Отты жылдар естелігі
Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 69 жыл болыпты. Осы уақыт ішінде отты жылдардың қасіреті тарих қойнауына еніп, кейінгі ұрпаққа естелік ретінде айтылуда. Алайда, өткен күндердің зардабы ұмытылмақ емес. Бұл соғыс өрімдей жастың балалық шағын ұрлады. Талай азаматтың өмірін қыршыннан қиды. Әйелді жесір, баланы жетім етті. От пен оқтың ортасынан тірі келген жауынгерлер мүгедек атанды.
Бүгінде жасы сексен беске келген әжеміз Ғайша Лұқпанова сонау 1941-1945 жылдардың қасіретін бір сәтке естен шығарған емес. Әжеміздің бал дәурені соғыспен тұспа-тұс келді. Сол кездегі елдің ауыр тұрмысы мен қилы тағдырын өз көзімен көрді.
Ғайша Лұқпанова ата-анасынан ерте айырылған соң нағашы әжесінің тәрбиесімен өскен. Ол кезде елдің жағдайы тым ауыр еді. Қара нан мен қара суды талғажау еткен көпшілік өз күндерін зорға көрді. Жанға батқан жоқшылық талайларды тентіретіп жі-бергені анық. Күнкөріс қиындап кеткен соң Тұрар есімді туысқан ағасы Ғайша анамызды бұрынғы Боровскойдағы балалар үйіне тапсырып жібереді. Жетімдіктің кермек дәмін татып өскен әжеміз балалар үйіне келгенде бес жаста болатын. Әкеден жалғыз туыл-ған әжеміздің басқа бауырлары жоқ. Сондықтан сегіз жыл балалар үйінде тәрбиеленді.
– Жұрт аш-жалаңаш жүргенде біздің қарнымыз тоқ болды. Балалар үйінің сол кездегі директоры Гавриил Шкурин жетімдерге аса қамқорлықпен қарады. Қо-лынан келген көмекті аяған емес. Балалар үйінде жүріп кіндік шешемнің танысы Сағит есімді азаматты кезіктірдім. Сағит Сегізбаев сонда тәрбиеші болып жұмыс істеп жүрген еді. Мені қарындасым деп сыйлап, ерекше көңіл бөлді,– деді Ғайша Лұқпанова.
1939 жылы балалар үйінің тәрбиешісі Сағит Сегізбаев әс-керге кетеді. Артынша бас көтерер азаматтармен бірге майдан-ға аттанады. Ұрыс даласында жүрсе де елдегі қарындасы Ғайшаға хат жазуды ұмытпаған. Ғайша әжейдің сөзіне қарағанда, хаттың мәтіні былайша өрілетін: “Туған қарындасым, Ғайша! Елге барған соң келіншек аламын да сені қасымызға көшіреміз. Біздің үйде тұрып оқуыңды жалғастырасың”.
1942 жылдың қыс мезгілінде майданнан қара қағаз келеді. Туған ағасындай болып кеткен Сағит Сегізбаев ұрыс даласында ерлікпен қаза тапқан екен. Ол кісінің артында ұрпағы қалмаған. Жетім өскен азаматтың жоқтаушысы жалғыз Ғайша әжеміз болды. Сол жылдың жаз айында балалар үйінің тәрбиеленушілерін колхоздарға жіберген болатын. Ғайша Лұқпанова замандас-тарымен бірге “Қамыстыкөл” колхозына барады. Жергілікті халықпен етене араласып, еңбекке араласты. Шөп шабу жұмыстарына қолғабыс етті.
– Ол кезде он үш жаста едім. Жасымызға байланысты ауыр жұмысқа сала қойған жоқ. Бірақ жіберген жеріне барып, үлкендердің айтқанын орындауға тырыстық. Ес білмей жатып жетім атанған біздер еңбекке ерте араластық. Бала болып ойнамадық та. Бәріміздің тілегіміз – Жеңіс, тек қана Жеңіс, – деді әжей.
Ғайша Лұқпанова “Төлеңгіт” колхозында 7 сыныпты тәмамдаған. Кейін Боровскойдағы пе-дучилищегі түсіп, оны 1946 жылы аяқтайды. Үш жылдық оқу орнын бітірген соң мұғалім болып жұ-мыс істеді. Зейнеткерлік жасына дейін Қарасудағы мектепте ұс-таздық етті. Жұбайы 1969 жылы қайтыс болған. Содан бастап төрт қызын жалғыз өзі тәрбиелеп бақты. Әрқайсысын киелі шаңырақтарына қондырып, қазір кенже қызы Сәуленің қолында тұрып жатыр.
– Боровскойдағы балалар үйі талай жетімді аяқтандырды. Ел басына күн туған шақта біздерге пана болды. Қазір ол жердің орнында не бар екенін білмеймін, – деген әжей кейінгі толқын бейбітшіліктің қадірін жете түсінсе деген тілегін білдірді.
Қымбат
ДОСЖАНОВА
Суреттерде: Сағит Сегіз-баев қаза болғанда, қара қағазбен бірге майданнан келген суреттер, Ғайша апамыз онда кімдердің бейнеленгенін біле алмапты.
(Суреттер кейіпкеріміздің жеке мұрағатынан алынды).