Өзге емес, өзіміз айтайықшы…

салим мендибайСәлім МЕҢДІБАЙ,
«Қостанай таңы» газеті бас редакторының орынбасары
Біз, журналистер, жылда баспасөзге жазылу науқанында өз оқырмандарымызға сөз арнауды дәстүрге айналдырдық. Ондағы мақсат – бүгінгі оқырман өз газетінен көз жазып қалмасын, редакцияның алдағы іс-жоспарымен ерте бастан танысып, біліп жүрсін, өзге де таныс-біліс, әріптес-ниеттес жандарға айта жүрсін дегендік.
Әрине, газет – бұқараныкі. Оқырманы болмаса, газет те шықпайды. Ал, жыл сайын оқырманы көбейіп жатса, журналистерге де абырой, қоғамға да пайда. Өйткені газет қай уақытта болмасын қоғамдық пікірді қалыптастырушы, билік пен халық арасындағы алтын көпір болып келді және солай болып қала да береді. Бүгіндер бұқаралық ақпарат құралдарын «төртінші билік» деп тегін атап жүрмегені де белгілі.
«Қостанай таңы» газеті редакциясы биыл облыс аудан-қалаларында газет күндерін өткізуді дәстүрге айналдырды. Біз Қостанай, Таран, Аманкелді, Арқалық, Жанкелдин аудандарында, Рудный, Лисаков қалаларында кездесу өткізгенде оқырманның газетке деген ерекше ықыласын, жоғары талабын аңғардық. Оқырмандарымыз басылымға белгілі дәрежеде қолдау көрсетумен қатар, алдағы уақытта атқарылар жұмысын да айқындап берді, ұсыныс айтты, ақыл қосты, пікір білдірді.
Таран ауданында болғанымызда жиналған көпшілік өз жерлестері Би-ағаңды, Бейімбет Майлинді, әспеттеді. Сол біртуар жанның өз қолымен құрған газетіне де шынайы ықылас-пейіл-дерін төкті. Бүгіндер ауданда бар болғаны 223 газет тарайды екен. 7632 қазағы бар іргелі аудан үшін бұл азырақ екені рас. Соны түсінген ұлтжанды бір ұлан жиналған көпшілік алдында «Қостанай таңы» газетінің таралымын ауданда мың данаға жеткізуге күш саламын, – деді.
Жер-жерде осындай жанашырларымыз болса, басылымның айы оңынан туар күн де алыс болмас.
Оның үстіне тәуелсіздік алған жиырма үш жыл ішінде облыста қандастарымыздың саны едәуір өсті. Қостанай, Рудный, Лисаков қалалары да қазақыланып келеді. Нақтырақ айтсақ, бүгіндері облыста 341411 қандасымыз бар екен. Газеттің бүгінгі таралымы 11 мыңдай десек, бұл әрбір 31 адамға бір «Қостанай таңынан» келеді деген сөз. Ал әр отбасында бес адам бар деп есептесек, әр алты шаңырақтың біреуі ғана біздің газетті оқиды екен.
Біздің ойымызша, мұның астарында әлі де болса, мемлекеттік тілге деген сенімсіздік, немкетті көзқарас жатыр. Осыдан төрт-бес жыл бұрын Қостанайдағы  бір ұжымның білдей бір басшысы, өзіміздің қаракөз қарындасымыздың «Мемлекеттік тіліңе түкірдім» деген былапыт сөзін сынап жазғанымызда, құдай-ай, дауласып шыға келгені, қайта-қайта сотқа сүйрегені бар. Өйткені, ол бала жастан орысша оқып, орысша сөйлеп, орысша жазып дағдыланған. Сонысының арқасында басшылық тізгін ұстаған. Ондай жандар өмір бойы осылай болады, мемлекеттік тіл деп қанша қақсағанмен орыс тілі үнемі үстемдік құра береді деп сенеді және соны қалайды. Ал, уақыт өткен сайын ана тіліміздің беделі артып, Қазақстандағы барлық ұлт пен  ұлысты біріктіретін, топтастыратын факторға айналып келе жатқанын олар ескермейді. Бұл жөнінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлытауда берген сұхбатында да ерекше қадап айтты ғой.
IMG_1269Өз басым осы қара шаңырақ – «Қостанай таңында» талай жылдар бойы қызмет істеп келемін. Сонда бір байқағаным, көптеген кәсіпорындар, ұйымдар, мекемелер басшылары кеңсеге қазақ газетін жаздыртып алмайды. Сол ұжым туралы мақала шықса немесе жарнамасы жарияланса, редакцияға келіп, газет сұрап жүргені. Ал, ірілі-ұсақты ұжымдардың бәрі «Қостанай таңының» ең болмаса, бір данасын жаздырып алса, сондағы қан-дастарымыздың сол басылым-   ға бауыр басары ақиқат. Және, айта кетейік, біз газетке жазылу бағасын да шарықтатпай, әркім-нің де қолы жететіндей шамада ұстап отырмыз. Мысалы, келер жылға жылдық жазылу бағасы ұжымдар үшін 4200 теңге болса, жеке тұлғаларға 3800 теңге, ал алты айға – мұның жартысы.
Бізге кейде «Қостанай таңы» көбіне-көп Торғай өңірі туралы жазады деген наз айтады. Оның да өзіндік себебі бар екенін қаперге сала кетсек, артық болмас. Мысалы, 16885 қазағы бар Аманкелді ауданы 1636, 13962 қазағы бар Жанкелдин ауданы 1526, 32216 қазағы бар Арқалық ауданы 1278 газет жаздырып алады, яғни оңтүстіктегі үш аудан 4440 дана газет алады, ал бұл бүгінгі таралымның 41,6 пайызы. Салыстыру үшін айтайық, 23388 қазағы бар Әулиекөл ауданы 523, 21991 қазағы бар Жітіқара 176, 25279 қазағы бар Қостанай ауданы 463, 11783 қазағы бар Меңді-қара 234, 78757 қазағы бар Қостанай қаласы 1373, 34804 қазағы бар Рудный қаласы 572 дана газет алады. Байқап қарасаңыз, оңтүстіктегі үш ауданның қазағын қосқанда (барлығы 63063 адам) бір Қостанай қаласындағы қан-дастар санына (78757 адам) жетпейді, солай болса да олар таралымның тең жартысына жуығын ұстап тұр, облыс орталығындағы он пайыздан сәл астам. Сонда біз газетті қалап, жаздырып алып отырған жамағат туралы көбірек жазсақ, оның несі айып?!
Әрине, басылымның беделі мен көп таралуы, ең алдымен, біздерге, журналистерге байланысты. Редакция ұжымы оны жақсы түсінеді, осы орайда ізденіс жалғаса береді деп Сіздерді сендіргіміз келеді. Биыл біз газеттің бет сандарын көбейттік, екі нөмірді түрлі-түсті бояумен шығарамыз. Алдағы жоспарымызда да талай жаңалықтар бар.
Бір-бірімізден көз жазып қалмайық, ағайын! «Қостанай таңы» – ең алдымен Сенің газетің, құт қонған Қостанай өңірінің айнасы, оқырманның досы, сырласы. Және ол солай болып қала береді.
Жаңа жылда да қалауыңыз «Қостанай таңы» болсын!
 
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓