Отар айдаған бала

тыл ардагері, қарт журналист Дәуренбек Ахметбеков – 90 жаста!
 
IMG_4561Өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы ашаршылық, сталиндік қуғын-сүргін мен қырқыншы жылдардағы соғыс нәубетінен өткендердің қай-қайсысына жолықсаңыз да, төрт құбылам сай, бауырым бүтін дегенін көрмеппіз. Қиыншылықты көре жүргені былай тұрсын, олардың көбі не әкеден, не шешеден, болмаса бірге туғандарынан тірідей айырылғандар. Бала күнінен осындай бейбақ күндерді басынан кешкен, өмірдің ыстық-суығын қатар көрген, бүгінде ел танитын абызға айналған ақсақалдарымыздың бірі – Дәуренбек Ахметбеков. Өңірімізге белгілі журналист, шежіреші, газетіміздің ардагері, тыл еңбеккері, немере-шөбере сүйген ардақты ата қазан айының 7 күні мерейлі 90 жасқа толып отыр.
 
Лекер қажының ұрпағы
Қостанайдағы Ақмешіт аталып кеткен Марал Ишан мешітінің құрылысын жүргізіп, оған қаражат жинап, ұйымдастыруына мұрындық болған Мінайдар болыс, Нұржан ақын, Кәрім, Есентай қажы бастаған елдің игі жақсыларымен қатар Лекер қажының да аты аталады. Лекер – Дәуренбек Ахметбекұлының үлкен атасы болып келеді. Негізі Лекер кезінде кедей шаруа болыпты. Ата қоныстары – Қоскөл, Жалтыркөл, Майкөл жері.
– Жазға қарай Лекер атамыз Үй өзені бойын жайлайды екен. Өзеннің ар жағы Троицк, бер жағы Қарабалық. Бұлар тері илеп, оны сатумен айналысады. Бірде Лекердің әйелі тезек теріп жүріп доға тауып алады ғой. Соны күйеуіне әкеліп, «самауыр қайнатуға бұтап бер» дейді. Әлгі доғаны балталай бастағанда, ішінен алтын теңге саудырап түседі. Сол алтынды сатып, Лекер байиды. Ол кісінің қажылыққа баруы да үлкен әңгіме. Елден шыққан біраз адам қасиетті Меккеге теңіз арқылы жол тартады. Теңізде дауыл тұрып, кемені батыруға айналады. Бара жатқан адамдардың біреуін теңізге садақалыққа лақтыру керек екен. Сонда бір жігіт «мені құрбан қылыңыздар, бірақ елге аман-есен барсаңыздар, әке-шешеме қарайласып, азды-көп байлықтарыңыздан үлестіріңіздер» депті. Соған келісіп, жігітті орап, теңізге лақтырады. Міне, сол қасиетті қажылықтан аман оралған Лекер атамыз мешіт салуға қаржы бөлді. Білетіндердің айтуы бойынша ол кісінің ат басындай алтыны бар деседі. Сол алтынды өлер алдында «жердің алтыны ғой, ешкімге бермеймін, өзінің жеріне барсын» деп көміп кетіпті. Қырқыншы-елуінші жылдары сол алтынды Жалтыркөлдің жігіттері іздеп еді, таппады, – дейді Дәуренбек ақсақал.
Соғыс басталардан бұрын, майдан жүріп жатқан тұста бала Дәурен бар туғандарынан айырылды. Үкілай, Ғазиза деген қарындастары, іле Қорғанбек інісі шиттей шетінеді.
– Отызыншы жылдары ел Жалтыркөлден Тимонов, кейін Тұңғыш аталған колхозға көшті. Ол Қостанай ауданына қараса да, қазір картада жоқ. Қазіргі Озерный маңы. Әке-шешем жаңа қонысқа бармай, темір жол станциясына қоныс тепті. Әкем теміржол жұмысшысы болды. Бұл жерде Озерный МТС-і, элеваторы болған. Сол тұста Қорғанбек інім өзі аппақ, топ-томпақ, жүгіріп жүретін. Үлкендердің айтуынша, Қорғанбекке ауылдағы Катя деген орыс әйелдің көзі тиді деп отыратын. Ойнап жүрген бала аяқ астынан қатты ауырды. Әкем мен анам оны Қостанайға емдеуге алып кетті. Сәби ауруханада шетінепті. Оны мен білмеймін. Баланы дәрігерге қаратуға кеткен үлкендерді үш-төрт күннен кейін қарсы алуға шықсам, әкем мен шешем пойыздан өздері ғана түсіп жатыр. «Қорғанбек қайда?» деп сұрасам, шешем «емдеуге алып қалды» деді де жылап жіберді… Қазір әкеммен бірге туған  қарындасы Раушан ғана қалды, балалы-шағалы, – дейді Дәуренбек қария.
 
Бала боп қызық көрмеген
Дәурен 1936-37 оқу жылдарында орыс бастауыш мектебінің 1-ші сыныбына барады. Әкесі Ахметбек ерте дүние салып, жылы өткеннен кейін анасы Жантай есімді аманкелділік азаматқа тұрмысқа шығады. Сауаты жоқ шаруа адамы 1931 жылғы аштықта туып-өскен Батпаққарадан жаяулап Қостанайға жеткен. Соғыстың алдында бұлар Аманкелдіге көшіп барыпты.
– 1940-41 оқу жылында 4 сыныпқа бардым. Ал соғыс басталған жылы небары бір тоқсан ғана оқыдым. Өгей әкемді әскер қатарына алып кетті. Шешем науқас еді. Мен тері-терсек илейтін артельде жұмыс істедім. Бүкіл Одақ бойынша «Бәрі жеңіске!», «Бәрі майданға!» ұраны көтерілген кез. Мен 12 жаста болсам да, үлкендердің ауыр жұмысын атқаруыма тура келді. Балалық шағым осы сәттен үзілді… Артельдегі әйел біткен сырт киім, қолғап тігіп, пима басты. Бәрін қолмен істейді. Мен цехтың отын жағамын, су тасимын. Мұндай өндіріс ошағына қаншама жылу, су кететінін жақсы білесіздер. 100 литрлік қазандарды толтыруым керек әрі оны қайнағанша от жағамын. Отын дегенде, ағаш та емес – қамыс. Ал анам болса, үйде май шаммен отырып, майдан даласына деп шұлық, темекі дорбасын тоқып отыратын, – деп кейіпкеріміз өткен күндерді еске алады.
Соғыс заманында басшылық қайда жұмсаса, сонда баруың керек. Бірде Чапаев атындағы колхоздан 2000 қойды Ор қаласындағы ет комбинатына айдап апару жөнінде тапсырма алады. Екі ара 600 шақырым. Мал айдағандар арасында 12 жасар Дәурен де бар. Ұсақ малдың жүрісі өне ме – алғашқы күні небары 20 шақырым ғана жол жүріпті. Ішіндегі ең жасы Дәуренбек болған соң барлық малшылар баланы ұсақ-түйектің бәріне жұмсай бермей ме – түнеуге тоқтаған жерде от жағасың, су әкелесің, тамақ пісіресің. Ол аздай, жол бойы қаншама қой төлдейді, аяқтанып кеткенше, қозыларын көтеріп жүруің керек. Осылайша Ор қаласындағы ет комбинатына жеткендердің еңбегі ақталды – әр қой межелеген салмақтан 1,5 келіден артық береді. Сол жолы бұларға колхоз басқармасы тарапынан алғыс жарияланып, әрқайсысына азық-түлік беріліпті.
 
Өмірі өрге басқан шақ
– Өгей әкем соғыстан оралмады. Ал 1943 жылы шешем қайтыс болды. 1945 жылы тамыз айында жаяулап-жалпылап Қостанайға жеттім. 4 сыныптық куәлікпен сол кездегі Жамбыл атындағы (қазіргі Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернат) мектептің 8 сыныбына оқуға қабылдандым. Ол білім ошағы кезінде Ыбырай бабамыз қызыл кірпіштен салдырған мектеп болатын. Интернатта жаттым. Ол кезде интернатта пеш жағады. Жатақханымыз суық, отын тапшы. Көше жағалап жүріп, мекемелердің дайындап қойған отынын ұрлаймыз. Бірде біздің балалар Золотухин деген хатшының тақтаймен қоршалған қашасын бұзып, отқа жаққан ғой. Ертеңіне милиция келіп, оқушылардан сұраған ғой. «Иә, отқа жақтық, тоңып өлеміз бе» деген ғой балалар. Мұны естіген қала басшылығы ағаш та, көмір де түсіріп беріп, бойымыз бір жылып еді, – деп күледі қарт қаламгер.
Дәуренбек Ахметбекұлы қасиетті қарашаңырақта жуырда ғана дүние салған белгілі жазушы-журналист, ұстаз, ғалым Әбілфайыз Ыдырысовпен бірге оқығанын айта кеткен жөн. Дәуренбек те, Әбілфайыз да мектепті медальмен бітіргендер. Әрі сөзге шешен, жазуға шебер Әбекең сыныптас досы Дәуренді политех, зоотехке барайын деп тұрған жерінен журналистикада оқуға көндірді дейді. Сол қайраткер тұлға өмірден өткенше Дәуренбек құрдасымен амандық білісіп, хабар алысып келді…
 
IMG_4575Әуелбековпен әуелден аралас
1953 жылы Алматыдағы Киров атындағы ҚазМУ-дің журналистика мамандығын аяқтаған Дәуренбек Ахметбекұлы бір жылдай Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің үгіт-насихат бөліміне қарайтын «Үгітші блокноты» басылмында қызмет істеді. 1954 жылдан бастап «Лениншіл жас» газетінің Қостанайдағы тілшісі болып елге ауысты. Қазіргі «Қостанай таңы» газетінің әдеби бөлімі меңгерушісі бола жүріп, 1959 жылы облыстық радиоға аға редактор қызметіне ауысып, аттай 30 еңбек еткеннен кейін 1989 жылы зейнеткерлікке шықты. Бұл кезде радио басшысы Нұрқан Ислямиев зейнетке шыққан алдыңғы буын ағасын құрметтеп «УАЗ» автокөлігін сыйлыққа берді. Сол тұста қарт жорналшы Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Қарап отырмады, 1992-96 жылдары облыстық әкімдікте маман, бас маман, аудармашылық қызмет атқарды. Одан кейін екі-үш жылдай Қонаев атындағы қордың облыстық филиалын басқарды. Дінмұхаммед Ахметұлының 100 жылдығына орай «Қостанайлықтар Қонаев туралы» атты естелік кітабын шығарғанын ел біледі.
Жалпы, кейіпкеріміз елдің талай игі жақсыларымен қызмет бабында да, жеке өмірінде де араласып өткен жан. Кеңес Одағының екі мәрте батырлары Талғат Бигелдинов, Леонид Беда бастаған, өңірімізге қонатын ғарышкерлердің талайымен, белгілі тұлғалармен сұқбаттасқан маман.
– Қайраткер басшы Оразалы Қозыбаевпен сыйластығымыз үзілмеп еді. Ал кезінде Торғай елін басқарған бірегей тұлға Еркін Әуелбековпен жақын араластық. Бір жағы бажалығымыз да бар-тұғын. Жасыратыны жоқ, заманында қызмет бабында жүріп, аудан басшыларынан құқай көрген азаматтар мен директорлыққа лайық деген жігіттерді тікелей Еркінге айтып, лауазымды қызметтерге алдырып, жәрдем тигізгенім бар. Сол азаматтар Ерекеңнің жүзін жерге қаратпай, абыроймен еңбек етті. Тіпті, бірге қызметтес болған Брынкин өз естелігінде өте жылы суреттейді. Ерекең депутат кезінде Көкшетауға келеді ғой, облыстың бірінші хатшысы баяндама жасап, өзіне дейін қызмет еткен басшылардың атын атай бастапты. Кезек Әуелбековке келгенде, зал орнынан тұрып шапалақ соққан екен. Сол ортада отырған Еркін Нұржанұлы сахнаға шығып, қайта-қайта басын иіп, көзіне жас келді дейді. Бұған дейін бірегей тұлға жайында «Қазақтың асыл перзенті» деген кітабым жарық көріп еді. Ал келер жылы Еркін Әуелбеков 90 жылдығы, Алла амандығын берсе, соған орай бір мақала жарияласам деген ойым бар, – дейді тыл ардагері.
 
Ұрпағы – өмірінің жалғасы
Дәуренбек ақсақал ұзақ жылдар ұстаздық еткен жұбайы Майраш апай екеуі екі ұл, екі қыз сүйгенімен, қыздарының ғұмыры қысқа болды. Қазір қазыналы қария ұлы Серіктің қолында. Ал Дарханы – Нұр-Сұлтан қаласында. Сегіз немеренің алды қырыққа келді. Осылардан он шөбере көріп отыр. Әзірге шөбереден шаңырақ көтергені жоқ – алды жиырма беске енді толған.
Қазақ «көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра» дейді ғой. Кейінгі жорналшы буын – біздер, алдыңғы толқын абыз қарияның абыройлы жолын бергей дейміз. Ақсақалға шөберелерінен шөпшек, немене көріп, ортамызда ақыл-кеңесін беріп жүре беруіне тілектеспіз.  
 
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓