«Күн қала» туралы не білеміз?

Арқайым қалашығы былтыр «Қазақстанның қасиетті жерлерінің географиясы» арнайы жобасына енді. Қостанай облысында орналасқан қалашықтың бір бөлігі Ресеймен шектеседі. Журналистерге ұйымдастырылған баспасөз туры аясында аталған киелі жердің ерекшеліктері таныстырылды. Сонымен, Арқайым қалашығы туралы не білеміз?
Өлкетанушы Валентин Истоминнің айтуынша, бұл қалашықты ойнап жүрген балалар тауып алған деген дерек бар.
пресс тур 2
– Қазақстанның Ресеймен шекарасына жақын, ертедегі қазақ жұртының бір қанатында орналасқан бұл көне қалашық шетелдік саяхатшыларды қызықтыруы заңды. Табиғи-географиялық жағынан келсек, бұл Жайық пен Тобылдың сол жағалауларының аралығындағы құнарлы, ұсақ төбелі, кішкене өзендер өрнектеген, тоғайлы, шалғынды аймақ «қалалар елі» аталып жүрген көне өркениет орталығына негіз болған. Бұл алқапты кеңес дәуірінде зерттеуді В.Генинг деген ғалым бастаған еді, ал Арқайымды тауып, «Күн қала» атандырған, көпшілікке қауымға алып шыққан Генадий Зданович болатын, – дейді өлкетанушы.
Арқайым қалашығы 1987 жылдың жаз айында Ресейдің Қараған алқабын су қоймасына айналдыру жұмыстары кезінде ашылды. Әуелі, Челябі мемлекеттік университетінің археологиялық экспедициясы су астында қалып қою қаупі бар жерлерді анықтады. Экспедицияның бір тобы Үлкен Қараған мен Өтеген (Утяканга) өзендері аумағын зерттей бастады. Археологтармен еріп жүрген бір бала қорғанның қалдықтарын тапқанын айтады. Осылайша, қирандыларға қарап, қалашықтың орны табылды. Оның жалпы ауданы – 20 мың шаршы метр.
 Арқайымды әуе кеңістігінен қарағанда мөрге, дөңгелекке ұқсас қала сұлбасы айқын көрінеді. «Арқайым» атауы да кездейсоқ таңдалған жоқ. Өйткені, жақын маңда осы аттас тау болған. Бұл қалашықтың тағы бір ерекшелігі – табиғат апатына ұшырамай, бұзылмай, толық қалпында сақталған.
пресс тур Костанай
Қала – Андронов мәдениетінің ғажайып бір бөлшегі. Арқайым – алдырмас бекініс, қамал. Әуеден бақылап ұшып өткенде  бірінің ішіне бірі кіріккен қос мықты қорғаныс қабырғасын көруге болады. Қираған тұрғын үйлер орны, орталық алаң және 4 қақпа айқын көрінеді. Ішкі қабырғаның диаметрі – 85 метр, ал сыртқы қабырға – 143-145 метр. Сыртқы қабырғаның қалыңдығы 4-5 метр, онда арнайы қорғаныс тесіктері мен мұнара бар, биіктігі – 3,5-5 метр. Бекініс қабырғасы ірі-ірі саз балшықты блоктардан тұрғызылған және аракідік таспен (Аланд, Ольгин тастары) қапталған. Ормен мықтылап құрсауланған. Ордың ішкі жағы ағашпен, шикі кірпішпен қаланған не балшықпен сыланған тоқыма талдармен мықталған. Айналдыра қазылған ор қамал қабырғасын қорғауды жеңілдетіп, оның биіктігін зорайта түседі. Тарихи деректерге сүйенсек, цитадельдің жасырын кіріп-шығар бір құпия есігі болған, ал нағыз кіріп-шығар қақпалары көрер көзден жасырын ұсталған. Жау қалаға кірген күннің өзінде ішкі сақина-бекініске тап болады, үш жағынан бірдей атылған жебеден бас көтере алмай қалады.
Жалпы, қалашықта шамамен 60-тай үй-жай болған, оның 35-і сыртқы шеңберге, ал ішкі шеңберге 25 үй орналасқан. Үйлердің түпкі жағында азық-түлік пен отын-су сақтайтын қойма-жертөлелер қазылған. Әрбір үйде бір-екі не үш құдық болады, оның бірі – ауыз-су үшін, ал енді бірі шаруашылық қажетіне пайдаланылған. Жерлеу қуыстарында жүздеген қыш ыдыстар, қола жорық балталары, найза ұштары, пышақтар мен қанжарлар, әшекей заттар, еңбек құралдары, тұрмыстық бұйымдар, жүген-саймандар, ең бастысы – жорық арбасының дөңгелегі табылды.
Ғалымдардың пікірінше, қалашықтағы құрылыс материалдарының таңдалуы да ерекше. Қамал тұрғызуға жұмсақ, жабысқақ топырақты пайдаланған. Тасты мүлдем қолданбай, оның орнына ағашты жаратқан.Дөңгелектің шабақтары сияқты тарамдалған қабырғалар тұрғын үй шеңберін секторларға бөледі, осылайша кейбір үйлердің қабырғасы ортақ болып келеді.
Сурет архивтен алынды

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓