Ұлт ұйысқан ұлыс
"Қостанай таңы" газетінің Арқалықтағы күндерінен репортаж
Арқалық – қазақ тілді оқырманның мол шоғырланған ортасы. Қала және қалаға қарасты 16 ауылдың басын қосқанда халық саны 41 мың 685 адамды құрайды. Тұрғындардың басым көпшілігі мемлекеттік тілділер. Соған қарамастан "Қостанай таңы" жылдық жазылу межесіне (1800 дана) жете алмай келеді. Әрине, оның түрлі себептері де жоқ емес. Соның бірі – қазақ тілді ортада орыс тілді басылымдардың үлес салмағының басым болуы.
"Қостанай таңының" Арқалық қаласындағы күндері де аса айшықты өтті. Облыстық газеттің Директор-Бас редакторы Жанұзақ Аязбеков қала әкімінің қабылдауында болды. Ә. Боранбаев атындағы кинотеатрдағы кездесуге оқырман қауым көптеп жиналып, үнқағаздың қалаға келуі нағыз халықтық мерекеге айналды. Қала әкімі Ғазиз Бек-мұхамедов, қалалық мәс-лихаттың хатшысы Нақан Шалдыбаев, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кәки Ақан, қалалық мешіттің бас имамы Бектұрсын қажы Уәлиевтер бас болып, қаланың құр-метті ақсақалдары, мекеме басшылары, жастар қауымы қонақтарды зор ықыласпен қарсы алды. Кездесуді танымал журналист Қыдырбек Қиысхан жүргізіп, облыс-тық филармонияның жезтаңдай әншісі Манапбек Қадыров тыңдарманның құлақ құрышын қандырды. – Қасаң тілден арылып, халықтың өз тілін өзіне жаратпақшымыз. Ел ішінде қаншама "тіріл-мей" жүрген сөздер бар. Осы тұрғыда институттар мен колледждердің қолдаушы болуының маңызы зор. Ұлттық бет болмысымызды сақтап қалуда газеттің рөлі зор, – деді "Қостанай таңының" Директор-Бас редакторы Жанұзақ Аязбеков халықпен кездескенде.
– "Қостанай таңы" газеті Елбасымыз Нұрсұл-тан Әбішұлы Назарбаевтың сындарлы саясатын насихаттап, ел жаңалықтарымен оқырманды дер кезінде қамтып отырған өңірдегі көшбасшы басылым. Ұлт ұлылары Ахмет пен Міржақып, қазақтың тұңғыш журналист қызы Нәзипа Құлжанова сынды ұлы тұлғалар ұр-пақтарының баспасөзге деген ықыласы өте жоғары болуы тиіс. Осы мақсатта жұмыла іс жүргізуі-міз керек, – деді Арқалық қаласының әкімі Ғазиз Бекмұхамедов ел алдында сөйлеген сөзінде. Мерекелік көңіл күйде ән жырмен әрленген ашық пікір алмасу жұрт-шылықтың көңілінен шықты. Ел көкейде жүрген ойларын айтып, ұсыныстарын да ортаға салды.
Оқырманмен жүздесу: оймақтай ой
– Кездесу өткізгендеріңіз құптарлық іс. Газетке жиі қалам тартып тұрамын. "Беташар қайда бет бұрып барады?", "Үрпек", "Үлкендіктің жолы қиын, жүгі ауыр" сынды мақалалар жаздым. Мақсатым – ақыл-кеңесімді айтып, жас ұрпақтың тәрбиесіне мысқалдай болса да үлес қосу.
– "Қостанай таңы" Тор-ғай өңіріне үлкен дем беретін газет. "Бас редактор әлемі" сериялдық мақалаларын сүйіп оқимын. Журналист Сәлім Меңдібай Қостанайдың үлгі алатын азаматтарын елге танытуда. Ақсақалдарға арналып айдар ашылса екен.
Шөптібай БАЙДІЛДИН, тарихшы, қолөнер шебері:
– "Қостанай таңын" аңсап, сусындап отырамын. Торғай жерінде тарихи ескерткіштердің бәрін білетін адаммын. "Тарихымызды түгендейік", "Ардақты аналар" атты рубрикалар ашылса газеттің оқырмандары еселене түсер еді.
Гүлбану ЕЛТЕБАЕВА, облыстық мұражай директоры:
– Газет арқылы Кейкі батырдың кебежесін таптық. Жақында көне жә-дігерді мұражайымызға әкеліп орналастырдық. "Қостанай таңына" алғысымыз шексіз.
Жәнібек ҒАПБАСҰЛЫ, ұстаз:
– "Қостанай таңы" – ұлттың, тілдің жоқшысы. Кейде берген мақалаларымыз жарияланбай жатады. Ұстаз болғандықтан газет арқылы елдің көркеюіне тамшыдай болса да үлесімізді қосқымыз келеді.
– Елге еңбегі сіңген кісілер зейнеткерлікке шыққан соң ұмыт қалып жатады. Өнегелі өмір жолдарын кейінгі жастарға үлгі етіп отырсақ нұр үстіне нұр болар еді.
Арыстан АЙТМАҒАМБЕТОВ, "Арқалық хабары" газетінің Директор-Бас редакторы:
– "Қостанай таңы" –заман талабына сай газет. Жаңалықтарға үлкен мән беріледі. Сайт жұмысы да жандануда. Фотосуреттерге көбірек көңіл бөлінсе деген тілегім бар.
Жастардың мамандық таңдауына насихат зор болса деймін. Жазған мақалалары газетте жарияланбаса жас тілшілеріміздің тауы шағылып қалатын сияқты. Осы жағы ескерілсе екен.
Жандос РАХМЕТОВ, қалалық мәдениет сарайының қызметкері:
– Газетке көбірек жазылсақ, мақалалар да көп шығар еді. Өзіміз бастама көтеріп, "Қостанай таңына" қолдау көрсетейік, ағайын!
– "Қостанай таңының" дініміздің насихатына қосып жүрген үлесі зор. Дін тақырыбындағы мақалаларға өте абай болу керек. Газетке халық сенеді. Төл газетіміздің әр шаңырақтан табылуына тілектеспін.
– Мақалалар жарияланбаса сапасының төмендігінен болар. Әрине, оның себебін айтып түсіндіргеннің артықшылығы жоқ. Қазір ақпарат алмасудың жетілген заманы. Мен төл газетімді қолдаймын. Жарқырай берсін, "Қостанай таңы"!
Аманкелді АХМЕТЖАНОВ, Жастар бастамалар орталығының басшысы:
– Идеология күшті болу керек. Жастардың тәрбиесін аға буынмен сабақтастырсақ ұтарымыз мол. Газетке ұсынылған мақалалардың не себепті жарияланбай жатқанына жауап берілсе екен.
Кездесу соңында "Қостанай таңының" Директор-Бас редакторы Жанұзақ Аязбеков газет жанашырларын алғыс хатпен марапаттады. Ұзақ жылдар бойы "Қостанай таңының" Арқалық қаласындағы меншікті тілшісі болып жемісті қызмет істеген белгілі журналист Жақсылық Жүнісұлы ағамыздың иығына шапан жауып, құрмет көрсетті. Баспасөз ардагері "Тағдырдың жазуымен қазір өмір ағыстарына терезеден мөлиіп қарап тұрған сәтте жанымды жадыратқандарыңызға рахмет", –деп риясыз алғысын білдірді. Газет жанашырлары: Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Сейітбек Қуанышбаев, Н. Құлжанова атындағы Торғай гуманитарлық колледжінің директоры Сабыржан Тасмағанбет, "Алюминқұрылыс" ЖШС бас директоры Абай Мұқанов, ҚР Мәдениет қайраткері Отаркүл Мұқатова, зейнеткер Хамит Досжановтар алғыс хатпен марапатталды. "Қостанай таңының" Арқалық қаласындағы жанашырлар клубының жетекшісі болып ұстаз, ғалым, белгілі айтыскер ақын Айбек Қалиев сайланды. "Қостанай таңы" Директор-Бас редакторының орынбасары Жұматай Кәкімжанов қауырсын қалам иелеріне "Жас тілші" куәлігін тапсырды. Олар: Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының студенті Тынысбек Рысхан, Торғай гуманитарлық колледжінің студенті Айдана Серік, "Сәлем" жас тілшілер үйірмесінің мүшесі Гүлперзент Мақажан. Редакция алқасының Фурманов ауылындағы халықпен кездесуінде "Ауылдың аты қазақшаланса", "Еңбекпен еленген әулеттер насихатталса", "Ұстаздарға арналған айдар ашылса" деген өзекті мәселелер көтерілді. Салтанатты шақта "Қостанай таңының" таралымына қосқан сүбелі үлесі үшін ауыл әкімі Балкүміс Досанова, "Бірлік және К" ЖШС бас директоры Қазбек Мұқашев, ауылдық мәдениет үйінің басшысы Қанат Ерхатұлы алғыс хатпен марапатталды.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ, Әлібек ЫБЫРАЙ
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ