«Сөз құдіреті»
Міне, осындай атпен облыстық тілдерді оқыту орталығында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты поэзия кеші өтті. Кештің құрметті қонағы облысымызға одан қала берді елімізге танымал ақын Ақылбек Қожаұлы болды. Кездесу барысына облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Жанболат Үмбетов болып, өзінің жылы лебізін білдіріп, тілегін айтты.
-Ақынмен кездесу кеші тағылымды, мәнді де мазмұнды әңгіме-диалог аясында өтті. Осы кездесу кешіне келген оқырмандарымызға ақынның шығармашылығы туралы шағын мәліметтер берілді. Ақын Ақылбек ағамыз өзінің өмір жолын, поэзияға қалай келгені, қандай кітаптары баспадан шығып, оқырмандарға жол тартқаны жайлы, студенттік қызықты мол жылдары, отбасы құрған жылдарда балаларын қыстың күні шанамен тасығаны туралы қызықты қылып, әңгімелеп берді. Ақылбек ағамыздың осындай қарапайым детальдан тұратын әңгімелері кездесуге келген қатысушылармен еркін әңгімелесуге шақырды. Облыстық тілдерді оқыту орталығының мамандары мен тыңдаушылары қадірлі қонақтың өлеңдерін оқып, көкейде жүрген өлеңдерін қалай жазады, пьеса жазуға қанша уақыт кетеді, тақырыптарды қайдан іздейді деген секілді сұрақтарын қойды,-деді орталықтың оқытушысы НазеркеТұрғынғожина.
Кездесуде ақын жастарға деген өз тілегін айтып, ақыл-кеңесін берді. Сол секілді Ақылбек Қожаұлы қазақ және орыс тілдерінде жазған шығармаларынан үзінді оқыды. Кездесу соңында тілдерді оқыту орталығының директоры Гүлнар Маратқызы қадірлі қонаққа алғысын білдіріп, гүл шоғын табыстап, сый-сияпат жасады.
Гүлназым САҒИТОВА
Суретті түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ