Бәйге басындағы бәс

Амангелді ауданындағы Тойтөбе алаңында жыл сайын аламан бәйге ұйымдастырылады. Биылғы бәсеке де өз дәрежесінде өтті. Бәйге алаңына ертерек барғанымыз жақсы болды, өңірге белгілі атбегі Олжабай Тұрғантегіні кездестірдік. Олжабай Мырқалиұлының атсейістік қасиетін ел біледі. Бәйге басталмай тұрып-ақ, топ жарар тұлпардың түсін түстеп болжап қойды. Алайда аламанға жиналғандардың бір парасы сырттан келген ағылшын атына бас жүлде байлап сәуегейсіп, өзара бәс тігісіп жатты…
Тұлпарлар сапқа тұрды. Әбден бәйгеге шауып, сыралғы болып алған балалар, бәс тіккен ағалар, делебесі қозған көпшілік  қауым – бәрі де айдаушының аузынан шығар жалғыз ауыз сөзді күтіп тұр. Тақым астындағы тарпаңдар  ауыздығымен алысып, қолды-аяққа тұрар емес.
Аламан алдындағы аз уақытты пайдаланып, әйгілі атбегіні әңгімеге тарттық.   
IMG_9682   
 
– Олжабай Мырқалиұлы, атбегіліктен қол үзді деп естідік. Бірақ бәйгеден қалмайтын шығарсыз?
– Жас ұлғайып, жетпістен асқан шақта қуат кемиді екен. Кей кездері отырған орныңнан еркін тұрудың өзі мұңға айналады. Үнемі ой үстінде жүргендіктен болар, өткен уақыт пен бүгінді жиі салыстырасың, өз білгеніңше түйсік жасайсың. Осы жасқа дейін өмірдің ащысы мен тұщысын қатар көрдік. Өзіміз ат үстінде өстік. "Жылқыдан қол үздің" дейсің бе? Ол рас. Бүгінде ұмыт бола бастаған ата дәстүрге бетбұрыс жасайтын уақыт келді. Ат баптау, бие байлау бүгінгі жасқа таңсық көрінгенімен, ол бұрынғы қазақтың айнымас өмір салты еді ғой. Қала берді ол біздің ұлттық ерекшелігіміз. Жалпы, қазақ сауықшыл халық. Ас пен тойы ат бәйгесінсіз, аударыспақ, қыз қуу, көкпарсыз өтпеген. Бәйгеден келген тұлпар, оны баптап қосқан елінің намысы. Аты озғанның абыройы асады. Сондықтан, жарыс үстінде жүйрікке қиянат жасалса, оның арты үлкен дау-дамайға ұласқан. Жүйріктің дауы жесірдің дауынан кем түспеген. Оған бір ғана дәлел Ақан серінің "баспа-бас қызға бермес жануарым" деп жоқтаған құлагерінің тағдыр-талайын айтсақ та жеткілікті. Өз басым тұрмыстың дегенімен жылқыдан алыстап бара жатыр едім, кезінде ел басқарған Мұхтар Ходен ағам  қолқа салғанда қарап қала алмадым. Осындай ағаларыма алғысым шексіз. Қазір бәйге болса, бірден баруға тырысамын.
Әңгімені «Ал, тартыңдар!» – деген айғай үзіп жіберді. Төреші қолындағы қызыл жалаушаны сермеп қалды. Осы сәтті тықырши күтіп, әрең шыдап тұрған кіл жүйрік желді күнгі өрттей лап етті. Тарпаңдардың тұяғы даланы дүбірге толтырып кетті…
Атбегі әңгімесі қайта жалғасты.
 
– Өңірде ат спорты кенжелеп тұр. бұл жайында  не айтар едіңіз? Бәлкім, ұлттық спорт түрлері қауымдастығы бір реформа жасауы керек шығар?
 – Бірді-екілі атсейіс асылтұқымды арғымақ баптағанымен, жалпы елдегі жағдайға әсер ете алмайтыны анық. Ат спорты – өнер. Оны дамыту ешқандай билікке бағынбайды. Қит етсе, «70 жыл бойы кеңес өкіметі қазақты жылқыдан ажыратты» деп жыларман болатындарды түсінбеймін. Бұл бос әңгіме ғана. Егер осы өнерді жоғалтып алсақ, қайта қалпына келтіру қиын. Мәселен,  бокстан жаттықтырушы табылмаса, оны шетелден алдыртуға болады. Ал атбегіні әкеле алмайсың. Өйткені қазақтан артық аттың бабын білетін халық жоқ. Біз тұлпарды таңдап, сәйгүлікті сайлап мінген үлкендердің көзін көрдік. Олар жануарды сырт пішініне қарап-ақ танитын. Солардың арқасында жүйрікті жаратудың түрлі тәсілін меңгердік. Қазір тәжірибелі атбегілердің қатары сиреп барады. Жастардың көбі ат жаратудың әдістерін жетік білмейді.  Осының салдарынан талай жүйріктің жарыс жолында өліп  кеткенін көрдік. Қазақ өзін тану үшін, әуелі жылқыны тануы абзал. Әр ауылдың, әр әулеттің белдеуінде бір-бір жүйрігі болса, құба-құп. Қазіргі таңда бәйге атын баптау, бағудың өзі арзанға түспейді. Бірақ, ұлттық намыс, ұлттық тәрбие бәрінен биік тұруы тиіс. Ел ағалары осыған мән берсе дейсің. Бұрындары ат үстінде жүрген азаматтар ауыл-ауылды аралап, "осының тұяғының желі бар-ау" деген арғымаққа үйір жылқы немесе жүз қаралы қой беріп, қалап алатын. Нұрханның "Есім серісінде" де бар емес пе, "Есімге Әлім әбден сеніпалған, соңына талапкерлер еріп алған. Алтайдың тау жылқысын таңдап жүріп, қанкүрең сексен тұсақ беріп алған" келетін жыр жолдары. Сол қанкүрең Есімнің өмір бойы серігі болып, жау қолында қалдырмайды. Нағыз сыншылар жүйрікті дене мүшесінен айырады екен. Әкем марқұм Толыбайдың өзіндей болмаса да көзіндей деуге тұрарлық, Күреңбай-көздің өзі еді. Мені үнемі қасынан тастамайтын, жиын-тойдан қалмадық. Ат жалын тартып мінген шағымнан бастап жақсылардың соңынан ердім. Сол уақытта аудан көлемінде ат жаратып жүріп, елге белгілі болған құмкешулік Мырзабай, Есір ауылындағы Жанахмет, қарасулық Көпей ақсақалдар сыншылығын ел аңыз қылып айтатын. Жылқы малы мына қазаққа жақын, ыстық. Жылқыны үйірлеп ұстап, желі тартып, бие байлап, күрпілдетіп күбі піскен қазақта арман бар ма?! Ағаш ожаумен уыз қымыз, қоюланған кезде күз қымыз, иісі бұрқырай шыққан аршын төс қымыз… Міне, мұны жасайтын, салтты білетіндер әр ауылда бар. Жеңіс Махатов, Ырыскелді Жұмағали, Бикеннің Қойшыманы, Еркеш Ысмағұлов сияқты ел азаматтарының ат баптап, қымыз дайындайтыны ел ішіне жақсы белгілі.
IMG_3018
– Нағыз арғымақ қандай болады сонда? Суреттеп беріңізші…
– Әне, қара! (аламандағы жылқыларды нұсқап). Топтан қалып бара жатқан көк құнанның қарны қампайып кеткен, оны не үшін қосты? Алғашқы айналым басталғанда-ақ сауыры ақ көбікке малынды, әрең шауып келеді. Он айналымнан соң жарыс жолынан шығып қалуы әбден мүмкін. Негізі, жүйрік болар жылқының басы ешкінің басына ұқсас, жал құйрығы күлтеленген, көзі ботадай келеді. Қамыс құлақты Абай өлеңінен білесің. Бірақ бөрі құлақ тұлпар туралы естігенің бар ма? Бөрі сипатты жүйріктің белгісі мынадай: басы түзу, құлағы ұзын, тұрқы артынан қарағанда қусырылған сөлбең, кеудесі талыстай, мойны сылаң, айылдығы тартық, алыстан бажайлағанда сүбе қабырғасы мықынға тиіп тұрғандай көрінеді. Көзінің оты қаралтым, мінезі ауыр, құрықтауға ыңғайлы, үйірден бөліне шеттеп оттайды. Жүрісі жеңіл, шапқанда басын тұқыртып, құлағын қайшылап, бауырын жазып еркін көсіледі. Құлақ түбі жуан, жүрген сайын екпін қосып отырады. Егер от шашқан қой көзді, құлағы жатаған, жүргенде жан-жағына алаңдағыш болса, ол жүрегі нашар жылқы болғаны. Мұндай жылқы топты көргенде қалшылдап, дірілдейді, қасындағы атқа тығылғыш әрі алып қашады, қарайған-құрайғаннан жалтылдап үркіп отырады. Жетекке жүрмейді, иесіне сенбейді, шылбыр қашаған болады. Құлағы екі тарапқа жайыла біткен жылқы да қорқақ келеді. Жүрегі жақсы ат үркіп қорықпайды. Топты көргенде, алыс жолға жүргенде ажаттанып тізгін басып отырады.
Арғымақтар алтыншы айналымды еңсерді. Барлыққандарының қарасы едәуір. Ерен жүйріктер ғана шоқтай екшеліп келеді. Шабыстан гөрі тепеңдеген жортаққа таяу, қара желістің аз-ақ алдындағы екпінмен келе жатқан жылқыларға қарап, Олжабай әкеміз мырс күлді. Негізінде күлкі болған күлік емес, жаратусыз, бапсыз бәйгеге қосқан ат иелері еді. Жарыстан шығып қалғандардың арасында әлгі көк құнан да бар-тын.
– Көрдің бе? Нағыз сәйгүліктер енді екпін алды. Кейбір жүйріктер дұрыс жаратылмаған, біразының бәйге аты емес екені бірден көрінеді. Жалпы, атты аршын төс, болат тұяқ деп сипаттап жатамыз. Бәйге атын бақыласаң, тұяғы дөңгеленген, қалың болады. Алды-арты тең, қақпан бел, жаясы кең төңкерілген, кішігірім қазандай бауыры, үсті тартыңқы, алдыңғы қолдау сыртқа шығыңқы келеді. Шынтағы қалың және алшақ бітіп, қолтығы ашылып тұрады. Мұндай жылқыны «қуыс қолтық» дейді. Су асары кең, алқымында без болмайды. Кез келген қашықтықта шабатын, болдырмайтын тұлпарлар төртпақ денелі, кең құрсақ, төрт аяғы сом, жаясы кең, жал-құйрығы күлтеленген қою, танауының ішінде иненің көзіндей үш тесік болады. Әрине, мұндай көп жылқыда кездесе бермейді. Тағы бір ерекшелігі, жүйрікте қу шеке болады. Ілиястың «Құлагерінде»: «Кез жарым кесер баста кесім ет жоқ», – деп суреттеледі ғой. Нәсілі жақсы биеден туған құлын түбі шаппай қоймайды. Арғымақ аттың белгісі – аз оттап, көп жусайды.
IMG_9656 - копия
– Өзіңіз жылқыны қалай баптайсыз? Жалпы бұл өнердің өзіндік әдістемесі бар ма?
– Негізі бәйге атын бес жасынан бастап, аламанға жарата бастайды. Ат жаратуда ағаларымнан көп нәрсені түйдім. Жүйрік аттың жілік майы үзілмеуі шарт, толық бір шабар жалы да болғаны дұрыс. Өте семіз жылқыны жаратқанда көп нәрсені ескеру керек. Әуелі, қалың еттен арылту үшін атты он шақты күн мініске қояды. Сонда іші тартылады. Әбден жарауланып, қазысы топтасқаннан кейін, бостатып қоя береді. Бұны атбегілер тілінде жүйрікті ақсүйектендіру, ақжіліктендіру деп айтады. Жүйріктің еті әбден толысып, қазысы жыртылған кезде ұстап, ер салып, баптайды. Ақжіліктенген жүйрікті желе-жортып жүргізіп, ішіндегі ара боғын түсіреді. Таңғы салқынмен жетекпен жайған да пайдалы. Күн ысығанда көлеңкеде тұруы шарт. Екі-үш күн сайын қалың жабумен ащы терін ала бастайды. Әуелде тер ащы болады. Ол әбден алынғаннан соң дәмі қант тати бастайды. Мұны бірден байқайсың. Арам тердің шығып болғанын тердің түсі, мөлдірлігі, сутақылеттігін тексеру арқылы, әрі тердің бөтен дәмі болмағанынан біледі. Тері дұрыс алынбаған жүйрік тер буып шаба алмайды, тіпті өліп кетуі де мүмкін. Тер алуды білмеген адам атбегі бола алмайды. Бәйге атының терін алу – өз алдына бір өнер және бұл ат баптаудың маңызды сатысы. Жүйрікті артық майынан арылтып, тынысын кеңейтіп, аңқасын ашып, дем алдыру үшін қажет. Әрбір алынған тердің маңызы мен мақсаты және түрі болады. Аттың терін бұлтты, салқын күндері алған дұрыс. Өйткені, қаражарыстан қалжырап келген жүйрікті ыстық күннің ащы сәулесіне соқтыруға болмайды. Көп жағдайда тәжірибесіз атбегілер тер алу барысында жүйрігін қарсыдан соққан өкпек желге ұрындырып қателік жасайды. Бұндай жағдайда жүйрікті тер буып, бабы бұзылады. Бұны атбегілер тілінде «жел буып қалды» деп атайды. Осыдан арылтудың жолы: жел буған жылқыны күн қатты ысыған сәске түсте арнайы шатыр құрып, соның ішіне кіргізіп булайды. Көп жағдайда булауға тұрған жылқыны киізге орап ұстаған дұрыс. Жылқының тері толық шыққан кезде үстіндегі киізді сыпырып тастап, терін сыздықтатып қырады. Тер алған соң тыныш, таза, жайлы орынға байлап, ұйқысын қандырып, демалдыруға ерекше көңіл бөлу керек. Әбден жараған ат өзіңе еркелейді. Кей кезде құтырынып, жер тарпып, ойнақшиды. Бабы келіскен сәйгүлік қашықтыққа бағынбайды. Оның ішінде қазақы жылқыдан шыққан жүйріктер жүз шақырымға дейін көсіліп шабады.
Арғымақтар он бесінші айналымға жеткен кезде топталып кетті. Алғашқы топты ағылшын аты бастап келеді. Делебесі қозған жұрт қиқуға басты. Алда – алты айналым.
– Бәйге жолында жүйріктің күшін үнемдеп, тілдесе білу шарт. Ағылшын атынан сәл ғана қалып келе жатқан торы қасқаның шабандозы тәжірибелі екен. Құстай ұшып бара жатқан жүйрігінің шабысын қалт етпей қадағалап келеді. Бұл тек тәжірибемен ғана қалыптасатын машық. Кейбір балалар ат үстінде еркін отыра алмайды, қорқады. Аттың шабысына шыдамайды. Ал енді бір шабандоздар астындағы аттың шаршағанына, шалдыққанына қарамай, далақтап шаба береді. Ақыр соңында бәйгеге қосқан атты түкке жаратпай тастайды. Сондықтан көп нәрсе бәйге атына мінген балаға байланысты. Атпен бірге шабандозды да дайындаған ләзім.
– Олжабай аға, бәйге атын жаратқанда оның жем-шөбін де талғап береді емес пе?
– Атты дұрыс қоректендіру аса маңызды шаруа. Меніңше былай, бәйге жылқысына екі мезгіл сұлы берген дұрыс. Сұлы – жылқыға таптырмайтын тамақ. Оның құрамында крахмал көп. Сүйектің жетілуіне жақсы көмектеседі. Сұлы сабанының малазықтық құндылығы басқа дәнді дақылдардікінен әлдеқайда жоғары. Жылқы қоректеніп шапқанда өзегі талмайды және үш-төрт түйір болса да іште қалған құмалақты түсіреді. Жемнің қысқы мен жазғы мөлшері бірдей емес. Қақаған қыста бес келі жем берсең, қара қарғаның миы қайнайтын ыстықта үш келідей молынан жетіп жатыр. Одан асып кетсе, ат ауырлайды. Қазір жасыратыны жоқ, бәйге атын бидаймен жемдеп қосатындар да бар. Бұл жүйрікті құрту. Бидаймен жемдеген соң аяғына жем түсіп, түкке жарамай қалады. Жем-шөпті шектен тыс берсең, жүйрік езеуреп, жүрегі қарайып, әлсіз тартады.
– Ат жаратуды тек арықтату немесе терін алу деп ұғатындар бар. Осыны нақтылап беріңізші.
– Жаратуды шынықтыру деп түсіну қажет. Қазақ жылқысы басқа тұқымдармен араласпай таза өскен жергілікті тұқым. Ол ақалтеке сияқты сұлу емес. Тиісінше біркелкі болып келетін араб жылқыларынан да өзгеше. Сондықтан қазақ жылқыларын біркелкі тәсілмен жарату тиімсіз. Менің білетінім мынау: бәйгеге қосардағы соңғы түні жылқыны ұйықтатпау қажет. Шама келсе, екі үйдің арасына арқан керіп, шығыршықтатып, ерсілі-қарсылы жүргізе берген дұрыс. Мұны керме деп атайтынбыз. Сонда аттың ашуы бойында болады. Тағы бір ескеретіні, атты ашықтыру – оған барынша зиян келтіру. «Шабар аттың тоғы игі» деген сөз бекер айтылмаған. Аш аттың қартасы түйіліп, өліп кетуі де мүмкін. Тоқ ат өлмейді. Сортаң жерге жаймаған жөн. Себебі, ат шөлдеп, артық су ішіп, бүкіл ішкі бабы бұзылады. Таң асыру міндетті. Сол сияқты түнгі өріс те пайдалы. Жайылу уақытының ұзақтығы 5-6 сағат шамасында болуы керек. Ыстыққа қалдырмай, көлеңкеге байланады. Ертесіне қаражарысқа салып, терлетіп, тағы да таң асырып, баптауды жалғастыра бересің.
IMG_3012
– «Асауды ауыздығынан сүйей тарту керек» дейді атбегілер. Осы сөздің мағынасы қалай?
– Шабандоз бала үнемі бапкерімен бірге жүру керек. Бәйге атының мінез-құлқын білмей, бой үйретпей, шабамын деу бос әурешілік. Жарыс басталарда жүйріктің тұрысына мән берген жөн. Кейбір аттар шыға тартып, бірден алға ұмтылады, алдына қара салғысы келмейді. Нағыз жан алысып, жан беріскен аламан шабыстың шағы туғанын жұлын-жүйесімен сезген арғымақ тізгін сүзе, ауыздығын қарш-қарш шайнап жібереді. Мұндайда аттың басын ауыздыққа сүйей тарту қажет. Енді кей жүйрік терге малшынғаннан кейін, аршындап, көсіле шабады. Ондайда атты шаңнан аулақ ұстаған абзал, баланың қамшысына орамал байлап, айналым салып, көзін сүртіп отыру қажет. Тәжірибелі шабандоздар төрт-бес атты алға салып, қамшыбасар сәтті күтіп отырады. Негізі жылқыны жылқы арасына салып, егестірмеу керек.
…Әлгінде ғана желмен жарыса шыққан ағылшын атының қарқыны бәсеңдегені білінеді. Олжекең бәс тіккен торы қасқа да екпінмен «ағылшынға» төніп кеп қалды. Олжекең «айттым ғой» дегендей кейіп танытады.
Жүйріктер  жиырмасыншы айналымға шықты.
– Бұл торы қасқа өзі жүйрік, оның үстіне әлді. Иелері кейде көкпарға да салып жіберетін. Негізі, атқа бұлай есерлік жасау дұрыс емес. Бара-бара буындары босап, аяқтарынан әл кете бастайды. Алда талай аламан бар. Күші сарқылған ат серпіле шаба алмайды ғой.
– Бүгінде қалталы кісілер ағылшын аттарына қызығып, қымбаттығына қарамай сатып алып жатыр. Осының салдарынан бәйгенің қашықтығы қысқарып кеткен жоқ па? Сөз жоқ, аузымен құс тістеген ағылшын арғымақтары жақын қашықтықта ұшқырлық көрсеткенімен, алысқа шыдамдылық таныту жағынан қазақы жылқыдан шыққан жүйріктерден әлдеқайда әлсіз келетін сияқты.
– Мұныңа қосыламын. Ал бүгінде аламан бәйге – 18-20, тоқ бәйге 10-12 шақырымнан аспайды. Ұзақ шабысты сүйетін қазақы жылқылардың бағы байланып жүр деуге болады. Аламан 28-30 шақырымнан кем болмауы керек. Тым құрығанда өзіміздің Қостанай өңірінің бәйге аттарына шектеу қоймаса дейсің. Өзіміздің бәйгеге сырттан ат әкелгенді доғарған дұрыс. Шындап келгенде, ағылшын жылқылары жиырма шақырымнан соң болдырып қалады. Нағыз қазақы аламанның сиқын кетіретін солар. Бұрын бәйгеде төреші болатын. Қазір аламанға қатысатын жүйріктерді сынайтын, көре білетін адамдар азайды. Мәселен, Амантоғайда Еркеш Ысмағұлов деген ағаң тұрады. Ат бәйгесінің төрінде сондай білікті кісілердің жүргені қандай жарасымды.  Өзімізде ат баптап, бәйге қосатын атбегілер аз емес. Соларға демеу көрсетілсе, өңірдегі ат спортының қайта жаңғырары анық.
– Топ бәйге ме, тоқ бәйге ме? Дұрысы қайсы?
– «Топ» пен «тоқты» шатастырып жүрсіңдер. Дұрысы – тоқ бәйге. Ол бәйге аттарын дұрыс таңдау, сұрыптау, жарысқа іріктеу заңдылықтарынан туындаған. Тоқ бәйгеге жаратпай, бір таң асырып қосатын болған. Бабы келмеген ат дұрыс шаппайды. Міне, осыны жете білген ежелгі атбегілер аламанның алдында міндетті түрде тоқ бәйгені өткізіп, тұлпарларын сынаған. Тоқ бәйгеге құнан да, дөнен де, болашақ бір тоғы бар аламаншы аттар да қатысып сыннан өткен. Қырағы көзді аталарымыз тоқ бәйгеден аламаншы болатын жүйрік бәйге аттарының артық-кемін жазбай танып, байқап, тиісті қорытынды жасап отырған.
Ақ көбікке оранған ағылшын атында манағыдай екпін жоқ. Соңғы айналымға келгенде торы қасқа топтан қара үзіп шықты.  Болжамы ақиқатқа айнала бастағанын сезген Олжекең басын бір шайқап, қулана жымиды да, манағы өзі бәстескен топқа қарай жылжыды.
 
Ой-отауда әңгімелескен Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев

You may also like...

1 Response

  1. Мұрат Сері айтты:

    Олжеке атай мыкты сыншы.Аттен багаланбай жур. Коптеген ангимелери де бар. Коршим гой. Адеми сукпат берипти. 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓