“Қолдау” неге жаңылды?

Облыстық кәсіпкерлер палатасы субсидия алудың машақаты туралы мәселелерді ұдайы көтереді. Олардың кейбірін палата сарапшылары Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департаменті ұйымдастырған «Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары саласындағы мемлекеттік қызметтер: тәжірибе, перспективалар, жетістіктер» атты дөңгелек үстел барысында айтты. Басқосуға облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өкілдері, палата сарапшылары мен кәсіпкерлер, ауыл шаруашылығы министрлігінің мамандары шақырылды.
– Осы жылдың 1 ақпанынан бастап «Қолдау» жүйесі арқылы инвестициялық субсидиялар алуға өтінім берген кезде бұрын қарастырылмаған қүжаттарды ұсыну талап етілді, – деді облыстық кәсіпкерлер палатасы АӨК бөлімінің бастығы Саят Жүсіпбеков. – Өтінім беру барысында фермерлерге сатып алынған техника мен жабдықтың шығу тегі туралы сертификаттар мен паспорттарын бекіту керектігі айтылады. Ал енгізілген өзгеріс туралы ешкім ескертпеген. Сондықтан шаруаларға құжаттарды жинауға қосымша уақыт қажет болды. Мұнымен іс біткен жоқ. Әлгі құжаттардың көшірмелерін түрлі -түсті нұсқада тіркеуі тиіс. Осылайша, кәсіпкерлерге өтінімдерін қайта беруге тура келді.
Субсидиялауға өтінім берген кезде фермерлер тап болған тағы бір проблема – өтінімді пысықтауға жіберу функциясының болмауы. Жүйеден ақаулар шыққандықтан, оны қайтадан беру керек. Бұған біраз уақыт кетеді әрі дотация алу мүмкіндігі шектеледі. Палата сарапшылары атап өткендей, қазір 9 миллиард теңге көлемінде инвестициялық субсидия алуға өтінім берілген. Бірақ, төленетін субсидия 5 млрд теңгеден аспайды. Бір жақсысы, күту парақшасы болғандықтан, қайтадан өтініш берудің қажеті жоқ. Тек шаруалар мемлекеттік қолдауды қашан ала аламыз деп алаңдап отыр.
 
Әлібек Ыбырай

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓