денисов ауданында ет, ұн, нан өнімдерін өндіру жағы кемшін. Қарасу ауданында ірімшік, нан, ауыз су өндіру көлемі азайған. Ұзынкөл ауданында сұйық май, ұн, нан өнімдерінің көрсеткіші төмен. Ал Арқалық қаласында боксит, саз балшық және каолина, ұн, тауарлы бетон өндірісі төмендеген. Мұндай кереғар көрініс өңір көрсеткішіне едәуір нұқсан келтіріп тұр.
Әдетте өнім өндіруші кәсіпорындардың денін шағын және орта бизнес құрайтыны белгілі. Облыста бүгінгі таңда 48,8 шағын және орта кәсәпкерлік нысаны тіркелген. Бұл бұрнағы жылдармен салыстырғанда саланың 1,3%-ке азайғанын көрсетеді. Дей тұрғанмен, бұл салада өнім өндіру көлемі жоғары. Тағы сандарға жүгінсек, алғашқы тоқсанда ШОБ-тің өнім өндіру көрсеткіші 21,3%-ке өскен. Яғни, өңірде кәсіпкерліктің деңгейі, ондағы еңбек өнімділігі жоғары екендігін көрсетеді.
Бұл ретте мемлекеттің көрсетіп отырған қолдауын айтпасқа болмайды. Жыл басынан бері екінші деңгейлі банктер арқылы шағын кәсіпкерлікті қолдауға 10,8 млрд теңге қаржы бағытталған. Бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда 1,8 есеге көп. Кәсіпкерлікті дамытуда «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасының да септігі тиіп отыр.
Жаңа жобаларды субсидиялауда іркіліс жоқ. Оған үстіміздегі жылы 2 млрд теңге бөлінген. Бағдарламаны одан әрі жүзеге асыру үшін қосымша 400 млн теңге қаржы қарастырылмақ.
-Мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруда Қостанай, Рудный қалалары мен Қостанай, Жітіқара аудандарының кәсіпкерлері ілкімділік танытып отыр. Өкінішке қарай, Алтынсарин, Меңдіқара, Жанкелдин, Науырзым аудандарында бір де бір жоба ұсынылмаған. Жоғарыда аттары аталған өңірлерде мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруға жергілікті атқарушы билік немқұрайлы қарап отырғанын бағамдау қиын емес. Сондықтан, бұл мәселені үнемі бақылауда ұстаған жөн, – дейді Роза Кемалова.
Ал құрылыс саласында ілкімді істер көп. Алғашқы жартыжылдықтың өзінде өңірдегі құрылыс жұмыстары 30%-ке өскен. Барлығы 114 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліпті. Бұл дегеніңіз – 955 үй және пәтер. Мамандар жыл соңына дейін бұл сандар ұлғая түседі деп отыр. Салынып жатқан үйдің көбі облыс орталығына тиесілі.
Мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тұрғын үй салуға 10 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Яғни, бұрынғыдай емес, бағдарлама қарапайым халықтың қолжетімділігі үшін барынша жеңілдетілді.
Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, ауылшаруашылығындағы жағдай аса мәз емес. Аграршыларға төленіп жатқан субсидияның көлемі артқанмен, өндірілген өнім көлемі бар болғаны 0,3%.-ке жетеғабыл. Өңірде қара мал саны өскен. Жұмыртқа өндірісі артыпты. Керісінше, талпақ танау мен құстың саны азайып кетіпті.
Жиналыста инвестицияның басым бөлігі бюджет арқылы орындалғаны тьілге тиек етілді. Құрылыс саласына кәсіпорындар мен халықтың қосқан үлесі шамалы.
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов жартыжылдықта атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді. Әсіресе, көлік құрастыру ісінің алға басқанын атап өтті ол. Өңірдегі азық-түлік өндірісі республика бойынша экспорттың ширек бөлігін жауып отыр.
-Жұмыс істеймін деген жандар үшін нақты жағдай туғызылған. Тек бір орында тоқтап қалуға болмайды. Бізге тұрақтылық қажет, Экономиканы ілгері бастыру, елдің әлеуметтік жағдайын оңталта түсуге де ықпал ететіні сөзсіз. Ең бастысы – жалақы мен коммуналдық төлем ақысын кешіктірмеу керек,-деді жиналысты қорытындылаған өңір басшысы.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суреттерді түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.