Сұр ұнтақтың соры
Елімізде есірткі бизнесін жою мақсатында, ауыз толтырып айтарлықтай істер тындырылуда. Осыған қарамастан, тамырына ине салып, сұр ұнтақтың соңына түскендердің саны азаяр емес. Құзырлы орган өкілдерінің уәжіне құлақ асар болсақ, Ауғаннан ағылған есірткіге тосқауыл таппайынша, осылай бола бермек. Тәртіп сақшыларының тілімен айтқанда, тиым салынған зат орта Азия елдерінде қалыптастырылған "Солтүстік дәліз" ар-қылы Еуропаға аттанады. Қара жол – қазақ елін де кесіп өтеді.
Қазақстанда есірткі бизнесін қолға алғандарды құрықтап, елімізді есірткіден азат етуге тырысып жатқан мекемелердің бірі – Ұлттық қауіпсіздік органдары. Тиым салынған заттың шекара сызығын кесіп өтпесі үшін көрші елдермен байланыс орнатып, ел ішіне енген есірткіні табу, қылмыскерлерді жауапқа тарту осы органның басым бағыттарының бірі.
Қостанай облысы Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті ел шекарашылармен бірлесе отырып, шілде айынан бері 52 келі героин затын тәркілеген. Шекарашылар келтірген мәлі-метке жүгінер болсақ, Қырғыз Республикасының азаматы "Қайрақ-авто" бекетінен тиым салынған заттың 19,5 келісін өткізбек болыпты. Қазіргі таңда қылмыстың себеп-салдары анықталып, ісі сотқа жөнелтілген. Қазақстанның заңын белінен басқан шетелдік азаматтың ұзақ жылдарға сотталары анық. Жеңіл ақшаның буынан болар, отан-дастарының темір торға тоғытылып жатқаны қырғыз ағайынның қаперіне де кірер емес. Үсті-міздегі айдың басында Қырғыз Республикасының тағы бір азаматы отандасы орға жығылған жерде тәртіп сақшыларының құрығына ілікті. Шетелдік азамат 32,9 келі героинді көлігінің астына жасырып, Ресейге өткізбек болған көрінеді. Осы іске қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Ал, күдікті темір торға тоғытылды. Мамандардың есебінше, қолға түскен сұр ұнтақтың құны қара нарықта 2 млн. АҚШ долларына бағаланады.
БҰҰ-ның үстіміздегі жылғы "Есірткі бизнесіне қатысты әлемдік есебінде" Ауғанстандағы апиын өсірудің мықтап қолға алынғаны айтылған. Мәселен, 2012 жылы тиым салынған өсімдік 154 мың гектар алқапқа егілсе, былтырғы жылы бұл көрсеткіш бірден 209 мың гектар-ға ұлғайыпты. Аталған ел есірткі өндіруден алдына жан салмайды. Бұл елден шыққан өнім біздің мемлекетімізді басып өтіп, Ресей арқылы батыс әлеміне тарайды. Жол үстінде жатқандықтан болар, Орта Азия елдері арасында біздегі тиым салынған затты тұтынушылардың саны өзгелерге қарағанда басымырақ. Тәуелділер саны бойынша екінші – Қырғызстан, одан кейін Пәкістан, Өзбекстанмен тізбектеле береді. Сұр ұнтақтың соңына түскендердің санын азайту үшін, "солтүстік дәлізді" жою мәселесі әлемдік деңгейде көтерілуде. Орта Азия елдері есірткі бизнесіне төтеп беру мақсатында бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бірлесе күресуді жөн көрді. Нәтижесі көңіл көншітерлік. Әр елдің ұлттық қорғанысы тиым салынған затты өз шекарасынан өткізбеуге тырысып жатыр. Бізде де бұл іс мықтап қолға алынған.
Жұматай
Кәкімжанов