Жаңа ереже

Қостанай облысы бас мемлекеттік санитар дәрігерінің кезекті қаулысы шықты. Жаңа ереже зейнеткерлер мен «Ашық» жүйесінде жұмыс істейтін мекемелерге қатысты болмақ.
Қостанай облысының санитариялық-эпидепиологиялық қадағалау департаментінде жаңа қаулы туралы өңірдің бас мемлекеттік санитар дәрігері Ермұханбет Дәулетбаев түсіндіріп берді.
«Өздеріңіз білетіндей, біз екі айдан астам «жасыл» аймақта болдық. 18 мамырдан бастап біз «сары» аймаққа көштік. Сондықтан ережені күшейту жөнінде жаңа қаулы әзірледік, – деді Е.Дәулетбаев.
«Ашық» жүйесіне көшкен мекемелерге аздаған шектеулер қойылып отыр. Мәселен, караоке-барларда, бильярд орындарында адам саны 50% дейін ғана толуы керек. Ал компьютер клубтарында – 60% дейін, көрмелерге – 70% дейін, 50 адамнан аспайтын, банкет залдарына – 50% дейін, сондай-ақ 70 адамнан аспайтын ас беруді ұйымдастыруға рұқсат етілді. Дәл осындай ереже басқа тамақтану орындарында қолданылады, бірақ оларға жұмыс уақытын түнгі 2-ге дейін ұзартуға рұқсат етілді. Кинотеатрлар орындардың жалпы санының 50% дейін қабылдай алады. «Ашық» жүйесіндегі СПА-орталықтар, аквапарктер, термопарктер, басейндер шектеусіз жұмыс істей алады. Спорттық іс-шараларда да орындардың 50% ғана көрермен кіргізіледі.
– Еске алу асын туған күндер мен үйлену тойлары сияқты басқа да көпшілік іс-шаралармен шатастырмаңыздар, – деп атап өтті Дәулетбаев. – Нысандар «Ашық» жүйесімен жұмыс істеуі керек. Пандемия кезінде бизнес біраз шығынға ұшырады. Соған жол бермеу үшін осы қосымша жасалды. Егер ол 2 апта ішінде жұмыс істемесе, онда кәсіпорын «Ашық» жүйесінен шығарылуы мүмкін, содан кейін талап күшейтіледі.
Жүйенің пайдаланылуын ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бақылайды. Ол талапты орындамаған бизнес орындары туралы деректерді «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына жіберіп, тексертеді. Бірінші – ескертумен шектеледі, содан кейін ереже бұзушы жүйеден шығарылады.
Жаңа қаулыда 65 жастан асқан азаматтарға қала немесе ауыл ішінде еркін жүріп-тұруға шектеу қойылған. Бірақ бұл тармақ «саяжай учаскелеріне баруға тыйым салынады» дегенді білдірмейді. Бас санитар дәрігер қаулыға осы сөзді қосуға уәде берді.
Журналистер балалар лагерінің жұмысы туралы сұрады. Дәулетбаевтың айтуынша, оларға тыйым да, рұқсат та жоқ. Шешім келесі аптада жедел штабтың келесі отырысында қабылданады. Әзірге 9 сауықтыру лагері жұмыс істейтіні белгілі, ал мектеп жанындағы алаңдарға рұқсат беріле ме, жоқ па, ол жағы әзір белгісіз.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓