Екідің оқиғасы: ата-аналар наразылығы

ҚР Президені Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында заңгер Айман Омарова мемлекет басшысынан Арқалық қаласыЕкідің ауылында 14 еркек жабылып зорлаған қыздың ісін жеке бақылауға алуын сұраған болатын. Бұл жайт қоғамда үлкен резонанс тудырды.
«Арқалық ауданында бір қызды 14 ер адам жабылып зорлаған. Зардап шегуші қыз осыдан кейін екіқабат болып, босанып та алды. Ал полиция зорлық жасаған ол адамдарды ұстаған да жоқ. Сізге бұл істі жеке қадағалауыңызға алуыңызды сұраймын», – деген еді адвокат Омарова.  
Қоғамды дүр сілкіндірген оқиға негізінен былтыр көктемде басталды. Арқалық қаласынан 150 шақырым жердегі кішкентай ғана Екідің ауылында 22 жасар қыз өзін 8 ай бұрын 14 еркектің зорлағаны туралы арызданды. Істі қолға алған полиция қызметкерлері тергеу жүргізіп, жәбірленуші көрсеткен азаматтардан жауап алынып, генетикалық сараптама жүргізген кезде олардың ешқайсысы баланың биологиялық әкесі болмай шыққан. Іс осымен жабылған еді. Бір айта кетерлігі, жәбір көрдім деген бойжеткен арызда 14 адамды көрсеткенмен, олардың 13-ін танып, біреуінің тұлғасын анықтай алмапты.
Енді Айман Омарованың мәлімдемесінен кейін жабылып қалған іс қайта көтеріліп, тергеу жалғасып отыр. 13 ер азаматты облыстық полиция департаментіне қайтара шақырып, жауап алып, ДНК-сараптамадан өткізуде. Бұған дейін өңірлік ПД тергеу басқармасының бастығы Нұрлан Арыстанов осы жайтқа қатысты тілшілерге жауап берген еді.
«Күдікті тұлғаларға қатысты тергеу кезінде жәбірленушінің зорландым деген күнімен сәйкес келмейтін кейбір жайттар анықталды. Мәселен, «қыз зорланды» деген күні Арқалықта  күдіктілердің біреуінің үйлену тойы өтіп жатқан. Ол үйлену тойы күні қылмыс жасау үшін 150 шақырымдағы жерге барады деу қисынға келмейді. Тергеуде осындай кейбір қарама-қайшылықтар болды. Сол себепті, жабылып зорлау ісі осымен тоқтатылған болатын. Егер жәбірленуші тағы да күдіктілерге қатысты арыз жазса, ол істі қолға аламыз» деді басқарма бастығы.
Бүгін облыстық полиция департаменті ғимаратының алдына осы ер азаматтардың ата-аналары келіп, өз наразылықтарын жеткізді. Айтуларынша, іс те, ақпарат та біржақты болып кетті. Олар қоғамда дүрбелең тудырған оқиғадан ауыр морльдық соққы алып отырғандарын ашына айтады. Айта кетейік, қазіргі таңда бұған дейін ісі жабылған 14 азаматтан облыстық ПД-де куәгер ретінде жауап алынып жатыр. Оларға қайтара ДНК-тест сараптамасы тағайындалады.
IMG_20190912_095338Несіп Жүсіпова – Нұрлан Сәрсенбектің анасы, Екідің ауылы:
– Бұрын кішкентай ғана ауылымызда мұндай сұмдық болмап еді. Осы бір ұшық басымыздан кетпейтін болды. Бүгін 13 баланың ата-анасы келіп отырмыз. Ұлым Нұрлан биыл Арқалық педколледжін бітірді. Әскерге кету керек еді. Мына жағдайдың кесірінен қалып қойып отыр. Осы бір іспен жүргенімізге жыл сегіз ай болды. Бастапқы ДНК сараптамасы теріске шығып, іс тоқтатылды ғой. Енді оны қайтадан бастап жатыр. Ата-ана, туған-туыс әбден титықтап болдық. Арқалықтың ар жағынан 200 шақырым жерден өз шығынымызбен келеміз. Шалқып-тасып отырған жоқпыз, күнделікті табыспен, зейнетақыға қарап отырмыз. Былтыр желтоқсан айында осында бір апта болдық. Арқалықтың ар жағынан такси жалдап, одан бері қарай пойызбен келеміз. Қалды, Қостанайда тұратын пәтерің, ішіп-жегенің, жүрген-тұрғаныңның бәрі шығын. Балаларымыз не жұмысын істей алмайды, не әскеріне бара алмайды. Байланып қалды. ДНК сараптамасын қайта-қайта тапсырта беруге біз де қарсымыз. Осы жағдайдан ауру болдық. Түн ұйқыдан, күн күлкіден айырылдық.
Қазіргі таңда жәбірленуші ата-анасымен бірге Нұр-Сұлтанға көшіп кеткен. Бойжеткен былтыр жазда босаныпты.
Ал ер азаматтарды қорғауға алған адвокат Бектас Әміров жала жапқаны үшін жәбірленуші тарапқа қарсы Бас Прокуратураға, Ішкі істер министрлігіне шағым жазамыз дейді. IMG_20190912_100725
– Мына іс қорғауымдағы жігіттерді әбден титықтатып болды. Полиция қайта-қайта шақырады, жауап алады. Бес-алты рет түрлі сараптамалардан өтті. Заң бойынша сараптама қорытындысы теріске шықты, іс тоқтатылды. Енді қайта қозғалып жатыр. Осы 23 пен 30 жас аралығындағы азаматтардың кейбірі отбасын құрғандар. Олардың отбасыларынан береке кетті. Енді бүгін жігіттер тағы қан тапсырып жатыр. Осы айдың аяғы немесе келесі айдың басында сараптама қорытындысы келу керек. Содан кейін ҚР Қылмыстық кодексінің 129 бабы бойынша жала жапқаны үшін жәбірленушіге қарсы Арқалық сотына арыз жазбақшымыз, – деді адвокат Б.Әміров.
 
Қ.Қиысхан

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓