Тілі бірдің – тілегі бір
Қостанай облысында өзге ұлт өкілдерінің 600-ден астам баласы қазақ мектептерінде мемлекеттік тілде білім алады. Соңғы бес жылда өңірде ана тілімізде білім беретін 10 мектеп салынып, оқушылар игілігіне тапсырылды. Жастар арасында мемлекеттік тілді меңгеруге деген құлшыныс артуда. Бүгін Достық үйінде Қостанай облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен «Тілі бірдің – тілегі бір» облыстық жастар форумы өтті.
– Барша қазақстандықтардың басын біріктіретін басты фактор – қазақ тілі. Мемлекеттік тілдің дамуына бар күш-жігерімізді салуымыз қажет деп айтқан еді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Осы орайда мемлекеттік тілді дамыту бағдарламасын жүзеге асыру бойынша аз толтырып айтарлықтай жұмыс жасалды. Биыл бұл мақсатқа 188 миллион теңге қаржы бөлінді. Облыстың аудан қалаларында 18 этно-мәдени орталықтарда әр ұлт өкіліне ана тілін меңгеруге мүмкіндік беріліп отыр, дейді форумға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Мұрат Дәрібаев.
Мұндай форум осымен үшінші рет өткізілді. Оған қазақ тілін жетік меңгерген, қызметте және шығармашылықта кеңінен қолданып жүрген жастар, студенттер қатысты. Жалпы облыстың аудандарынан келген 100 жуық өзге ұлт өкілдері бас қосты. Іс-шараға қазақ тілінің дамуына үлес қосып жүрген азаматтар облыс әкімінің арнайы алғыс хаттарымен және сыйлықтарымен марапатталды. Форум соңында үндеу қабылданып, концерттік бағдарламамен аяқталды.
Махаббат Бекбай