Бұл елде Ер Байсары батыр өткен

Қамысты ауданының Орқаш жері өзінің көркем табиғатымен, әсіресе, тұзды көлімен аты шыққан өңір. Сыпсыңағаш қолатының орта тұсындағы көлдің тұзы өткен ғасырларда маңайды ғана емес, Ресейдің ішкі губернияларына жеткізіліп отырды. Заманында қоныс қылған елі, мыңғырған малы көп Орқаштың қазіргі ахуалы мәз емес. Дегенмен тарихи-жағырапиялық жағынан қасиетті ауыл азғана түтінімен жаз жайлап, қыс қыстап отыр. Жолшара, Отын-Қамыс, Қайыңсор, Қызылкөл, Дөңгелек-Сор, Ашудас, Бөкпен, Тауықсор, Тұзды Орқаш, Кіндікті батаған жиырмадан астам көлі, Теңіз, Алакөл, Кіндікті, Жаркөл, ауыл маңынан ағып жатқан Қарасу өзендері, елді мекен айналасындағы төрт бұлақты айтпағанда, кезінде бұл өңірді Ер Тарғынның ұрпағы Әжігерей, Жәудір апа, Толысбай, Байсары, Тайлақ, Себеп, Есентай, Сейітжан қатарлы әулие, батыр, би, ақындар мекен еткен.
IMG_8721
IMG_20190722_162921
Орқаш жатқан орын кезінде өзен атымен Қарасу аталған. Шұқырқопа, Сұлусары, Қаратөбе, Бөлек, Там-Қарасу, Тауынсор қоныстары мал-жанға жайлы, шөбі шүйгін, суы мол жерлер. Отызыншы жылдардың ашаршылық жылдарында ел осындағы өзен-көлдердің балығын жеп күнелткен.
Білетіндердің айтуы бойынша бұл атырапты ХVІІІ ғасырда Кіші Жүздегі «Төрт Телеу» атанған Әжіахмет, Керейт, Самат, Ноғай келіп қоныстанады. Алғаш болып Телеуді Бабасан (Жолшара) деген аталары бастап келсе керек. Осы Бабасан баба өзімен еріп келген төрт атаның ұрпағына төрт қонысты бөліп берген екен.
IMG_8726
IMG_20190722_163422
Сәл кейінірек Ресей отарлаушыларына қарсы шыққан Байсары, Бажыр, Күмпей батырлар бастаған Кіші Жүз Жағалбайлының Малатау ұрпақтары Жайық бойынан жұртын көшіріп, Ор бекінісі маңына келіпті. Мұнда да орыс әскерлерінің шабуылына ұшырайды. Ор бекінісінің «Жаманқала» атануы да осыдан қалған деседі.
Қожаберген жыраудың «Елім-ай» дастанында мынадай жолдар бар:
            «Айырылып ата қоныстан,
            Бет қайтқан соң соғыстан.
            Дәу мылтықты дұшпаннан,
            Есентемір жұрты ығысты.
            Жағалбайлы, Жаппаспен,
            Есентемір, Кердері,
            Орал тауға көшпекші…».
ХІХ ғасырда орыс патшалығы қазақ жерін өзіне басыбайлы қаратып, жер қысымшылығы басталған кезде, Абылай ханның немересі Кенесары отаршылдыққа қарсы көтеріліс ашады. Оған катысқандар арасында Байсары, Бажыр, Күмпей батырлар да болыпты. Бұл жөнінде Орынбор  қаласында шыққан «Жағалбайлы шежіресі» кітабында жазылды. Хан Кененің құрамында болған қазақ әскерлерінің тойтарыс беруінің арқасында патша әскерлері кері шегінуге мәжбүр болады.
IMG_20190722_163612
IMG_20190722_163655
Жағалбайлы бұл жаққа  көшіп келгеннен кейін де тыным болмайды. Әртүрлі талас-тартыс туындап, тағы да ел қорғауға шығады. Бұл жолы, Тобыл бойы Ормантайынан шыққан Қара баба (атақты Аққошқар-Мырзабектің баласы) қаржы бөліп, ел де көмектесіп, қазіргі Жітіқара тауының басынан қарауыл төбе ұйымдастырады. Онда бір мезгілде жүз қаралы жауынгер-сақшы күзетте тұрган екен.
IMG_20190722_163807
Бұл қарауыл төбенің бір ерекшелігі, оның басынан қараған адам айналаны 40-50 шақырымға дейін анық көре алады. Содан барып, жіті қарайтындардың төбесі –  Жітіқара деп аталады деседі. Ол қарауыл жауынгерлерді басқарған Малатау батырдың шөпшегі  Самұратұлы Байсары (Малатау-Есет-Мырзагелді-Самұрат-Байсары) батыр. Қарауыл төбедегі күндіз-түні күзетте болатын сарбаздардың жүз қаралы атына төбенің етегінен ағып жатқан жалғыз бұлақтын суы жетпей, Байсары бабамыз өз әскерімен сол бұлақтың баратын жерін бөгеп, су тосқан екен.
Кейінгілер, тіпті берірекке дейін оны «жарықтық Байкемнің (Байсарының) бөгеті ғой» деп отырыпты. Сол заманда салынған Байсары батырдың бөгеті әлі күнге дейін бар дейді көнекөздер. Бүгінге дейін онда су бөгеледі, тек іші әбден лайға толыпты. Кейінгі жылдары Львов тәжірибе шаруашылығы бөгеттен асқан суды ұстау үшін сол саланың бойынан тағы да екі бөгет салып, олардың суын шабындықты суаруға пайдаланып келген.
IMG_20190722_164118
Атақты Шеген бидің қоныс беруімен Байсары, Бажыр, Күмпей бастаған ауылдың соңғы орныққан жері – Қамысты ауданының Жайылма, Талдыкөл, Орқаш бойы. Оған дәлел осы Орқаш ауылының сыртында солтүстік-батысқа қарай он шақырым жерде Самұратұлы Байсары батыр, оның ұлы Байсарыұлы Есқожа және немересі Есқожаұлы Балғабай жерленген. Там-Қарасудағы осы қорымның сыртынан ертеректе алтын табылған деген әңгіме бар. Демек, қоныс тепкен Малатау ұрпақтары әжептәуір дәулетті болғанға ұқсайды. «Әуелі бас қосқаным Жағалбайлы, жылқысын көптігінен баға алмайды» деп бекер айтылған ба.
IMG_20190722_164230
Байсары батырлығымен ғана емес, көріпкелдігімен, емшілігімен танылған тарихи тұлға. Самұратұлы Байсарыдан Айтқожа, Ханқожа, Алтынбай, Әмір, Итекей, Есқожа, Балқожа туады. Ұлы Отан соғысының майдангері, газетіміздің ардагері, белгілі жыршы Қасымхан Алдабергенов Байсары батырдың әкесі Самұратпен (кей жазбаларда Самырат) бірге туған ағасы Есебайдан тараған тікелей ұрпағы (Есебайдан – Бажыр, Бажырдан – Байжарқын, Байжарқыннан – Шақай, Шақайдан – Алдаберген,  Алдабергеннен – Қасымхан. Орқаштағы бабалар зиратына тәу ете барған бір сапарында қарт жауынгер араб әрпінен аздап саңылауы барын айта келе, құлпытастан «Жағалбайлы, Малатау, Байсары, 84 жасында…» деген ескі жазуды оқыдым дегенін де жеткізіпті.
IMG-20181017-WA0007
Биыл осы Орқаш ауылының сыртындағы Там-Қарасу жайлауындағы батыр әулие бастаған бабалардың қорымын көрудің сәті түсті. Сапарласымыз – Қамысты аудандық ішкі саясат бөлімі. Ал бізге жол сілтеген – Орқашта ұзақ жыл ұстаздық еткен әрі қазіргі күні баба тарихын зерттеумен айналысып жүрген Назым Төребаева.
– Орқашта 30 жыл бөлімше басқарған Күнтуар Махамбетов жер тарихын жақсы білетін еді. Ауылдан көшер алдында маған маңайды түгел аралатып көрсетті. Солтүстік-батыстағы Талдыкөл ауылына шығатын он шақырым жердегі Там-Қарасу төбесінде ескі заманнан қалған құлпытастар көптеп жатыр. Байсары бабаның жерленген жері жайында бұған дейін талай айтылып келді. Көне қорымдағы құлпытастар соған дәлел. Сынғандары мен көмілгендері бар, қанша құлпытастың бары белгісіз. Батыр зиратының нақты қайда жатқанын ұрпақтарынан сұрастырдық, ескіше жазуды имам оқыды. Мұның сыртында Орынбор архивінен материалдар алдық. Қолбасшы зираты мен Малатау ұрпақтарының нақты жерленген орындары анықталған соң олардан тараған ұрпағы Жанболат Қылышбаев өзі қолға алып, Самұратұлы Байсары батыр бастап, Самұратұлы Жаманқұл, Байсарыұлы Есқожа, Жаманқұлұлы Мыңжол, Есқожаұлы Балғабай (Байсары батырдың немересі), Мыңжолұлы Қылышбай аталарының басын көтеріп, зиратын салды. Айдос Мәліков, Руслан Аманов, Қадірбек Жүндібаев тағы басқа жігіттер бейітті жаңалап, құрылысын көтерді. Биыл қорым 1,2 миллион теңге аудандық бюджет есебінен қоршалды. Біз жергілікті мұражаймен бірлесіп, қасиетті орынға үнемі экспедиция ұйымдастырып келеміз. Жақында аудан оқушыларымен барып, зиярат етіп келдік. Жұмысымыз мұнымен тоқтап қалмайды. Тағы бір үлкен шаруа тұр – Орқаш-Қарасудың басында Кенесары ханның ту көтерушісі Толысбай батыр жатқан орынды табу керек, – дейді Назым Әбдіразаққызы.
lu0UZmy7Pic
Осыдан бірнеше жыл бұрын сонау  Еуропа төрінде  жатқан мажарлар (венгрлер) жолаушылап салт атпен  ежелгі  мекені болған қазақ жеріне келді. Қызбелге қарай бара жатқан сапаршылар Қамысты ауданының Орқаш ауылына ат шалдырып, Байсары баба жерленген қорымға зиярат етіп кеткені жайында бұған дейін баспасөзде жарық көрді.
RA47wqyz3-Q
Қасымхан ақсақалымыз туған елге барып, батыр аталарының зиратына зиярат еткендегі әсерін «Өңірдің  екі жүз жылдық тарихы ойыңа оралады: Байсары, Бажыр батыр бабаларымыздың  қалың  қолының  ат тұяқ дүбірі құлағыңа  келеді, жаңа мекенге  қоныс теуіп жатқан ауыл-ауыл  көштің  қарбалас тыныс-тіршілігі  көзіңе  елес береді. Мына шағын қорымдағы  сабау-сабау құлпытастардың қай-қайсысы да  сөйлеп  тұр, шежіре шертеді. Көріп отырсыздар, Байсары батыр мен Бажыр  батыр екеуі немере. Бұлардың жұптары  жазылмаған. Жауға бірге шауып, жеңіске бірге  жеткен. Бірақ атағы  Байсарыда қалады (ағалығы болуы керек). «Байсары  шапты, Байсары алды» – халық аузында осылай тарады. Бұл – қазаққа тән  қасиет. Іні ағаға жол береді» деп суреттепті.
Қамысты ауданы.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓