Нұралы САДУАҚАСОВ: “Көңіл толымды. Іс көп. Уақыт аз…”
Жітіқара – жомарт жер. Қойнауы қазба байлыққа толы мекен. Еліміздегі шағын қала мәртебесіне ие болған шаһар. Жаңалыққа жаны жақын, құлағы түрік оқырмандарымыз Жітіқара же-рінде болып жатқан әрбір оқиғаны газетімізден оқып, біліп те жүр. Алдағы жылы өңірімізде тұңғыш рет шаһар маңайынан индустриалды-өндірістік аймақтың құрылысы тәмамдалады. Міне, осындай Ресей сияқты алып мемлекетпен көршілес жатқан ауданның тыныс-тіршілігі мен әлеуметтік-экономикалық хал-ахуалын біліп қайтуға бар-ған облыс басшысы Нұралы Садуақасов алдымен Пригородный ауылына табан тіреп, ешкі сүтін өндіретін "ЖК Булудов" ЖШС-нің директоры Руслан Булудовпен әңгімелесіп, ферманың жай-күйімен танысты.
– Ешкі сүтінің емдік қасиетін жақсы білемін, – деп сөз бастады Нұралы Садуақасов. – Тауарларыңыздың сапасы қандай? Тұтынушы халықтың сұранысы көңіл қуантады ма? – деді.
– Өнім халықаралық сапаға ие. Әлімсақтан белгілі ғой, ешкі сүтін халық емдік қасиеті болған соң уызына жарымаған сәбилерге пайдаланады. Әзірге тауарымызға көңілі толмаған жанды естімедік, – деді Руслан Пантелеевич ешкі сүті бар құтысын көрсетіп.
– Ендеше, біз де дәм татайық, – деді өңір басшысы құтыдағы сүттен ауыз тиіп. Сәлден соң:
– Иә, жақсы екен. Басқа төрт түлік малдың сүтіне қарағанда дәмі өзгеше екен. Енді сіздер бұл кәсіпті нәсіп етсеңдер әрі қарай экспортқа шығаруды, мал басын көбейтуді ойластыру керек. Бұл жағынан үкімет көмектесуде ғой. Аз пайызды несие алып, тек қана мал басын көбейтіп қана қоймай техникаңызды да жаңартыңыздар,– деді.
Бұдан әрі Нұралы Садуақасов құрылысы басталған индустриалды-өндірістік аймақтың инженерлік коммуникациясы жүргі-зіліп жатқан нысанға келді. Бұл жобаға республикалық қазынадан 425 млн.теңгеден артық қаржы бөлінген екен. Мердігері "АиФ" ЖШС өкілінің айтуынша құрылыс келер жылдың күзіне дейін бітетін тәрізді.
– Өздеріңіз жақсы білесіздер. Бұл жоба сәтін салып іске асып жатса, тек қана жітіқаралықтар ғана емес, өңіріміз үлкен пайдаға шығады. Барлық өндірістік орындар бір жерге шоғырланып, оларға қолайлы жағдай туады. Әзірге жұмыс байқауымша, қарқынды жүріп жатыр. Тек берілген қаржыны үнемдеп жұмсаңыздар, шығын аз болсын, – деді өңір басшысы аудан әкімінің орынбасары Есбол Айсабаевқа.
Содан соң "Қостанай минералдары" АҚ қолына алған жаңа асфальт зауытының құрылысымен танысты. Бұл жайында акционерлік қоғамның басқарма төрағасы Ербол Нұрхожаев әңгімелеп, алдағы жоспарларын айтып, қала көшелері мен басқа да шаруашылықтарға зауыттың берер пайдасын жеткізді.
Осы жылдың қазан айында құрылысы басталған зауыт келер жылы көктемнен бастап іске қосылмақшы. Сағатына 90 тонна өнім беретін зауытқа 136 млн. теңгеден астам қаржы жұмсалып жатқан көрінеді.
Өңір басшысы ауданда атқарылып жатқан жайттарға көңілі толып, кәсіпкерлерге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жүктеген тапсырмалардың үдесінен шығу қажеттігін қадап тапсырды. Аудан әкімі Мейрам Өтешовтің он айдағы атқарылған жұмыстарына оң бағасын беріп, көңілі тол-ғанын, бірақ істейтін жұмыстардың жетіп артылатынын, оған уақыттың аздығын айтты. Ауыл шаруашылығы саласындағы аз-маз кемшіліктерін сынға алып, ауа райының қолайсыздығына байланысты туындаған жағдайды да еске алды. Аудан активімен өткізілген мәжілістен соң өңіріміздің көркемөнерпаздарының "Тыңның 60 жылдығына" арналған мерекелік концертіне қатысты.
Нұрболат
МЕШІТБАЕВ
СУРЕТТЕ: облыс әкімі Н. Садуақасов "ЖК Булудов" ЖШС ешкі сүтін өндіретін шаруашылықта.