Дүрлігуге негіз жоқ
Беген Көпеш, Қостанай қаласының құрметті азаматы:
Біз зейнеткерміз. Кез келген жұмыскер, қызметкер сияқты зейнетақымызды теңгемен аламыз, сауданы төл валютамызда жасаймыз. Қазіргі жағдайға байланысты зейнетақы да, жалақы да азаймайды деп ойлаймын. Елбасымыз күні кеше бір жағадан – бас, бір жеңнен – қол шығарып, бірлігімізді сақтай отырып, қандай қиын дағдарысты да еңсереміз деді. Сондай-ақ, бұл өтпелі кезеңнің қарапайым халыққа әсері болмау керектігін қадап айтты. Сол себепті, алдымен жұртшылық тұтынатын заттардың бағасын көтермеу, жұмыс орындарын сақтап қалу – мемлекеттік саясаттың басты ұстанымы.Қазір бизнестегі есеп айырысу көп жағдайда АҚШ долларымен бағамдалады. Менің ойымша, доллар бағамының көтерілуінен бюджетке түсетін қаржы көлемі де ұлғаяды. Экспортқа шығарылатын тауарлар, шикізаттар доллармен есептеледі. Ал оны теңгеге шаққанда, тағы да ұтарымыз сөзсіз.
Тоқсаныншы жылдары айлық жалақымызды ала алмаған, зат тапшы заман да өтті ғой. Өндірістер тоқырап, жұмыс орындары қысқарып, үлкен деген ұжымдар тарап кетіп жатты. Ол кездегідей қиын-қыстау уақыт артта қалды. Қазіргі жағдай басқа. Еуразияық одаққа ендік. Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болып отырмыз. Біздің мемлекетіміздің даму межесі айқын. Осыған орай бүгінгі өтпелі кезеңді де ел болып, бірлігіміздің арқасында еңсерерміз деген зор сенім бар.