Ұрпаққа үлгі марафоншы

Рудный қаласының тұрғыны, 76 жастағы Қайырбай Сәлімовты «қария» деуге қимайсың. Қимылы ширақ, жүрісі сергек, ақылы кемел ақсақал қашықтыққа жүгіргенде жасы мен жасамысыңның біразын артта қалдырады. Спортты жанына серік етіп, денешынықтыру арқылы бойына қуат алған, қарттыққа тән ауру-сырқаттан аман-сау бір адам болса, осы Қайырбай атадай болар.1
Кейіпкеріміздің өмірі мен еңбек жолы «ССКӨБ» АҚ-ның тарихымен біте қайнасып жатыр. 1967 жылы Қарағанды политехникалық институтын тәмамдаған жас маман жолдамамен құрылысы қарқын алған кен алыбының Жөндеу механикалық зауытына жұмысқа тұрады. Қайырбай Сәлімұлы ұжымда бірден еңбекқорлығымен, өзіне артылған жауапкершілігі үлкен жұмысты адал атқаратын қасиетімен көзге түсті. Инженер-нормалаушыдан құю цехы бастығының орынбасары қызметіне дейін жоғарылап, артынан ерген жүздеген жас маманды еңбекке баулыды. Өндірістік жоспарлардың орындалуына, туған қаласы мен комбинатының дамуына өлшеусіз үлес қосты.3
Білікті маман күнделікті жұмыстан бөлек зауыттағы қоғамдық және спорттық іс-шараларға белсене араласты. 1988 жылы Ленинград (қазіргі Санкт-Петербор) қаласында өткен бүкілодақтық марафонға да қатысып, өз күші мен шыдамдылығын сынап көрді.
– Бұл сапар маған өте зор әсер етті, қашықтыққа жүгіруге деген ынтамды ашып, қызығушылығымды оятты. Содан бастап осы уақытқа дейін Қазақстан мен Ресейдің қалаларын былай қойып, Қырғызстан, АҚШ, Италия, Швеция мен Швейцарияда өткен 70-ке таяу марафонға қатыстым. Кейбірінен жүлделі орын да алдым. Бүгінде өмірімді спортсыз елестету қиын, – дейді ақсақал.
Жазда жаяу жүгіріп, қыста шаңғы тебуді күнделікті әдетіне айналдырған Қайырбай Сәлімұлының өмір салты жастарға үлгі болары анық. Ол соңғы бір жылдың өзінде «Рудный-Марафонға», Қостанайда Жеңіс күніне орай өткен жартылай марафонға, Қарағанды қаласында өткен «Арманға жол» және Астанадағы «BI MARATHON» қайырымдылық спорт шарасына қатысып, ұзын саны 115 шақырым жүгіріп өтті. Ал марафондардан бөлек, күнделікті жаттығуларын қосқанда бірлестік ардагері жер шарын бірнеше айналып өтетіндей жолды жүгіріп өткені сөзсіз. Ендігі мақсат – 23 қыркүйек күні «ССКӨБ» АҚ ұйымдастырып отырған «Рудный-Марафон» шарасына қатысып, өзін тағы бір мәрте сынап көру.2
– «Дені саудың – жаны сау» деген қанатты сөзді барлығымыз білеміз де, спортпен айналысуға келгенде, басымызды бұғып қалатынымыз жасырын емес. Сол себепті, барлық халықты Рудныйда тамыз-қыркүйек айларында өтетін ауқымды спорт шаралары – ERG Спартакиадасы мен марафонға белсенді қатысуға шақырамын. Күнделікті жарты сағат дене шынықтыруға көңіл бөлсеңіздер жеткілікті. Көңіліңіз шаттанып, өмірдің барлық салаларында алынбайтын асу қалмайды, – дейді Қайырбай Сәлімұлы.
Кейіпкеріміздің барлық бастамаларын өмірлік жары Күлшікен апай үнемі қолдап қолпаштап жүреді. Қазіргі таңда үлгілі отбасы балалары мен немерелерін де адал еңбекке тәрбиелеп, спортпен шұғылдануларына барлық жағдайды жасап келеді.
 
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓