“Тобыл” жеңіске жетті

Ойынның 7-ші минутында "Тобылдың" капитаны Нұрбол Жұмасқалиевтің алыстан бағыттаған добы Ж.Нарзикулов қақпасынан табылды. Көп ұзамай қонақтар өз айып алаңдарында Нұрболды шалып құлатып, бас төреші "Тараз" қақпасына он бір метрлік айып добын белгіледі. Бірақ, Виталий Волков пенальтиді сәтті орындай алған жоқ.
Бұдан кейін қос қарсылас алма-кезек шабуылдарға көшті. Қонақтар да өз еселерін жібермей, алаң иелерінің қақпасын бірнеше рет нысанаға алған. Алайда бәрі де сәтсіз аяқталды.
58-ші минутта Иржи Иеслинек таблодағы есепті 2:0-ге жеткізді. Ал ойын аяғына таман Ондрий Кушнир үшінші допты соғып, көптен бері көңілдері пәс болып жүрген "Тобыл" жанкүйерлерінің еңсесін тіктеді.
Осы жеңістен кейін турнир кестесінің 12-ші сатысында тұрған қостанайлық клуб бір саты болса да алға жылжыды. Бірақ бұл да жерлестерімізді төменгі топқа түсіп қалу қаупінен құтқармайды. Енді "Тобыл" 20-шы қыркүйек күні Павлодардың "Ертісін" қабылдайды.
Айбек
КӘДІРҰЛЫ