Жасай бер, полковник мырза!

4ҰҚК органының ардагері полковник Павел Даценко 1925 жылғы 7 қаңтарда Қостанайдың іргесіндегі Владимировка ауылында туып өскен. Соғыс өрті тұтанған шақта Пенза қаласындағы артиллериялық училищеге жіберіледі. Қысқа мерзім ішінде әскери оқу-жаттығуынан өтеді. Павел Даценко 93 гвардиялық атқыштар дивизиясының құрамындағы  258 полктың қатарында болған. Аталған полк 1944 жылдың қаңтарында Ресей, Украина және Белорусь жерлерінің түйісінде ойламаған жерден неміс десанттарымен ұрысқа тап болады. Бұрынғы неміс әскерлерінің шебіне келіп бекінген взводқа жау жағы артиллериядан оқ жаудырады. Осы сәтте Павел Даценконың жанына снаряд жарылып, жауынгерді жартылай құмға көміп тастайды. Кешкі мезгілде өліктерді жинап, жерлеуге келген батальонның жауынгерлері Павел Даценконың куәлігін тауып алып, жаралының өлі не тірі екендігіне көз жеткізбестен кете барады. Осылайша, Павел Даценко өлілердің тізіміне қосылып кете барады. Тіпті оның үйіне қара қағаз да барған. Майданнан жеткен хатта: “Даценко Павел Васильевич, 1925 года рождения, уроженец пос. Владимировка, украинец, младший сержант ПП414547. Погиб в бою 29.01.44. Похоронен в 400 метрах юго-восточнее д.Соболица на перекрестке тракта Печерского района Полесской области” деп жазылған.

Арада бір күн өткенде Т-34 машинасының Фарид есімді жүргізушісі ұрыс болған жерге қайта соғады. Танкист үйіндінің астында жарқырап жатқан сағатты бірден көзі шалады. Қозғалыссыз жатқан кісінің сағатын қолынан шеше бергенде, жаралының білегінен тамыр соғысын байқайды. Танкист жігіт Павел Даценконың сырт көйлегінің қалтасынан үшбұрышты хатты көреді. Ондағы мекенжайды оқи келе, жауынгердің Қостанай жерінің азаматы екеніне көзі жетеді. Өлім мен өмірдің ортасында арпалысқан жаралының жерлесі екенін білген соң госпитальға хабарласады. Жауынгер Даценко госпитальда емделіп шыққаннан соң Корсун–Шевченко, Яссо-Кишинев, Балатон-Венгрия операциялары мен Будапештті неміс басқыншыларынан босатуға қатысады. Ержүрек азамат Ұлы Жеңісті Австрия жерінде қарсы алған.

Соғыстан кейінгі жылдары Павел Даценко Петропавл қаласындағы бухгалтерлік курсты аяқтап, Қостанай облыстық байланыс бөлімінде бухгалтер-ревизор болып жұмыс істеді.  1950 жылғы наурызда Қостанай қалалық әскери комиссариатына шақырылып, әскери қызметті әрі қарай жалғастырады.  Майдангердің “Отан соғысы” ордені, екі рет “Ерлігі үшін” медалі  және өзге де жиырма шақты марапаттары бар.

Павел Даценко марқұм болған зайыбы Валентинамен бірге екі қызды тәрбиелеп өсірді. Қос қызынан екі немере сүйді. Ардагер азамат қазір Қостанай қаласында ғұмыр кешіп жатыр.

Қымбат

       ДОСЖАНОВА

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓