Тіл – тұтастық тұғыры
Қостанай қаласында облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен Қазақстан халқы тілдері күніне арналған «Тіл – рухани қазына» салтанатты іс шарасы өтті. Айтулы шараға облыс әкімі Архимед Мұхамбетов қатысты. Аймақ басшысының сөзінше, сонау 1989 жылы алғаш рет қабылданған тіл туралы заң елдегі тіл дамуының негізін қалады.


Қостанай облысында тілдің дамуына қатысты ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Жыл сайын тіл саясаты шеңберіндегі іс-шараларды қаржыландыру ұлғайып келеді. Соңғы бес жыл ішінде 1 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. 2019 жылы жергілікті бюджеттен 265 млн теңге жұмсалды.
Қостанай облысында жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын 20 тілдерді оқыту орталығы жұмыс істейді. Олардың базасында 6702 адам қазақ, ағылшын және ана тілдерін оқып келеді. Сондай-ақ, жыл сайын 150 адам 8 этностың ана тілдерін оқып үйреніп жатыр.

"Қостанайлықтар республикалық байқауларға қатысып, облыс абыройын асқақтатып жүр. Өткен жылы Маңғыстау облысында өткен Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлының атындағы «Аңызға айналған абыз» атты республикалық байқауында Сарыкөл ауданының тілдерді оқыту орталығының басшысы Нұрмұхамед Серікбаев Гран-приға ие болды, А.Байтұрсынов атындағы «Қазақ тілінің үздік мұғалімі» республикалық байқауында Қостанай ауданының өкілі Тоты Айтмағамбетова І орынды иеленді", – деді өңір басшысы.

Тіл саясатының басты бағыттарының бірі – ономастика. Бұл бағытта облыста жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Елді мекендер, көшелер, әлеуметтік-мәдени нысандар қайта аталып, Тәуелсіз Қазақстанның идеологиясына сәйкес тарихи атауларына ие болуда. Мәселен, ҚР Президентінің 2019 жылғы 24 маусымдағы №29 Жарлығымен Қостанай облысының Таран ауданы Бейімбет Майлин ауданы болып қайта аталды. Облыс орталығында бірқатар даңғылдар мен көшелердің атауы өзгеріп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың, Социалистік Еңбек Ері Кәмшат Дөненбаеваның есімдері берілді.
Аймақ басшысының мәліметінше, Қостанай облысында «Қазақ тілін латын графикасына көшіру» бойынша кешенді жұмыстар басталып кетті. Үш жылдың ішінде жобаны іске асыруға 50 млн теңгеге жуық қаржы бөлінді, облыс бойынша 7 мыңнан астам алуан түрлі имидждік және ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары өткізілді. Оларға 400 мыңға жуық адам қатысты.



Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ
Суретті түсірген Бердіболат Көркембаев