Ұстаздарға тағызым
Қостанай қаласында мұғалімдердің кәсіби мерекесіне орай салтанатты жиын болып өтті. Мерекелік шараға қатысқан өңір басшысы А.Б. Мұхамбетов барша ұлағатты ұстазды құттықтап, марапаттады.



Мұғалім мәртебесін және мұғалім мамандығының беделін көтеру мақсатында аудандар мен қалалардың білім бөлімдерінің басшылары, облыстық білім беру ұйымдарының директорлары, педагогикалық еңбек ардагерлері, педагогикалық жұртшылық «Ы. Алтынсарин» және «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілерімен, облыс әкімі А.Б.Мұхамбетовтың грамоталарымен және сыйақылармен, ҚР Білім және ғылым министрлігінің грамоталары мен алғыс хаттарымен мадақталды.



–Бүгінгі төл мерекемен барша ұстаздар қауымын құттықтағым келеді. Өзім Ы.Алтынсарин атындағы колледждің түлегімін әрі сол оқу орнында басшылық қызмет атқарудамын. Биыл колледждің 80 жылдық мерейтойында осындай тамаша сый құрметке бөленіп жатқаным қуантады. Бұл 80 жылдық тарихы бар колледж ұстаздарының мәртебесі, одан қалды Ыбырай ұрпақтарының еңбегі. Ұстаздық салада еңбек етіп жүргеніме 20 жыл болған екен. Соның ішінде он жылымды осы колледжге арнаудамын, – деп қуанышымен бөлісті «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері Жомарт Құсайынов.

Облыстың үздік мұғалімдерінің құрметіне Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрының солистері өнер көрсетіп, тамаша көңіл күй сыйлады. Жастар сарайының фойесінде филармонияның Камералы ансамблі өнер көрсетіп, облыстың үздік педагогтерінің жетістіктері көрсетілетін виртуалды «Даңқ аллеясы» жұмыс істеді.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ