Барлық талапқа сай

Қостанайда қалалық полиция басқармасы аумағында уақытша ұстау изоляторы бой көтерді. Бір жыл ішінде салынған нысан әзірге республикада баламасы жоқ. Ғимаратты салуға облыстық бюджеттен 341 миллион теңге бөлінсе, оның 50 миллионы құрал-жабдық, 252 миллионы құрылыс жөндеу жұмыстарына жұмсалды. Басты мердігер – «Рудныйсоколовстрой» компаниясы. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов изолятордың ашылуына қатысып, үш қабатты нысанды аралап көрді.  
IMG_7044
– Құрылыс сапалы орындалған. Изолятор барлық халықаралық талапқа сай. Соңғы жылдары ішкі істер органдарының материалдық-техникалық базасын жаңартуға жергілікті бюджеттен 6 миллардқа жуық теңге жұмсалды. Ғимараттарды жөндеу, жаңа полиция бекеттері, автокөліктер сатып алынды, аймағымыздың аудан-қалаларында да көптеген жұмыстар жүргізіліп жатыр. Соның бір көрінісі – бүгін салынып отырған осы уақытша ұстау изоляторы. Бұл бағытта жұмысымыз жалғаса береді. Біздің басты міндетіміз – қылмыс деңгейінің төмендеуіне аянбай күш салу әрі оған жол бермеу, – деді аймақ басшысы.
IMG_7055
Изоляторда 15 адамдық қамау бөлмелері бар. Әрбір қамалушыға 4 шаршы метр орыннан келеді. Темір торлы бөлме төсек-орын, деретхана, жуынатын орынмен жабдықталған. Ал ғимараттың бірінші қабатында душ орналасыпты. Үшінші қабатында серуендеу алаңы бар. Мүгедек күдіктілерді ұстауға да жағдай жасалған – жеделсаты жұмыс істейді. Ал жалпы, қамауға алынғандар мен туыстарына арнайы кездесу бөлмесі қарастырылыпты. Нысан 44 бейне бақылау камерасымен жабдықталған.
IMG_7125
– Бұл ішкі істер органдарын жаңғыртудың 2019-2021 жылдарға арналған бағдарламасы шеңберінде жүзеге асып отыр. Облыс орталығында 14 жыл мұндай нысан болмады. Қамаққа алынатындар Рудныйдағы уақытша ұстау изоляторына жеткізілетін. Кеншілер қаласының Қостанайдан 45 шақырым қашықтықта әрі оған жеткізетін арнайы көліктер, күшейтілген күзеттің барлығы шығын екені белгілі әрі қауіпсіздік жағы қатаң ескеріледі. Сол себепті, құқық қорғаушылар бұл мәселені талай мәрте көтеріп келді. Енді міне, барлық талапқа сай нысан бой көтеріп отыр, – деді облыстық полиция департаментінің бастығы Бекет Аймағамбетов.
IMG_7144
Қыдырбек Қиысхан,
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓