АХМЕТ ЖАНТУРИН: әділ төре, билеуші-сұлтан, қамқоршы қайраткер
Қазақ даласы – Шыңғыс хан империясының негізінде құрылған Алтын Орданың бір бөлігі. Алтын Орданың билеушілері – Шыңғысың үлкен ұлы Жошыдан тарайтын төрелер. Жошыдан тарайтын қазақ хан-сұлтандарыжоңғар-қазақтың жауынгершілік заманында қазақ ру-тайпаларының басын жауға қарсы біріктіріп, қолбасшы ретінде танылса (Есім хан, Тауке хан, Әбілқайыр, Абылай), Қазақ даласы Ресей патшалығына толық қараған ХІХ-ХХ ғасырларда билік ісінде, оқу-ағарту ісінде, білім мен ғылымда өз таңбаларын, зор тағылымдарын қалдырды (Шыңғыс, Шоқан Уәлихановтар, Әлихан Бөкейхан т.б.).
Қостанай-Торғай өңірінде билік құрған хан-сұлтандардың қызметі ел жадында сақталып келеді. Айталық, бұрынғы Торғай облысы Қостанай уезінде, яғни патшалық үкіметтің танымындаорынборлық қырғыздар Ордасының шығыс бөлігінің билеуші-сұлтаны болып қызмет атқарған полковник Ахмет Жантурин (1808-1851 жж) көрегендігімен, ақылдылығымен, әділдігімен ел-жұрттың есінде ерекше сақталған. Ғұмыры қысқа болса да, өзіне қарасты ел-жұрттың зор ықыласына ие болған тұлға. Ахмет Жантуриннің Сейітханынан туған немересі Сәлімгерей Жантурин Мәскеу университетінің физика-математика факультетін, Санкт-Петербург университетінің заң факультетін тамамдаған көрнекті тұлға, І Думаға депутат боып Уфа губерниясынан сайланған Алаш қайраткері.
Тарихтан белгілі, Ахмет Жантурин өз ағайыны Кенесары ханның Ресеймен соғысы кезінде патша үкіметіне қызмет етуші кісі ретінде көтеріліске қарсы саясатты ұстанады. Әйтседе, Торғайды біршама жыл қыстаған Кенсары ханның Ор бекінісіне жасаған шабуылдары тұсында орыс әскерилерінің жоспары бойынша А.Жантурин бастаған қазақ қолы Қостанай жағынан келіп, хан Кененің қолын қоршауға түсіруге тиісті болатын. Бірақ Жантурин бастаған қол уақытында келмей, Кенесары қоршаудан сытылып кетеді. Патша үкіметі А.Жантуринге қатты ренжіп, осы іс-әрекеті үшін сөгіс береді. Мұны сұлтан әдейі істеді ме, әлде қоршауға уақытында жетуге шынымен бір обьективті себептер болды ма, ол жағы бір Аллаға ғана аян. Көп ұзамай 1851 жылы А.Жантурин 43 жасында кенеттен қайтыс болады. Бейіті қазіргі Қостанай қаласынан аса алыс емес Введенка елді мекенінің маңындағы «Хан» қорымында тұр.
Сұлтан Ахмет Жантуриннің қарамағындағы жұрты үшін жасаған жақсы істері туралы сөз қозғалатын осы ойларымызды 1895 жылы «Тургайская газета» бетінде жарияланған екі мақала негізінде жазуды жөн санап отырмыз. Мақалалардың атауының бірі «Из воспоминаний о султане Ахмеде Джантюрине», екіншісі «Перевод с подлинного приказа бывшего султана-правителя Восточной части орды Оренбургских киргизов, полковника Ахмеда Джантюрина, от 28 ноября 1842 г. за №721». Екі материалдың да авторы бір адам – Х Карджасов.
Автор Хамза Қаржасов (қазақша үндестікпен айтқанда) сұлтан Жантурин туралы естелікте өзінің сол кісіден жақсылық көргенін тілге тиек етеді. Ол Ахмет Жантуринды Орданың шығыс бөлігіндегі төре мен қазақ балаларын орыс үкіметінің оқу орындарына берген алғашқы кісі деп бағалайды. Автордың айтуынша, билеуші-сұлтан Орынборда кадет корпусы ашылғанда өзінің баласы Сейітханды, немере інілері Махмуд пен Омарды, Сейдалин балалары Айтөре мен Күнтөрені, Жәнібекті және қара қазақ Маусымбайды сол оқуға тапсырған. Ал кейінірек Орынбор шекаралық комиссия жанынан ашылған орыс-қазақ мектебіне қара қазақтың 20 баласын оқуға жібереді. Бұл турасында ол былай дейді: «…При открытии в г. Оренбурге первой киргизской школы, учрежденной при пограничной комиссии, определил в нее сына почетного киргиза Алтынсары, меня с братом Калджаном, двух сыновей своего домашенного муллы и вероучителя – киргиза Хисаметдина, киргизов Кучербая, Кулубека и еще до 20 мальчиков; но я, к своему горькому до сих пор сожалению, бывший еще в то время 7-ми летним мальчиком, в Оренбурге сильно заболел и вследствие этого возвратился оттуда обратно вместе с двумя сыновями киргиза Жайлява, оказавшимися один золотушным, а другой сифликатиком».
Бұдан әрі ол Ахмет Жантурин оқуға берген балалардың қандай қызмет атқарғанын және атқарып жатқанын, кімнің өмірден өтіп кеткенін баяндай отырып сол орыс оқу орындарында білім алған балалардың ел-жұрт үшін көптеген жақсы істер атқарғанын айтады. Ал Ыбырай Алтынсарин турасында естелікте мынадай жолдар жазылған: «Сын Алтынсары, Ибрагим, умер в чине статского советника, занимая должность инспектора киргизских школы Тургайской области». Х. Қаржасов Ахмет Жантуринге ағасы Қалжан екеуіне орысша білім алуына жәрдемдескеніне алғысы шексіз екенін ағынан жарыла айтады.
Естелікті жазушы автор Ахмет Жантуриннің серіктері, мақала жазылған кезде көзі тірі кісілер, жүзбасы Көртке Баубеков, хоружной Қосылбай Сатыбалдиндердің айтқандарына сүйене отырып, билеуші-сұлтанның көреген, ақылды болғанын, қазақ арасында барымта мен ұрлықты тыюға, шекара маңында тұратын орыс жұртымен, казак-орыстармен бейбіт тұрып, тыныш өмір сүруді, олармен білім игеру арқылы араласуды қалағанын жазады. Сол саясат өз жемісін беріп отыр деп ой қорытады автор.
Х. Қаржасов Ахмет Жантуриннің сұлтандық құрған кезеңі ел арасында бейбіт, мамыражай уақыт болып сақталып қалғанын Жаппас тайпасының Өтетілеу руынан шыққан Үсек ақынның мына бір өлең жолдары көрінеді деп бағалайды:
Ахмет хан болды да дау құрыды,
Теңеген ат құлағын жау құрыды.
Мына бір аз ғана ауыл Өтетілеу
Мас болып дәулетіне тауға ұрынды.
Аталмыш өлең жолдары Жаппас Өтетілеулердің Ахметке өкпелеп, басқа сұлтанға-Орданың ортаңғы бөлігін билейтін сұлтан жеріне көшпекші болып дау шығарғанда айтылған екен дейді автор.
Екінші мақала – сұлтан Жантуриннің 1842 жылы, яғни қоян жылы болған жұт кезінде елдің амандығын сақтап қалу үшін шығарған бұйрығының орысша аудармасы. Бұйрықтың мәтініне назар сала отырып, мынадай нәрселерді аңғарамыз:
1842 жылы сұлтан Ахмет Жантурин иелігіндегі Тобыл, Тоғызақ мен Обаған өзендері маңын жайлайтын Арғын, Қыпшақ, Жаппас, Керей рулары жаз айында болған далалық өрттен және күз айында жауған толассыз жаңбырдың арты қарға ұласқандықтан қатты жұт болады.Көктайғаққа ұшыраған өңірде тебіндеп мал жаю мүмкін болмағандықтан, сұлан Ахмет Жантурин едің жылқысын Тобыл мен Аят өзенінің аралығына, одан әрі Қазанбасы, Жаманбір қарағай, Ебелей, Қожай, Қарсор, Көтібоқ, және Қарасу жағына жаюды бұйырады. Бұл орайда, ол барымта мен ұрлық тыйлмай отырған Төртқара, Шекті руларының әректінен сақтану үшін қажетті шараларды белгілейді. Ол шаралардың бастысы ретінде тау-тасты жерлерге қарауыл бекеттерін ұйымдастыру деп санап, соған қатысты 12 бөлімнен тұратын бұйрық шығарады.
Түйіндей келгенде, «Тургайская газетаға» жарияланаған аталмыш екі мақала сұлтан Ахмет Жантуриннің ел үшін атқарған қызметін бағалау мен саралауда маңызды көмекші бола алатыны айқын. Төре тұқымы хан-сұлтандардың халқы үшін атқарған еңбектерін бүгінгі ұрпақ орынды бағалай білуі тиіс деп санаймыз.
Алмасбек Әбсадық,
филология ғылымдарының докторы, профессор