Ирина Ерофеева: «Шақшақ Жәнібек – қазақ батырларының биік шыңы!»

XVII-XVIII ғасыр аралығында ел басына күн туып, қазақ халқы ата жұрттан айырылып, есеңгіреп қалған. Осы кезде қалың қара арасынан суырылып шыққан азаматтар атқа қонып, қауіп бұлтын сейілтті. Жауға тойтарыс беріп, кері ысырды. Сол ерлер арасында Шақшақ Жәнібек атты батыр болған. Қазіргі қаймана қазақтың Торғай тумасы Тархан Жәнібек жайлы білетіні осы ғана. Әрине, Тарханның тұлғасы толық ашылмай, өскелең ұрпаққа кеңінен насихатталмай жүргені өкінішті. Білместіктен бабалар өмірі басқа арнаға ауысып, бұрмаланып та жатады. Сондықтан Жәнібектей батырдың бейнесін барынша баяндап берсін деп, белгілі тарихшы, ғалым Ирина Ерофееваға жолықтық.IMGL9060Тарих ғылымында өз атын шығарып, білімімен баршаға танылып үлгерген Ирина Ерофеева осыдан бірер жыл бұрын Шақшақ Жәнібек жайында «Между всеми старшинами знатнейший» атты деректі кітап жазған болатын. Ол еңбегі қалың оқырманға жол тартып, оң бағасын алды. Тархан Жәнібектің өмірін зерттеп, ол туралы мол мағұлмат жинаған тарихшы біздің де сұрақтарымызға жауап беріп, тұлғаны таныта түсті.
 
 
 
 
Ирина Викторовна, әуелгі сұрағым, Жәнібек жайлы кітап жазуға не түрткі болды?
-2012 жылы «Мұхтар Әуезов» қорының директоры Мұрат Әуезов маған Жәнібек батыр жайында кітап жазу туралы ұсыныс тастады. Себебі, ол кісіге батырдың ұрпақтары мен ғылыми-интелектуалды қоғам өкілдері Жәнібек жөнінде мол мағұлмат алғысы келетіндерін жеткізген. Өйткені, қазіргі адамдардың басым бөлігі тарихтан алшақ, олар батырлар туралы жалпылама ғана біледі. Көбісі ел аузындағы аңыз әңгімелерді ғана естіген. Тарихшылар болсын, басқалары болсын,  ары кетсе, Жәнібек батырдың  қазақтан шыққан тұңғыш Тархан екенін, батырдың  жалпы өмірбаяны мен 1723-1730 жылдары қазақ халқы эпопеясының негізгі кейіпкері екенін айтады. Дегенмен, көзі ашық қоғам үшін ол жеткіліксіз болды,  Шақшақ Жәнібектің тарихтағы орны, сол кездегі саясатта жеткен жетістіктері ұрпақтарын қатты қызықтырды. Кітап 2013 жылдың аяғында шықты. Кейін ұрпақтары да өздері білмейтін тың деректерді тапқанын айтты.
      Шыны керек, батырдың өміріне терең үңілген сайын маған қызық бола түсті. Қазақ батырлары көпішілік білетіндей, тек қолына қылыш алып, қан төкпеген. Олардың арасында мықты мәмілегер, білімді азаматтар болған. Шоқан Уәлихановтың XVIII ғасырдың  бірінші жартысын «Қазақ батырларының дәуірі» деп атауы бекер емес. Мен бұл кезеңді «батырлардың жұлдызды дәуірі»  деп, одан да асырып айтсам, айып болмас деп ойлаймын. Бұл дәуір XVII ғасырдың соңында басталып, XVIII ғасырдың ортасына дейін, Цин империясының жоңғарларды түбегейлі жоюына дейін жалғасқан.
-Осы тұста Шақшақ Жәнібекке ойыса түссек…
Сол кездердегі күн тәртібінде қазақ мемлекетінің одан ары өмір сүруі мүмкін бе деген сұрақтар болған. Өйткені, көшпенділердің дархан даласына көз тіккендер көп болды. Әрқайсысы жан-жақтан соққы беріп, «бұратана» халықтың ығырын шығарып, езгіледі. Жау найзасынан қашып, Орта Азияның түбінен ығыстырылып шыққан көшпенділер ес жия алмай қалды. Осындай қиын кезеңде қазақ өз еркіндігін сақтап қала ала ма? Әлде он жетінші ғасырдың аяғындағы жоңғар шапқыншылығынан көрген қорлықты қайта кеше ме? Міне, осындай қауіп-қатер болғаны жасырын емес.
Әрине, мұндай жағдайға бірліктің болмауы бірден-бір себеп. Әр ру, әр жүз, өз бетінше қорғанып күн кешті. Сондықтан осы жерде Жәнібек сияқты батырлардың тез шешім қабылдап үлгергенін айта кету керек. Дәл осындай жағдайда бұқара ішінен бас көтерген батырлар еді. Олар жау еншісінде кеткен жерді қайтару үшін қолға қару алып, қасық қаны қалғанша шайқасты. Халықты, байтақ даланы қорғады. Үш жүздің батырлары, біріншіден, бірліктің маңыздылығын түсініп, жеке-дара емес, бірге қорғануды ойлады. Сондай-ақ, бұл батырлардың көрегенділік қасиетінің арқасында ұлт ішіндегі «мен – найман, сен – қыпшақ» деп бөліну мен араздасушылық азайды. Осы шайқаста олар қазақтың біртұтас халық екенін, бір ұлт екендігін ұқтырды. Соның арқасында шашырап кеткен халық өздерінің қандай күшке ие екендерін сезініп, кім екендерін білді. Рухы қайсар мемлекетке айналуда өзін-өзі тану үлкен рөл атқарды. Азатық үшін шайқастағы жарқын тұлғалардың бірі – Шақшақ Жәнібек еді.
      Тарих жайлы сөз болса, әр рудың өкілдері өз бабаларын ең мықты, ең жарқын тұлға ретінде таныстыруды қалайды. Бұл – рушылдықтың белгісі. Ал, үлкен ғылымда ол маңызды емес. Әр батырдың өз орны бар. Қанқұлы шайқаста ерекше көзге түсіп, халық арасында танымалдылыққа ие болған батырлардың бар екенін мойындауымыз керек. Солардың кереметтілігін ғылым шыңына шығарып айтайық десек, нақты деректердің жоқтығы кедергі келтіреді. Біз батырлардың атын атап, абыройын тізбектер кезде жазба дүниелерге сүйенміз.
      Өкініштісі, көшпенділерде жазу үрдісі кеңінен таралмаған. Дегенмен, қазақ халқының басына үйірілген қара бұлт көрші елдердің назарынан тыс қалмады. Олар барынша жазып үлгерді. Ол кезде де жағдай қазіргі сиқяты өрбіген. Мәселен, өзге елдер Қазақстандағы саяси ахуалды жазар кезде, Елбасының есімін атап, сол кісінің еңбегі екенін тілге тиек етеді. Сонымен қатар, оған жақын жүрген тағы да бірді-екілі кісілердің есімі аталып қалуы мүмкін. Ал, жергілікті деңгейдегі билік өкілін көршілер жазбайды. Белгісіз адам болып қала бермек. Сондықтан сол кездегі жазба деректер толық ақпарат бере алады. Дәуірінде тек ел ішінде емес, өзге мемлекеттерде де танымалдылығын арттырып үлгерген тұлға екенін анық дәлелдейді. Бұл қазақтарда мүлдем жазу үдірісі болмады деген сөз емес. Мәселен, қазақ хандары мен батырларының өздері жазып кеткен хаттары бар. Ресейдің шекаралық әкімшілігі және қалмақ өкілдерімен алмасқан хаттары күні бүгінге дейін сақтаулы. Орта Азиядағы билік өкілдерімен байланыс, тарихтың өзге тұстарында бедер беріп, деректермен нақтылай түсуге үлкен септігін тигізген.
      Сондай-ақ, халық аузында ертегі болып келген дәйектер бар. Сол кездегі дала куәгерлерінің айтуымен дамыған үлкен құбылыс. Бұл қазақтар мен қалмақтарда, басқа халықтарда да жақсы дамыған. Жазба және ауызша деректерді жинай келе, кімнің кім болғанын білуге болады. Батыр Жәнібек осы кездегі жазба деректері бойынша да, халық аузындағы әңгіме бойынша да елеулі тұлға екені айдан анық. Оның есімі 1730 жылдары барша қазақ даласына жайылды.
2007-2010 жылдары ел тарихын зерттегенде геолог, морфолог және археолог мамандар бірлесіп, аймақтарды толық араладық. Сол аймақтардың бірі – кезінде жоңғарлардың көзі түскен мекенді Тархан Жәнібек басқарған.
Осы уақытқа қатысты қазақтардың бір қызықты деректі кездестірдім. Ол XVII ғасырдың ортасында жазылған. Сол кездегі халықтың есінде қалған жайттардың бірі екен. Онда Тархан Жәнібек өзінің қызыл шапанын сілкігенде садақтар жерге сауылдап түскен дейді. Бұл таңғжайыпқа жақын болса да, халық оны сондай керемет батыр ретінде қабылдаған. Шындық болуы да ықтимал. Оны оқтың өзі қағып түсіре алмаған деген сияқты аңыз әңгімелер ел арасында кеңінен тараған.
 -Осы тұста айта кетіңізші, асыра мақтау тарихтың бұрмалануына әсерін тигізбей ме? Мәселен, сіз келтірген дерек Жәнібекті ертедегі аңыз кейіпкері сияқты көрсетуі мүмкін.
Ата-бабасының абыройын асқақтатам деп, орынсыз әрекеттерге баратындар жетерлік. Ойдан оқиға шығарып, жұртты адастырады. Бірақ, жоғарыда мен айтқан аңыз көшпенділердің қағаз бетіне түсіріп кеткен өсиеті. Жәнібек Қошқарұлын зерттей жүріп, тарихқа қатысты көптеген пікір естідім. Кейбірі, тіпті қисынға келмейді.
Мысалы, қазір екінің бірі Абылай ханның ұрпағымын деп мақтанады. Сондай азаматтардың бірі: «Жәнібек батыр Абылайдың айтқанымен бүйткен-сүйткен» деп айтып отыр. Анау кісіні сол мезетте тоқтаттым. «Сіз не айтып отырсыз?» деп, сөзін бөлдім. Сондағы мақсаты – өз бабасын әспеттеу. Жұрттың санасындағы ұлы Абылайды қалай мақтаса да болады, оған ешкім қарсы шықпайды деген сөз емес қой ол. Жәнібек жұлдызды шағына жеткенде, Абылай жас бала еді. Қазір кейбір тырнақшадағы тарихшылар біреуді әйгілей түсу үшін, тарихқа қиянат жасайды. Олардың сандырына қарасаң, Абылай екі жүз жыл өмір сүргендей, хронологиясы да ақылға сыймсыз. Абылайхан 1711 жылы дүниеге келген. Ал, Жәнібек он жетінші ғасырдың алпысыншы жылдары туған. Одан бақандай қырық жас үлкен. Мен кітапта осы туралы да жаздым. Жәнібек Тәуке мен Әбілхайыр хандардың сенімді серігі болған.
Екі адамның да дүниеге келген жылдары белгілі. Біреудің басын қатырып не керегі бар? Жәнібек батырдың атақты шағында, Абылай сұлтан болған. Кейін хан болып сайланып, 1768 жылы өзінің хандық мөрі пайда болады. 1771 жылы ғана үлкен хан атанады. Оған дейін, 1757 жылы орыстар оған хан болуды ұсынған, бірақ ол аға буын өкілдері, төрелер мен батырлардан жасқанып, ұсыныстан бас тартады. Ал, ол кезде Жәнібектің атағы кіші ханға пара-пар болған. Тархан деген атақтың абыройы солай өлшенетін. Бұл туралы Михаил Вяткин де жазып кеткен.
Мен ешқандай нақты деректерді келтірген жоқпын, түсінігі бар адамға осы айтқаным да жетеді. Абылайдың атағы Жәнібек дүниеден озғаннан кейін шыға бастады.
-«Батырлардың жұлдызды дәуірі» деп айттыңыз. Олай деуге қандай негіз бар?
 -Дәл осы кезде батырлардың дәрежесі артқан. Деректерді нақтылап оқып шықсаңыз, бұның бәріне көз жеткізесіз. Батырлар хандармен сөз жарыстырып, өз пікірін айта алатын. Өйткені Жәнібек, біріншіден, өте бай, ешкімге тәуелсіз болған.  Мысалы, ол «шығыршығы торғайкөз» сауыт киген. Ондай сауыттар өте қымбат. Бұқара мен Тәшкен базарында ғана сатылатын. Оны жай оқ тесіп өте алмайды.
Осы тұста тағы бір түсініспеушілік бар. Кейбір атақты батырлар хандардың алдында құрдай жорғалап, қызмет көрсетіп, бағынған дейді. Ол – қате дерек. Ондай орта деңгейдегі, хандардың қамқорлығына зәру батырлар болған. Ал, атақты батырлардың хандармен арасы өте қиын еді. Олар өздеріне өздері төрелік ете алады. Соғыс уақыттарында батырлар қолбасы болып, биліктері күшейген. Ал, бейбіт күндері ара қатынастары қиындай түседі. Өйткені, ондай кездерде хандар билікті толығымен өздеріне қайтарып алатын.
Екіншіден, өжет адам еді. Ол көп батырларға тән қасиет-қызуқанды болмаған. Өте сабырлы кісі деседі. Жауға шабарда ылғи алдыңғы шепте болып, әскери жағдаяттарды жетік меңгерген. Ал, шығынға ұшырап, халыққа тиімсіз боларын білген сәтте, көрегенділік танытып, саяси мәмілегерлікке барған. Кейде хандар билерден ақыл сұраған дейді, негізінде хандар сол батырлардан саяси қадамды сұрап-білген. Жәнібек батыр бұл ретте де өзінің дипломатиялық қасиеттерімен ерекше көзге түсіп жүрді. Әділдігі де таң қаларлықтай. Ол өз руластарымен де, өзгелермен де бірдей қатынаста болған. Жәнібекті барлық қазақ даласы, көршілес Ресей империясының серкелері, жоңғардың Қалдан Серені, Орта Азия билеушілері-бәрі бірдей сыйлаған.
Әбілхайыр Ресейдің қол астына өтер кезде Жәнібек сенімді адамдардың қатарында болған. Солтүстіктегі көршілермен бірігу қалмақ және башқұрттармен қарым-қатынасты қалыпқа келтіруге бағытталған қадам еді. Бейбіт келісім, біріншіден, башқұр әскерлері шабуылынан сақтану үшін. Жәнібектің халқы шекарада орналасқандығынан бұл оқиға белсенді қатысты. Сондай-ақ, бұл кезеңдерде Кіші жүздің батырлары Бөгенбай, Есет батырлар да бой көрсеткен. Өйткені, олардың халқы да башқұр елімен шектесіп жатқан жерлерде көшпенді ғұмыр кешкен. Қазақтар башқұрлардан жасқанып, кейін шегінді деген сөз емес. Кіші жүздің батырлары өз халқын қорғап, башқұрларға тойтарыс беріп отырған. Жәнібек соғыстан гөрі, бейбіт келісімді көздеген. Башқұрлармен арадағы қатынас қалыпқа келе бастағанда тәртіпті бұзған қазақтардың сазайын да берген. Сондай әділ адам еді. Осылайша, башқұрларға да әділдікті көрсеткен. Кейін олар да орынсыз шабуылдауларын тоқтатады. Шекарада орналасқан қазақтардың амандығын осындай жолмен де сақтап отырған.
Ресеймен екі арадағы байланыста белсенді рөл  атқарғанының екінші себебі – сауда-саттықты күшейту. Ол не үшін маңызды болды? Білесіз, көшпенділер өндіріспен айналыспады. Жоңғар мен қазақтың соғысынан кейін сол кездегі қазақ даласындағы барлық транзиттік жолдар кес-кестеліп қалып еді. Тәуке хан Сібір әкімшілігіне хат жазғанда барлық сауда жолының тоқтап қалғанын, қайта бастағысы келетінін айтқан. XVIII ғасырдың бірінші жартысы осылай өтті. Жәнібек әскері батырларының бірі әрі оның туысы Бөгенбай (осы дәуірде қазақта атақты үш Бөгенбай болған): «Жоңғарлар бізге қатты соққы берді, біз бар мал-мүлкімізден айырылдық. Тіпті, тозығы жеткен киіздің өзіне зәру болып қалдық»,- деген. Міне, халықтың қандай күйге түскенін осыдан-ақ білуге болады. Сондықтан, сауда-саттықты жүргізіп, халықты жоқшылықтан аман алып қалу керек болатын. Сол себепті Жәнібек батыр осы шаруашылыққа дәйек болады. Мәселен, Карл Миллердің керуеніне Ташкентке дейін жол сілтеп барған. Осындай маңызды рөлді атқарды.
Кейін өмірінің соңында Абылай ханмен бірге Орынборға аттанады. Онда губернатор Иван Неплюевпен кездесіп, ұзақ әңгімелеседі. Сол кезде Троицкдегі Клен алаңын ашуға ықпал жасаған. Әуелі бұл ұсынысты Неплювке Абылай хан айтқан, бірақ Орынбор губернаторы Жәнібектің пікірін білігісі келіп, оны шақырып ақылдасады.
Бұдан соң XVIII ғасырдың отызыншы жылдары өзін бейбітсүйгіш азамат, білікті мәмілегер ретінде таныта білген. Оны сол кездегі Ресей билігі де ерекше құрметтеген. Орынбор әкімшілігі мен қазақ хандары және сұлтандарының, батырларының кездесуінде батырлардың ең бір шоқтығы деп бөліп-жарып, хандармен бір үстелге отырғызған.
-«Тархан» атағы да осы кезеңде берілген бе?
-Иә, екі ел арасындағы тығыз дипломатиялық қарым-қатынастан соң оның беделі арта түседі. Ерекше қабілетін ескеріп, Орынбор комиссиясының төрағасы Василий Урусов 1740 жылы Жәнібекке «Тархан» деген атақты беруді ұсынды. Бұл – өте құрметті атақ. Ерте ғасырда кеңінен таралған. Өз кезінде Моңғол империясында, Алтын Орда хандығында да болған. Кейін башқұрлар арасында да «Тархан» атағы беріле бастады. Ал, қазақтарда Жәнібекке дейін бұл атақты ешкім алмаған. Ол – осы атаққа лайықты болған тұңғыш адам. Бұл мәртебенің біраз басымдылықтары бар. Біріншіден, әлеуметтік дәреже жоғарлайды. Салықтардан босатылған және тағы басқа жеңілдіктер берген. Түркі халқы арасында үлкен құрметке жеткізген. Бірақ, Урусов бұл мақсатына жетпеді, өйткені осы ұсынысынан бір-екі ай өткен соң ол қатты науқастанып, қайтыс болған. Кейін 1742 жылы бұл мәселені Неплюев жалғастырды. Дәл осы жылы Шақшақ Жәнібек «Тархан» атағына лайық деп танылады.
Бірақ Жәнібекке бар абырой Тархан атағы берілгеннен кейін келді деуге болмайды. Ол бұған дейін құрметті тұлға болған. Оны тек арғынның рулары емес, барлық қазақ даласы мойындап қойған еді. Сол мансап дәрежесі мен құрметі хандардан кем болмағанын дәлелдейтін құжат-деректер жетерлік. Осы айтылған дүниенің бәрі кітапта айтылған.
Мен түрлі архивтерден қарап, деректі құжаттарға сүйене отырып жаздым. Мәскеудегі «Ресей империясының Төменгі саяси архиві», РФ Сыртқы істер министрлігі архиві, Орынбор облыстық архиві, Ресей мемлекеттік ежелгі құжаттар архиві, ҚР мемлекеттік орталық архивтерін ақтардым.
Оның жеке мөрі қойылып, Ресей билігіне жазған 18 хатын таптым. Шағатай түркі тілінде жазылыпты. Бұл – көптеген түркі ұлттары үшін ортақ әдеби тіл. Бұны кейбіреулер ескі татар қарпі деп жатады, негізінде олай емес. Бұл шағатай түркілерінің тілі немесе Орталық Азия түркілерінің тілі деп атайды. Тархан атағын беру туралы Патшайым бұйрығы да бар. Жәнібекке қатысты барлық құжаттар сақталған. Құр баяндап жаза бергеннен, куәлік болсын деп кітапқа барлық құжаттардың суретін жарияладық.
Біз жоғарыда Шоқан Уәлихановтың сөзін айттық. Жәнібек батыр осы батырлар дәуірінің ең биік шыңына шыққан. Ол батырлардың қандай дәрежеге шыға алатынын, батырлардың пәрменін көрсетті. Өзінің барлық мүмкіндіктерін пайдалана отыра, ол хан болмаса да, хандармен иық тірестіре алатын деңгейге көтерілді. Жәнібек өмірден өткен соң ешбір батыр ол жетістікті қайталай алмады. Керісінше, батырлар абыройы төменге қарай құлдырады. XIX ғасырда Кенесары ханның Қоқан хандығымен шайқасынан соң батырлар институты тоқтады.
-Шақшақ Жәнібекке Қостанай облысында ескерткіш орнатқалы жатыр. Бұған қандай пікір айтасыз?
-Қазіргі таңда Шақшақ Жәнібекке қиянат жасалып отыр. Тәуелсіз Қазақстан міндетті түрде ел азаттығы үшін күрескен батыр Жәнібекке құрмет көрсетілуі керек. Ескерткіш тек туған өлкесінде ғана емес, Қазақстанның ірі қалаларында да бой көтеруі тиіс. Өйткені, ол жергілікті деңгейдегі батыр емес қой. Тархан атағына, одан қалды, Еруазия төңірегі бойынша аса құрметке ие болған тұлға ескерткішке лайықты деп білемін. Өз дәуірінде елдің бір нышанына айналған азамат еді. Астанада көптеген тарихи тұлғаларға көше атауы немесе ескерткіш қойылған. Бірақ олардың көбісі – Жәнібек шыққан шыңға жете алмағандар. Мен олардың еңбегін жоққа шығармаймын, тек Жәнібек батырдың көлеңкеде қалғанын айтып отырмын. Егер жалпақ тілмен айтар болсақ, Шақшақ Жәнібек тарихтың бір жарқын жұлдызы. Біз оны ұмытып қалатындай ертеректе өмір сүрген адам емес, небары 300 жылдай бұрын өмір сүрді. Оның кереметтілігін дәлелдейтін деректер жетерлік. Неге біз оны өскелең ұрпаққа үлгі етпейміз? Нағыз еліктеуге тұрарлық тұлға. Ұлттық батыр, түркі халқының батыры. Еуразия тарихының белді өкілі!
-Ирина Викторовна, тұщымды ойларыңызды айтып, мол мағлұматпен бөліскеніңізге рахмет!
 
Сұхбаттасқан Кенже ҚОНЫСБАЙ.
Алматы қаласы.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓