Екі айда бой көтерген құрылыс
Қостанайдың КСК шағын ауданында жылдам қарқынмен үш қабат балабақша құрылысы бой көтеріп қалды. Егер осы жұмыс жалғаса берсе, облыс орталығы келер жылдың жазында тағы бір көрікті де сәулетті нысанмен толықпақшы. 280 орынға арналған бөбекжай құрылысының бас мердігері – өңірімізге белгілі «Ұлан» ЖШС.




Республикалық қазынадан жұмсалған қаражаттан бөлек, жергілікті бюджеттен 144 млн. теңге бөлінген. Ол қаржы келер жылы игерілмек. 4,5 мың шаршы метр балабақша ғимаратының сырты балалар алаңдары, топ алаңдары, ойынға арналған жабық орындармен толығады. Төсемтастардан жол салынады. Аумақ абаттандырылады. Балабақша сырты темір шарбақ дуалмен қоршалмақ.



«Ұлан» серіктестігінің басшысы ұзақ жылғы тәжірибелері бар құрылыстың бас инженері Рысбек Мақашев, учаске бастығы Виктор Саблинге үлкен сенім артады. Енді сол тәжірибелі мамандардың қатарын «Жұма К-2030» жас бригадирі Мақсұт Шорин толықтырып отыр.

Әзірге күннің жылылығы да құрылысқа серпін беруде. Ендігі кезекте ішкі сылақ жұмыстары күтіп тұр. Жарық, жылу, су, өртке қарсы құралдар, вентиляция, басқа да коммуникациялық, сантехникалық жұмыстар орындалады.

– Келер жылдың жаз ортасына дейін балабақша пайдалануға тапсырылады. 3 жылға кепілдік береміз. Төсек-орындар, шкафтар, компьютерлер, перделермен жабдықталады. Негізінен алдымен отандық тауарлар сатып алынады. Егер өзімізде өндірілмейтін болса, оларды шетелден аламыз. Айтпақшы, мұнда қойылатын ең соңғы үлгідегі интерактивті тақталар мен үстелдердің баламасы әзірге Қостанайда жоқ. Міне, осы мақсатқа жалпы сомасы 72 млн. теңге қарастырылған, – деді «Ұлан» ЖШС директоры Бейбіт Сейтаев.

Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.